«Базардан тамақ алып ішпейміз»: Қолында сегіз келіні бар қызылордалық ата-ене Наурыз мейрамын қалай қарсы алады?

«Базардан тамақ алып ішпейміз»: Қолында сегіз келіні бар қызылордалық ата-ене Наурыз мейрамын қалай қарсы алады?

Тоғыз ұлының сегізін үйлендіріп, сол келіндерінің бәрін бірдей қолында ұстап отырған Шиелі ауданының тұрғыны Бақытгүл Сейітжанова әз-Наурыз қарсаңында  сұхбат беріп, отбасы құндылықтары, ене мен келін тақырыбы және бала тәрбиесі туралы ойларын айтты.

 

 

Астана қаласы Байқоңыр аудандық сотының судьясы Жанна Бәкірова сұхбаттарының бірінде ажырасуға әкелетін басты себептерді атаған болатын. Судьяның айтуынша, соттың алдына «ажырасамын» деп келетін отбасылардың көбі «өмірімізге туыстарымыз араласты» дегенді алға тартады екен.

«Егер отбасылық жұптардың ажырасу себептері туралы айтсақ, алғашқы себеп – «туыстарының араласуы». Ата-енемен бірге тұратын жас отбасылардың арасы ашылып кетеді», - деген еді судья. Осы ретте, бізге сұхбат берген Бақытгүл Сейітжанова ене мен келін қайтсе тату тұрады, үлкен бір әулеттің балалары қалай бір бағытты кәсіп етіп, отбасының тыныштығын қайтсе сақтайды деген өзекті сауалдарға жауап берді. Айта кетерлігі, Бақытгүл әже отбасындағы бірлікке аса мән беретіні соншалық, сегіз келінін тек үй шаруасына ғана жұмсамай, оларды кәсіпке үйретіп отыр. Бір үйдің сегіз баласы шаруа қожалығын ашып, қазақтың ұлттық тағамдарын жасайды, халыққа таза өнім жеткізеді.

-Бақытгүл ханым, ең алдымен, өзіңіз сияқты батыр анамен танысып алсақ: туған жылыңызды, туған жеріңізді, отбасыңыз бен балаларыңыз туралы айтып берсеңіз?

-Мен 1947 жылы тудым. Қызылорда облысы Шиелі ауданының жергілікті тұрғынымын.  Тұрмыс құрып, 9 ұл, екі қыз баланы дүниеге әкелдім. Қазір балаларым мен келіндерімнің қызығын көріп, немере мен шөберелерімнің ортасында ойнап-күліп отырған бақытты әже, аяулы ана, отағасының өмірлік серігімін.

- Неше немере, неше шөбереңіз бар?

- 38 немерем бар. Жеті шөберем бар. Шөберемнің төртеуі ұлдан туған немерелерімнің баласы, қалған үшеуі қыздарымнан көрген бөбектер. Құдайға шүкір, отағасы екеуміз сол немере-шөберені ортаға алып, мәз-мейрам болып отырамыз. Сегіз келінімді бөліп, жармаймын. Олардың бәрі мен үшін бірдей. Келіндерім де мені жерге қаратпауға тырысады, айтқан сөзімді жерге тастамайды, бәрі де тәрбиелі, еңбекқор, ата-ене десе желпілдеп тұратын ашық-жарқын келіншектер.

 

-Енді, Бақытгүл апа, ең бірінші рет келін түсірген кездегі сезіміңіз есте шығар: жалпы, әлдеқайда жастау кезіңізде, яғни, қолыңызға алғашқы келіндеріңіз келе бастағанда-ақ «бүкіл келінім қолымда тұрады» деп ойладыңыз ба әлде өмір ағымы осылай қалыптасты ма?

-Ең бірінші келінімді 1992 жылы қолға қондырдым. Енді тоғыз ұлым, екі-ақ қызым болған соң, мен ол келін келгенде «үшінші қызым келді» деп, қатты қуандым. Келінімді қызымдай көрдім, білген ақылымды аямадым. Бірінші келінім біздің шаңыраққа келгенде өте жас еді, ал, қазір  сол бала болып келген келінім дана келінге айналды. Кейінгі келіндерімнің бәрі осы үлкен келіннің тәрбиесін алды. Ал, келіндерімнің бәрін бір шаңырақ астына жинауға келсек, ол менің о бастағы мақсатым еді. «Тоғыз ұлыма келіншек алып беріп, тоғыз келініммен бір үлкен әулет болып тұрамын» деген менің ең үлкен арманым және бүгінде сол арманым орындалды.  

-Бақытгүл апа, неге отбасылардың ажырасуына кей жағдайда осы келін мен ене арасындағы қарым-қатынас себеп болып жатыр деп ойлайсыз?

-Ене мен келін арасындағы ауызбіршілік ененің де, келіннің де сана-сезіміне байланысты. Бір-біріне сабырмен қарап, келін шалыс басса, ене кешіру керек. Менің келіндерімнің о бастағы тәрбиесі осы болды. Отбасы болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Бірақ, кешірімді болсаң еңбегің зая кетпейді. Менің келін тәрбиесіндегі ұстанымым осы. Өзімнің сегіз келінім айтқан ақылымды тыңдайды, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіре алады. Кішіпейіл. Және олардың өз үйінде алған тәрбиесі де өте маңызды.Тәлім-тәрбие көрген қыз бала ата-енені де сыйлай алады.

-Сегіз келініңізді жаныңызға алып, қазір қазақтың ұлттық тағамдарын дайындап, соны кәсіпке айналдырған екенсіздер?

-Иә, отбасымыздың екі шаруа қожалығы бар. Балаларым таудағы қожалыққа барып, жұмыс істейді, келіндерім де солай. Жұмыстан кейін бәрі ауылдағы осы шаңырағымызға келеді. Үйде тек өз қолымыздан шыққан тағамдарды тұтынамыз. Ет керек десеңіз, келіндерім қазы-қартаны өздері жасайды, құрт-майды да өз қолымыздан шығарамыз. Үйде жеп отырған күрішті де өзіміз егіп, өзіміз орамыз. Қысқаша айтсам, біз базардан мүлде тамақ алып жемейміз. Келіндерім сол шаруа қожалықтағы жұмыстың бәрін өздері атқарып, табысын өздері көреді. Жерге тастап, обал қылмай, қожалық шығаратын әрбір тамақты үйімізге әкеліп, дәмді етіп пісіріп береді. Бағана айтқанымдай, 33 немерем бар. Немерелерімнің бәрі қолдың ақ тамағын жеп үйренген.

 

-Бақытгүл апа, сұхбат соңында өзіңізді ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтаймыз. Жалпы, осындай үлкен әулет әз-Наурыз мерекесін қалай қарсы алады?

-Жаңа айттым ғой, шаруа қожалықтарымыз тауда. Балаларым мен келіндерім сол жақта жұмыс істейді, бәрі осы біздің қолда өмір сүреді. Атасы екеуміз ауылда немерелердің жанында отырамыз. Ал, Наурыз мерекесіне тоқталсақ, біз тауда да, ауылда да бұл мерекені азан-қазан болып, ерекше атап өткенді жақсы көреміз. Наурызды бір күн емес, бір апта тойлаймыз. Ең алдымен,  ауылдағы үйіміз орналасқан көшеге наурыз көже береміз. Шаруа қожалықтағы ақ тамақтың бәрін әкеліп, дастархан жайып, қасиетті жеті тағамды қосып, наурыз көже жасаймыз да көрші-қолаңды шақырып, мерекелейміз. Көшемізде тұратын өзімнің сегіз келінімнен басқа, өзге отбасылардағы келіндердің бәріне өз атымнан ырымдап ақ жаулық тағамын. Сосын, тауға барып, ондағы қожалыққа үлкен қазан асып, даланың наурыз көжесін жасаймыз. Қожалық маңындағы үйлерді де шақырып, көрісіп, әз-наурызды арқа-жарқа болып қарсы аламыз. Яғни, біз үшін жыл басы осы Наурыз, Наурыз келді дегеніміз – біздің отбасы үшін жаңа жыл енді келді деген сөз.

Azattyq Ruhy
23.03.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 78
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 600
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 717
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 629
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 639

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8776
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8176
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11405
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9159
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10390