Баспасөзді қолдау – ұлттық идеологияны қорғау

Баспасөзді қолдау – ұлттық идеологияны қорғау

Өткен аптада Алматыда «Мерзімді басылымдар – халық сауаттылығының қайнар көзі» атты форум болып өтті. 

Бүгінгі күні жаһанданған, дамыған заманда адамзат ақпарат ағынының қарқыны мықты, ауқымы кең кезеңде өмір сүріп жатыр. Әрбір жаңа оқиға, орын алған құбылыс,  аяқталған нәтижелі іс болсын, барлық пікір, әрбір әрекет – қоғам назарында. Ал оны қоғамға уақытылы, дәл әрі мәдениетті жеткізу, әлбетте, журналистің қызметі. Мерзімді басылым заман талабына, өмір ағымына сай түрленуі керек. Салалық журналистиканы дамыту, халықтың оқу мәдениетін қалыптастыру да аса маңызды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген әйгілі сөзі ғасырдан аса уақыт бойы қазақ баспасөзінің дамуына демеу болып, ұранына айналды. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева   фейсбуктегі парақшасында  «Әлемде болып жатқан жаңа трендтерге қарамастан, мерзімді басылымдардың жөні бөлек, маңызы ерекше. Сол себепті, ұлттық медианы дамыту, бәсекеге қабілетті бұқаралық ақпарат құралдарын қалыптастыру, журналистердің мәртебесін арттыру – негізгі мақсаттарымыздың бірі. Алдағы уақытта осы бағытта бәріміз бірлесе жұмыс істей береміз деп ойлаймын...» – деп,  Ұлттық баспасөз күнімен құттықтаған болатын. 

 

Халық сауаттылығының қайнар көзі 

 

Өткен аптада Алматы қаласындағы «Достық үйінде» ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен «Мерзімді басылымдар – халық сауаттылығының қайнар көзі» тақырыбында өңірлік мерзімді баспасөз басылымдарының ІІ республикалық форумы өтті. Екі күндік форумға еліміздің аймақтарынан ақпарат саласын дамытуға үлес қосып жүрген 100-ге жуық медиа мамандар қатысты. Форумға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қазбек Иса мен Ермұрат Бәпи, ҚР Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары Ержан Байтілес, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Мейрлан Раханов, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директорының орынбасары Қамбар Ахмет Алматы қаласының ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Есенбеков қатысты.

Форумның бірінші отырысында сараптамалық материал жазудың стилі, қате қолданыстағы сөздер мен тіркестер, журналистік зерттеу тәсілдері, мерзімді басылымдардың беттелуі мен дизайны, суретке түсіру өнері талқыланды. Форумның екінші панельдік отырысы «Баспа басылымдарын танымал ету және тарату: аймақтық аспект» тақырыбына арналды. Жиынға «Халық үні» медиа-холдингінің директоры Ринат Кертаев модераторлық етті. Үшінші панельдік отырысында сарапшылар «Салалық журналистика» мәселелерін ортаға салды.

Форумның төртінші панельдік отырысы «Баспа басылымдарын жетілдіру: жаңа тәсілдер» тақырыбына арналды. Ұлттық дәстүрлі басылымдарды дамытудағы цифрлық технологиялардың рөлі, әлеуметтік платформаларды оқырман тарту мақсатында пайдалану, жасанды интеллект арқылы медиа жұмысын жеңілдету мәселелерін талқылаған жиынды ҚР Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары Ержан Байтілес жүргізді. Ашық пікірталаста мерзімді басылымдардың тыныс-тіршілігі туралы ойлар сарапқа салынды.

 

 

 

 

Нұртөре Жүсіп, Сенат депутаты: 

«Дәстүрлі баспасөздің дамуы ақпараттық технологиялардың дамуы кезеңінде өте маңызды болып отыр. Әсіресе жергілікті жерлердегі журналистердің әмбебаптығы деген мәселе қазір алға шықты». 

 

Қазыбек Иса, Парламент Мәжілісінің депутаты: 

«Баспасөзді қолдау арқылы ұлттық мүдде мен идеологияны ілгерілетуге жұмыс жасауымыз керек». 

 

Мейірлан Раханов, Ақпарат комитетінің төрағасы: 

«БАҚ – қоғам мен билік арасындағы алтын көпір, құлағы көзі. Сондықтан мемлекет ақпарат құралдарының еркін әрі сапалы жұмыс істеуі үшін әрқашан қолдауын көрсетеді. Өңірдегі халықтың көңіл күйі тілшілер жеткізетін ақпараттың сапасы мен сынына байланысты екені белгілі». 

 

Ермұрат Бапи, Парламент Мәжілісінің депутаты: 

«Бүгінде халықтың оқу мәдениетін қалыптастыру мәселесін ойластыруымыз керек. Ал, ертеңгі өркениеттің көшіне ілесу үшін дәстүрлі баспасөзімізді жетілдіру маңызды».

 

 Қамбар Ахметов, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары: 

«Бірден-бір жолы – ол контенттің сапасын көтеру. Енді ақпараттың жылдамдығымен әлеуметтік желіні басып оза алмайтыны белгілі. Сондықтан да сараптамалық, зерттеу бағытына ауысу керек дегенді осы бірнеше жылдан бері айтып, талқылап келе жатыр. Журналистік ұстаханада шыңдалған Парламент депутаттары: «болашақты да бағамдау керек», – деді. 

 

Газет пен журналдардың оқырманын көбейту үшін әуелі балалар басылымын дамыту қажет. Кішкентайынан газет оқу мәдениетіне үйренсе, болашақта оқырман ұрпақ қалыптасады деген пікірде.  

 

Шынар  Кендін,   Маңғыстау облысы «Қарақия» аудандық газетінің бас редакторы: 

«Жергілікті жердегі газеттерді ұстау үшін, мамандарды шақыру үшін жаңағы әлеуметтік мәселесін, үй мәселесін қараса. Айлығын көтерсе және жалпы журналистің мәртебесін көтеру жағы қолға алынса деген ұсынысым бар. Елімізде 2 мыңнан аса мерзімді газет-журнал бар. Депутаттар: «мерзімді баспасөзге бизнес көзі деп емес, ақпараттық саясат, ұлттық идеологияны жүргізудің құралы ретінде қарау қажет», – дейді. Сондықтан өңірлік және балалар басылымына мемлекеттік қолдау керек. 

Форумның төртінші панельдік отырысы «Баспа басылымдарын жетілдіру: жаңа тәсілдер» тақырыбына арналды. Ұлттық дәстүрлі басылымдарды дамытудағы цифрлық технологиялардың рөлі, әлеуметтік платформаларды оқырман тарту мақсатында пайдалану, жасанды интеллект арқылы медиа жұмысын жеңілдету мәселелерін талқылаған жиынды ҚР Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары Ержан Байтілес жүргізді. Ашық пікірталаста мерзімді басылымдардың тыныс-тіршілігі туралы ойлар сарапқа салынды. «Басылымдардың балалар контентін қалыптастырудың идеологиялық шарттары мен тетіктері» аталған форумның 5-панельдік отырысына «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директорының орынбасары – Алматы қаласы басылымдарының басшысы Думан Анаш модератор болды. Жиында балалар басылымдарының идеологиясы қандай болуы керек деген мәселе көтерілді.  «Қазақстанда 30-ға жетер-жетпес балалар басылымы бар. Өңірлік мерзімді басылымдар форумына қатысушы әріптестер балалар контентін дамытуға арналған жақсы идеяларымен бөліседі деп сенеміз», – деді.

Сессияда алғашқы болып сөз алған педагогика ғылымдарының кандидаты, SDU  оқытушысы Бақытгүл Салықова «Балалар басылымдарының дамуы және олардың балалар мен жасөспірімдердің  медиа құзыреттіліктеріне әсері» деген тақырыпта баяндама жасады. «Бала кезінен оқып үйренген адам кейін де есейгенде оқу дағдысын дамыта береді. Әртүрлі ақпаратты саралап, манипуляцияға қарсы тұра алатын медиа мәдениеті қалыптасып шығады. Елімізде 4 миллионнан астам оқушы бар. Бірақ балалар басылымдарының таралымы неге 3-4 мыңнан аспайды? Балалар мектепте білім алып, ойын ашық айта алады. «Балдырған», «Ұлан», «Айгөлек», «Ақжелкен», «Мөлдір бұлақ»  секілді балалар басылымдарын оқып өскен бала ойын еркін жеткізер еді, осы мүмкіндікті мектеп мұғалімдері пайдаланып, мектеп кітапханалары баспасөзге жазылса, балаларға үлкен көмек болар еді», – деген ойымен бөлісті.

Мектептегі балаларға арналған мерзімді басылымдар тақырыбында сөз қозғаған ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының» директоры Әлия Сайдембаева оқуға құштар ұрпақты қалыптастыру үшін балалар кітапханасын насихаттау, журналистер мен кітапханашылардың бірлесе жұмыс істеуі маңызды екенін, бұл ретте тіпті кейбір өңірде кітапхана жоқ екенін айтып өтті. 

Бүгінгі балалардың ерекше қызығушылығын танытып отырған комикс жанры, отандық комикстер мен оның даму бағыты жайлы алқалы жиында «Еркетай» журнал-комиксының бас редакторы Оразхан Жақып сөз қозғады. Сарапшы балалар қызығатын образдар жасау, оларды экранизациялау мәселесі, тәуелсіздік алған жылдардан бері қаншама қаржы бөлінсе де, балаларды қызықтыратын кейіпкері бар бірде-бір мультфильм немесе кино түсірілмегенін тілге тиек етті. Форумның ең жас спикерлерінің бірі, «Ұлан» газетінің корреспонденті Нұрлыхан Жұмаханның «Қызықты контентті қалай жасауға болады?» деген тақырыптағы баяндамасы көпшіліктің қызығушылығын тудырып, «жастар кітап оқи ма?» деген сұрақ төңірегінде жиын қатысушыларының қызу пікір алмасуына себеп болды. Сондай-ақ, «Алан&kids»  журналының бас редакторы Әсел Тыныбаева «Бүгінгі балаларға қандай ертегілер қызық?» тақырыбында ой бөлісіп, балалар басылымдарының қауымдастығын құру туралы ұсынысын айтты. Форумға алғаш рет қатысып отырған балаларға арналған ғылыми-танымдық бағыттағы «Әл Жәбірдің атасы»  журналының шығарушы редакторы Оралай Алейдарова жарық көргеніне төрт ай болған басылымның бағыт-бағдары жайлы айтып берді.

Форумда айтылған ұсыныстарды министрлік жұмысқа алып, алдағы уақытта шешу жолдарын бірге қарастыратын болды.  Форумда 5 панельдік сессия өтті. Отыздан аса медиа маманы тәжірибесімен бөлісті. Шара соңында 10 журналист «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. 8 адамға министрдің Құрмет грамотасы табысталды.

 

Қазақ баспасөзінің болашағы қандай?

 

Баспасөз, ол – қашанда өз халқының айнасы. Сол айнаны сындырып алмау жолында мерзімді басылымдар басшылары ауқымды жұмыстар атқарып келеді. 2020 жылы ақпан айында Алматыда «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұйымдастыруымен «Қазақстан баспасөзінің жағдайы алаңдатады» атты дөңгелек үстел өтті. Оған шаһардағы қазақ басылымдары өкілдері қатысты. Дөңгелек үстелдің модераторы «Qazaqstan dauiri» ЖШС Бас директоры, қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы қазақ баспасөзінің жайы оқырман ретінде де, баспагер ретінде де өзін алаңдататынын айтты. Сәуле Мешітбайқызы қазіргі қазақ басылымдарының жағдайына тоқтала келіп, газеттің таралымымен тікелей қатысы бар «Қазпошта» АҚ-ның қазіргі стратегиясы көрсетілген қызмет түрлерін кеңейту және олардың сапасына қол жеткізу екенін айтқан болатын. 

«Qazaqstan dauiri» газетінің Бас редакторы Ертай Айғалиұлы  баяндама жасап, бүгінгі күні ресми тілде шығатын баспасөздің үстемдігін байқауға болатындығын айтып, өркениетті елдегі баспасөздің орнына тоқталды.  Бұдан кейін де «Qazaqstan dauiri» газетінің ұйымдастыруымен «Қазақ баспасөзіне зор қауіп төніп тұр!» деген тақырыпта қазақтілді мерзімді басылымдарының басшылары дөңгелек үстел өткізіп, мәселені жан-жақты қарастырған болатын. Соның қорытындысы бойынша ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ашық хат жолданды. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жолданған ашық хатта «Қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы! Қазіргі 2022 жылғы жазылу көрсеткіші көңіл көншітпейді. Қолымыздан келген ұйымдастыру жұмыстарын істеп жатырмыз. Әсіресе 18 мың кітапханаға бір-бір данадан жазылу жөніндегі ұсынысымыз орындалған жоқ. Сондықтан бұл хатымызды Сізге тағы да жолдап отырмыз. Егерде осылай кете берсе, Қазақ баспасөзінің халықпен байланысы нашарлап, өзі де қатары селкеуленіп қалған басылымдар жаппай жабылуы әбден мүмкін. Сондықтан қадірлі Президент мырза, Қазақ баспасөзін өз қамқорлығыңызға алуыңызды өтінеміз!» –деп басталған ашық хатта қазақ баспасөзіне төнген қауіпті айта келе мерзімді басылымдардың таралымын көбейтудің бірнеше жолдарын ұсынған болатын. 

Былтыр БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында Достық үйінде «Қазақ газеті және ұлттық баспасөз» тақырыбында келелі басқосу өткен болатын.  Жиында қазіргі ақпараттық майданда ақпараттық саясатқа жіті көңіл бөлу керектігі, ақпараттық мәдениет пен ақпаратты тұтыну мәдениетіне көңіл аудару, әлеуметтік желіде қазақша контент өндірудің өзектілігін қоғамға жан-жақты жеткізу тағы басқа мәселелер көтерілді. Аталған жиынға «Qazaqstan dauiri» газетінің Бас редакторы Ертай Ерғалиұлы қатысып, өз ойын ортаға салған болатын. 

Бүгінгі бала – ертеңгі елдің тұтқасы. Жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген сөзін негізге ала отырып, ұрпағымыз қазақы тәрбиені бойына сіңіріп, жақсы азамат боп өсуіне әрқайсысымыз өз үлесімізді қосайық. Ұрпағымыздың болашағы жарқын, білімді де тәрбиелі болуын қаласақ, жақсы ісімізбен үлгі болып, өнегелі ісімізбен дұрыс тәрбие берейік. 

Осы жерде журналист Табиғат Абаилдаевтың мына бір жазбасын келтіргім келеді: «...Мектепте оқып жүргенде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін мұғаліміміз мектеп бағдарламасындағы тапсырмаларды сұрап та, одан кейін кластағы балаларды қосымша ақпарат құралдарын оқуға «мәжбүрлеп» те үлгеретін. Мәжбүрлеу дегеніміз қалай сонда? Әр аптаға бөлек тапсырмасы бар. Сегізінші класқа дейін «Ұлан», «Балдырған» секілді газет-журналдарды «қинап» оқытты. Одан кейінгі бір аптада «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Жалын» секілді басылымдарға көз жүгіртуге «мәжбүрледі». Сондағы тапсырмасы мынаған саяды: «Не ұнады?» Сабақта, айталық, «Қазақ әдебиетіндегі» кез келген ұнаған өлең, әңгіме, тіпті болмаса мақала жайлы ойыңмен бөлісесің. Оқымай келгендерді түрлі салыстырулармен сынайды. Сынағанда сүйегіңнен өткізеді ғой. Ал енді оқымай көр. Содан да болса керек, қазір Таразда темір-терсектің қасында жүретін бір досым үнемі дүңгіршектерден сол мектепте мұғалім талап ететін газет-журналды сатып алып жатады… Қазір ондай ұстаздар жоқ шығар…» деп пікірін білдірген екен. Расында да тәрбие отбасынан, балабақшадан, мектептен басталуы қажет.

Мерзімдік басылымдар бүгінде ауыр жағдайды бастан кешуде. Оған басты кедергі – оқырманның азаюы, соған байланысты таралымның да болмауы. 

Форумға қатысушылар да елімізде газет-журналды тарату мәселесіне аса мән беру керектігіне ерекше тоқталған болатын.   Қазақ баспасөзінде маркетинг жағы ақсап тұр.  Мерзімді басылымдардың көбісінің жабылып қалу қаупі жоғары. Ұлт руханиятының жанашыры әрі  жоқтаушысы, халыққа,  ұлтымызға қызмет ететін басылымдарымыздың ғұмырының ұзақ болуы көзі қарақты оқырмандарымыздың көп болуына байланысты. 

16.04.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 40
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 118
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 34
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 41
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 49
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 41
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 113
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 118
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 310
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 304
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 927

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9000
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8395
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11621
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9378
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10604