Елордамызда «Бақытты отбасы» орталығы ашылды. Әйелдерге арналған ақпараттық кеңес-білім беру орталығының ашылуына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов идея ұсынған екен. Ондағы басты мақсат- көп балалы аналарға, жұмыссыз жүрген және мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналарға, жалғыз басты аналарға түрлі қолдау көрсету арқылы кәсіптенулеріне жағдай жасау. Бүгінгі тұсау кесу салтына Ералы Ұлықпанұлы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері, қала әкімінің орынбасары және «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы қатарлы тұлғалар келіп қатысып, орталықтың жұмысына сәттілік тіледі.
-«Маңғыстау облысында әкім болып тұрғанымда әйелдерді кәсіпкерлікке, мамандыққа баулуды қолға алып, іске кірістік. Көп балалы аналар, жұмыссыз отырған аналармен жеке-жеке кездесіп, қандай жұмысқа икемі бар екендігін сұрап білдік. Сосын әрқайсысының бейімділігіне қарай және шағын бизнес жобаларын негізге ала отырып әкімшіліктен қолдау көрсеттік. Бұлар қысқа уақыт ішінде жүзеге асырылды. Біреулеріне тамақ пісіруге арналған жабдықтар әпердік. Біреулеріне тігін машинасы, тағы бір келіншектерге өздерінің жоспарлары бойынша шағын бизнес ашуына қажетті дүниелерін әпердік. Біздің талабымыз оларды қолай отырып тез арада өздері дайындаған, өндірген өнімдерін нарыққа шығару, біртіндеп айналасындағы адамдарға үлгі болуын жебеу еді. Кейбіреулері жұмыстары жолға түскесін жандарына көмекшілер ала бастады. Өзгелерге үйрете бастады. Міне осылайша бір игі істі қолға алып, тәжірибе жинақтап едік. Кейін бұл жұмысты Республикалық деңгейде жалпыластырыу үшін арнайы «Ұлттық жоба» ретінде бағдарламалар дайындадық. Қазір соның куәсі болып отырсыздар. Бұл жұмыс жалғасын табуы тиіс, әрі еліміздің түкпір-түкпірінде осындай орталықтар ашылып, адамдардың қатары моля береді деп күтіп отырмыз»,- дейді Ералы Ұлықпанұлы әңгіме расында.
Қазір бұл орталықта шапан, кесте тігу, алаша тоқу, құрақ құрау, балаларға арналған ойыншық тігіп үйрену мен клининг, массаж бойынша тегін дәріс сабақтары жүргізіліп жатыр. Орталыққа келіп өнер үйреніп жатқан әйелдер үйренгендері бойынша өз кәсіптерін ашады, немесе өздері дайындаған өнімдерін «Бақытты отбасы» орталығы ұйымдастырған көрмелер арқылы сатуға қояды. Қазірдің өзінде талай адам осы орталық арқылы нәпақаларын таба бастаған екен.
Сөз кезегінде «Baqytty otbasy» орталығының басшысы Ырза Тұрсынзадақызы былай деді.
-«Қазір бұл жобаны республикалық деңгейде ғылыми методикалық орталық ретінде, Ералы Лұқпанұлы мемлекеттік жоспарға кіргізді. Мұндай орталықтар бүкіл Қазақстанда кішкентай ауылдарға дейін болады. Жаңа көрдіңіз елордаға сонау алыстан келгендер сондай ниетін айтып жатыр»,- дейді жақсы іске мұрындық болып жүрген еңбекқор ханым.
Біз алдағы уақытта бұл орталықтың жүмысы туралы репортаждар дайындап, оқырмандарымызға толыққанды ақпараттар ұсынатын боламыз. Ондағы мақсатымыз да біреу. Өз кәсібін ашқысы келетін немесе мамандық ала алмаған әйелдерге ақпараттық тұрғыдан боса да қолдау көрсету болмақ.