Биыл Астана қаласында 1, 7, 9 мамыр мерекелеріне орай 70-тен аса іс-шара өткізілмек. Шараның бастамасы қоғамның білім алып, дамуына маңызды үлес қосқан ұстаздардың еңбегін құрметтеп, мойындаудың символына айналған «Ұстаздар аллеясында» өткізілді. Іс-шара төрт алаңға бөлінді.
«Бірінші алаңға «Өнерлі қол – бақытқа жол» көрмесі. Қосымша білім беру ұйымдары №1, 2 өнер мектебінің қол туындылары қойылды. Көрме қонақтары балалардың жұмыстарын тамашалап, №2 Өнер мектебінің ұстаздарының жетекшілігімен қыш құмыра жасады. Бұл жас ұрпақты шығармашылыққа баулып, қолөнер бұйымдарына деген қызығушылығын арттырады», – дейді Астана қаласының әкімдігіне қарасты әдістемелік орталықтың тәрбие және қосымша білім беру бөлімінің әдіскері Эльвира Айдарқызы.
Келесі алаңда мектеп жасындағы балалардың ұсақ моторикасын дамытуға арналған түрлі ойындар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, педагогтер оқушылардың ата-аналарына үй жағдайында олардың моторикасын қалай дамытуға болатындығын көрсетті.
Білім басқармасы тарапынан биыл бірінші рет ұйымдастырылып отырған шарада техникалық шығармашылық орталықтың ағаштан, сүйектен, қамыстан жасалған туындыларын да кездестірдік.
80 жұмыстың авторы Әбдіжаппаров Қуаныш: «Келешек ұрпақтың өсіп-өнуіне, рухани жаңғыруына, ұлттық қолөнердің дамуына үлесімізді қосуға келдік. Көрмеге ағаштан, сүйектен жасалған жұмыстармен қатар, өзімнің жеке 80 туындым қойылды. Ұлттық аспаптарымыз – домбыра, қобызды арнайы тапсырыспен жасап жүрміз. Астана қаласы бойынша шәкірттер тәрбиелеп, ұстаздық жолына баулудамыз. Ең кішкентай оқушы небәрі 6 сыныпта білім алуда», – деді. Қазақтың қолөнерін дамыту мақсатында шетелге де шығып жүргендіктерін, 2009 жылы «Балаларды оңалту орталығымен» бірге бірнеше жұмыстарды Америка, Түркия елдеріне жібергендігін айтты. Сонымен қатар ол, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Көдеков Қанағаттың жетекшілігімен Қазақстан еңбек мұғалімдерінің «Бабалар аманаты» тобы құрылып, сол кісінің бастамасымен 4-5 кітаптың жарыққа шыққандығын жеткізді.
«Оқуға құштар мектеп» аясында бірқатар оқулықтар ұсынылды. «Құндылыққа бағдарланған» жобасы аясында «Бірлігіміз жарасқан» Qtalks дәріс алаңында педагогтердің бастамасымен мотивациялық талқылау өтті. Балалардың бойына ұлттық құндылықтарды дәріптеудің жолдары мен патриоттық сезімді арттырудың жолдары туралы білім беру саласының мамандары сөйледі.