Бақытын өздері жасаған екеу

Бақытын өздері жасаған екеу

Асылы, адам дүниеге келгенде пәк көңілді болып келетіні анық. Мұны өз уақытында жарықтық Абай да мойындаған. Өсе келе ненің жақсы, ненің жаман екенін білген адам, айналасына бажайлап қарап, өз орнын, ортасын тауып, өмір ағысымен «қайықтай» жылжып, судың баяу не қатты екпіні секілді көп тұрмыс өткелінен өтіп, өзіндік мінез-құлқы, қадір-қасиеті қалыптасатыны кәміл. Мұны кейде өмір тәжірибесінің толысқан шағы десе керек. Осындай өмір ағысынан өткен, бүгіндері қадір-қасиетімен беделі артқан, отбасындағы аяулы ана, адал жар, асыл әже болып отырған Сұрабалды  Қожақанқызының азды-көпті өмір өткелдерін толғап өтсем деген ой туындағанын несіне жасырайын.  Оның басты себебі – Сұрабалды екеуміз мектеп табалдырығын бірге аттап, бірге оқыдық. 8-класты бітіргеннен кейін Панфилов педагогикалық училищесіне оқуға бірге түсіп, аталған оқу орнын аяқтап, Үшарал орта мектебінде бастауыш мектеп мұғалімі болып қызмет атқардық. Кейіннен мен арман қала Алматыға білім қуып кетіп, Қазақ Мемлекеттік Университетінде оқыдым. Алыста жүрсек те хабарласып, бір-бірімізден қол үзген жоқпыз. Достығымызға биыл – 62 жыл. Менің айтайын дегенім – Сұрабалдының өмір жолы. Әкесі  Қожақан қарапайым еңбек адамы болған. Анасы Қаныша апамыз – 10 құрсақты өмірге әкелген алтын құрсақты ана. Өкінішке орай, сол он ұлдың біреуі де тірі қалмаған. 

Дәрігерлер рұқсат етпесе де, Қаныша анамыз тәуекелге бел буып, он бірінші құрсағын дүниеге әкелген. Ол – Сұрабалды. Перзентханадан көршілері (шешен ұлтының өкілі,есімі ұмытылып қалған) үйіне әкеліп, терезеден шығарып, ырым жасап сатып алуларын сұраған. Содан Қожақан ата бір арқан отын, Қаныша апа бір пұт күріш апарып беріп, нәрестелерін қолдарына алған. Ежелден-ақ бойына сенім-нанымды қалыптастырған халқымыздың ырымшыл қасиеті бар ғой. Әсіресе нәресте шыр етіп өмірге келген сәттен азан шақырып ат қойып, шілдехана жасап, қуанышын өзгелермен бөліседі. Сол сәтте балаға есім беру жалғасып кетеді. Жақын туыс Қалаш деген ағаның анасы: «Бұл нәрестенің атын «Зарлан» қояйық. Ата-анасы зарлап жүріп көрген баласы», – депті. Колхоз басшысы болған, Қожақан атамыздың інісі Аусадық деген кісі: «Сұрабалды» деп қойыпты. 

Сұрабалды 1968 жылы Панфилов педагогикалық училищесіне оқуға түседі. 1972 жылы «Бастауыш мектеп мұғалімі» мамандығы беріліп, үлкен өмірге жолдама алады. 

Білікті ұстаз, мақтаулы маман. Ақыл-парасаты мен білімі сай келген ардақты жанның шәкірттеріне берген тәлім-тәрбиесі мен мейірім-шапағаты ұшан-теңіз. Сұрабалды Қожақанқызы – ұстаз деген ұлы ұғымды ұлық тұтып, сол биіктен көрінген жан. 

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.): «Ұстазыңды құрметте, ол сенің көкірек көзіңді ашқан», – деген хадисі бар. Ұстаздық – киелі мамандық. Әлемді таңдандырған ғалым да, от тілді, орақ ауызды ақын да, ел бастаған көсем де, сөз бастаған шешен де ұстаз алдын көріп өскен зиялы жандар. Сондықтан да болар, «Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмайтын талап сыйлайды», – дейді халық даналығы. Ал ғұлама Мұхтар Әуезов: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім. Ал сол білімнің негізін беретін – мұғалім», – деп толғанады.

Көзі ашық әйелдің бойында имандылық, қарапайымдылық, мейірімділік болады. Сұрабалды Қожақанқызының көпті көрген ұлағатты жан екенін әріптестерінің бәрі де біледі. Ұзақ жылдар бойы қасықтап жинаған атақ-абыройын бір сәтке де кішірейтіп алмай, сый-құрметін жоғалтпай, қадір-қасиетімен осы күнге жетіп отыр. Мұның өзі де ұрпақтарына, ұл-қыздарына көрсетіп отырған үлгі-өнегесі. Жүрегінде мейірімділік пен ізгілік, санасында жақсы мен жаманды ажырататын ақылдылық пен білімділік тұнған осы бір жан жайлы айта беруге болады.

Ұстаздың бүкіл еңбек жолы халқының, жас ұрпақтың болашағына арналған. Олар бауырындағы баласынан гөрі алдындағы шәкірттерінің жан дүниесіне артығырақ көңіл бөледі. «Ана сүтін тән үшін табиғат әзірлейді, рух сүтін жан үшін ұстаздар әзірлейді». Мұндағы рух сүті дегеніміз – иман, ақыл, білім. Иманды, ақылды, білімді адам тәнін де, жанын да таза ұстайды. Өз бойындағы осындай ізгі қасиеттерді оқытып отырған қыздар мен жас жеткіншектердің бойына дарытуға барынша күш салады. Оның ұстаздық ұлағатынан үлгі, тәрбие, дәріс алып, түлеп ұшқан түлектер өмірдің ұлы көшінен қалмай, республиканың әр түкпірінде еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда. 

Болмысы байтақ даланың кеңдігі мен жазиралы жаздың шуағынан нәр алғандай оның көңілі дархан, пейілі кең. Қиналса да қабақ шытып көрмеген, өзінен бұрын отбасының жайын ойлайтын, барын ешкімнен аямайтын, жүрегі таза жан. Бейнеттің зейнетін көретін шақ туды. Өзің тәрбиелеп өсірген шәкірттерінің әрдайым жанында болып, ақжарылқап күндерің таусылмасын деген ниеттемін. 

1972 жылы тамыз айында Сұрабалды Әбдірақым Мейірбеков деген азаматпен отбасын құрды. Әбекең де қара жаяу емес, Үшарал колхозында бас маман – агроном болып, зейнеткерлікке шыққанға дейін еңбектен қол үзбей қызмет жасады. Ауылдың көркеюіне көп үлес қосқан жан.

Мейірбековтер әулетінің босағасы – тек ұлттық үлгіден арқау алған, абыройлы да жақсы қасиеттерді бойларына жинақтаған, туған жерінің мақтан тұтатын азаматтарының шаңырақтары Күн шұғыласының алтын сәулелерінен шуақ алған, алтындай-алтындай ұл-қыздары адалдықтың туын жоғары ұстаған отбасы. 

Ер – шаңырақтың иесі, әйел – киесі. Сұрабалды Қожақанқызы ел қадірлеген азаматтың жары. Өмірдің ыстығы мен суығын қол ұстасып, бірге көріп келе жатқан жұбайлардың әні де, сәні де жарасымды. Баланың қандай адам болып қалыптасуы отбасындағы ата-анаға байланысты. Әрбір ана үшін тіршіліктегі баға жетпес байлық та, ең қымбат сыйлық та – шаңырақ шаттығы. Пейіштің үні, періштенің демі сезілер әлдиімен немере тәрбиелеп отырған әз әже.  

Бүгінде бес бала, он жеті немере сүйіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты отбасы. Балалары, келіндері, күйеубалалары жоғары білімді, өз мамандықтарының иесі. 

Бақыт үнемі батыл адамдар жағында болса, Әбекеңнің көпшіл болуы мен үлкен-кішіге біркелкі қарап, бағалай алуы да оның жақсы жан екенін білдіреді. Ешқандай жақсылық зая кетпейді деген осы, мен сендердің бойларыңдағы жақсылықтарыңды теріп, жүрегімдегі жақсы лебізімді білдіріп, осы жылы келген «Алтын тойларыңмен» құттықтап, игі тілегімді осылай жеткізіп жатырмын. Сендерге өмірдегі барлық жақсылықты, мықты денсаулықты, тілеймін. «Гауһар тойға» аман-есен жетуге Аллам нәсіп етсін! 

 

Зәуре Хамитқызы, «ҚР Білім беру ісінің құрметті қайраткері», ардагер ұстаз
04.08.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 29
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 53
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 19
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 25
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 31
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 27
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 55
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 53
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 258
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 255
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 877

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8952
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8346
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11572
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9330
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10556