Азық-түлік бағасы тұрғындардың тұрмыстық ахуалына тікелей әсер етері даусыз. Осы орайда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларын тұрақтандыру – күн тәртібінен түспеуі тиіс.
Өткен аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Әлихан Балқыбековтің төрағалығымен өткен жиында айтылған сөз осы ойға сайды.
Аталған кеңесте аудан басшысы азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мәселелерін қарап, қазіргі таңда қалыптасып отырған ахуал және оған қатысты атқарылып жатқан шаралар барысын барлады. Онда тұрақтандыру жұмысы сараланып, тұрғындар көп тұтынатын тауар бағасы шекті мәннен асып кетпеуін жауаптыларға жүктеді. Әсіресе нан бағасының қымбаттамауын басты назарға алу керектігін кәсіпкерлер мен наубайханашыларға баса айтты.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Ержан Әмірханов нан бағасын көтермеу жолдарын талқылап, зерделеу жұмыстарына тоқталды.
Ал наубайхана иелерінің де өз уәжі бар. Егер баға көтерілмесе нанның салмағы төмендейтінін алға тартты.
Аудан әкімі Әлихан Әбіләшұлы наубайхана иелері мен кәсіпкерлердің, халықтың да пікірін ескере келе нанның салмағын өзгертпей, бағасы 160 теңгеден аспау керектігін жеткізді.
Жиын барысында қаладан нанға тапсырыс беретін дүкен иелеріне өз ауданымыздағы наубайханашылардан алып, оларды қолдау керектігі айтылды.