Жоғарыда айтып кеткеніміздей, биылғы ауа-райының «адуынды мінезі» Есбол Әкетаев басқаратын «Жылыбұлақ-Меркі» ЖШС-нің алқаптарын да айналып өтпеді.
Ауданымызда тарихы тереңнен басталатын іргелі шаруашылық ерте көктемнен «ерте тұрып», барлығы 297 гектар алқабына қант қызылшасын орналастырып, еселі еңбектерімен ел қамбасын толтырмақ үмітте болғаны рас. Алайда «үйдегі ойды базардағы нарық бұздының» кері болар, күннің ыстығы мен жаңбырдың тамбауы, сонымен қатар ағын судың «әлегі» әлгі айтылған 297 гектардың көп бөлігін тақырға айналдырып, жылыбұлақтық шаруалар биылша 130 гектарды ғана «аялауға» мәжбүр болды...
Жақында, дәлірек айтсақ, 20 қазан күні осы шаруашылықтың Қанат Бүркітбаев жетекшілік ететін №2 бригадасының қызылша алқабында болдық.
Бригадаға тиесілі осындағы 50 гектар қант қызылшасының соңғы 3 күнде 18 гектары жиналып, Меркі қант зауытының қабылдау пунктіне өткізіліп үлгеріпті. Бригада есепшісі, 50 жылдан астам еңбек өтілі бар Аманбай Әбдіраймовтың айтуынша, қуаңшылықтың кесірі тигенімен, өзге дақылдаға қарағанда рентабельділігі жоғары саналатын қызылшаның пайдасы зор. Осы аз да болса шыққан өнімді шашпай-төкпей жинау науқанына өз істерінің білгірлері – Базарбай Нәметқұлов пен Серік Шораманов секілді майталман комбайншылар, Жасұлан Орақбаев (жоғарғы суретте), Мадияр Бердібаев және Орынбек Атикаев сынды жүк көлігін тізгіндеген жүргізушілер тартылған екен.
Ал Надежда Кубаева мен Жұмакүл Қуатбекова басқаратын звенолар құрамындағы Тұрғынбай Нүсіпов, Гүлнара Өмірбекова, Гүлмайра Мұстафаева, Марина Дәулетова, Жәмила Байқұлова, Қалдыгүл Әуезбекова, Айнагүл Етекбаева, Күлпан Әбдікәрімова, Әзира Тұңғышбаева, Марал Қалмаханбетова, Тойдық Әбдіраимова және Роза Ахметовалар (төменгі суретте) бұл күндері қызылша алқабында, жалпы, шаруашылықта тыңғылықты тірліктерімен танылып жүрген нағыз еңбек адамдары қатарында.