Бейбіт шеру қанды қасапқа қалай айналды?

Бейбіт шеру қанды қасапқа қалай айналды?

Қаңтардың 2-сі күні Жаңаөзеннен «Газ 50» ұранымен басталған бейбіт шерудің басты себебі – 30 жыл бойы қордаланған әлеуметтік-тұрмыстық қиындыққа, кедейшілікке көне-көне төзімі таусылған сәтте халықтың ашынып алаңға шыққан жанайқайы болатын. Мақсаты – елдегі тым асқақтап бара жатқан қымбатшылық пен баға тұрақсыздығына нүкте қоюды Үкіметтен, биліктен, шенді-шекпенділерден сұрау ғана еді. Депутат Берік Әбдіғали айтқандай «Халықтың сөзі Парламентте шықпаса, алаңдарда шығады». Иә басқа жолы жоқ. 

Біртіндеп халықтың талап-тілегіне республикамыздың түкпір-түкпірінен бейбіт шеруді қолдаушы, тілекші адамдар шоғыры қосыла бастады. «Еститін үкіметтен» үміт күткен шерушілерге билік дер кезінде құлақ аса қоймады. Билік әлеуметтік-құқықтық мәселені шешуге, халық алдына шығып, басу айтуға асықпай уақыттан ұтылды. Тек қаңтардың 5-інде ғана Жаңаөзен халқының тілегі орындалатынын, газ бағасын 85-90 теңгеге түсіретінін айтып, халық үніне жауап берді. ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар алаңындағы тікелей эфирде Энергетика министрінің штаттан тыс кеңесшісі Олжас Байдильдинов: – Бағаны анықтайтын нарық, ол еңбекақы немесе табысқа тәуелді емес, егер адамдарға бұл баға ұнамаса, олар әркез қоғамдық көлікті пайдалана алады. Бұл да мәселе ме?,- деуі халықтың ашуына май құйғандай болды.  Толқыған халықты тыныштандыра алмады. Ақыры билік амалсыз газ бағасын 50 теңгеге төмендетті. Бірақ бұл кезде бәрі кеш еді. 2-3 күнге созылған бейбіт шерудің ауқымы кеңейіп, еліміздің түгел дерлік өңірлерінен шарпып үлгерген-ді. Елдегі қымбатшылыққа қарсылық ретінде басталған шерудің саяси астары тереңдей түсті. Әр жерден «Шал кет», «Үкімет таратылсын» деген сияқты ұрандар жиілеп, шеру бүкіл халықтық сипатқа ұласты. Ресми ақпарат жоқтың қасы, әлеуметтік желіде алыпқашты әңгіме үздіксіз тарап жатты... 

5 қаңтар күні кешкісін азаттықтың алтын бесігі – ару Алматының өрт құшағындағы аянышты халі бүкіл әлеуметтік желіні шарлап кетті. Алаңдаушы мен арандатушыны айыру мүмкін болмаған күйде ел ішін үрей жайлап кетті. Адам шығыны, жап-жас боздақтардың шейіт болғаны туралы ақпарат жан түршіктіреді. Алматыдағы орталық алаң кәдімгі қанды қасапханаға айналған. Бейбіт шерудің соңы белгісіз ереуілшілердің есе бермес ерегесіне, баскесер, баукеспе қырып-жою қырғынына ұласты. Кімнің кім екенін айыру мүмкін емес. Радикал топтардың террорлық-экстремистік әрекеті сұмдық. Қандыкөз қарақшылардың қыздарды зорлауы, кез келген адамды үлкен-кіші демей шешіндіріп, тепкілеп, ұрып-соғуы жайлы ақпарат тасқынынан ұққанымыз, бұл арнайы жоспарланған әрекет екендігі ғана. 11 облыстың орталығында содырлар сойқан салғаны туралы ақпарат тарады. Алматыдағы мыңдаған демонстрант арасында қарулы адамдар қайдан пайда болғаны әлі толық айтылған жоқ. Тоқаев бір ғана Алматы қаласының өзіне «20 000 лаңкес» шабуыл жасады деп мәлімдегенімен, оларды ұйымдастырушылардың аты аталмады. Терроризм оты қайдан тұтанды?… Отанға опасыздық жасағандарды жасырып, жабуға болмайды. Бүлікті бастағандар, алғаш болып оқ атқандар анықталады, жазасын алады деп сенеміз.

Президент Тоқаев Ресей басқаратын ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымынан (ҰҚШҰ) әскер сұрады. 7 қаңтарда бүкіл ел аумағында террорлық қауіптің шекті қызыл деңгейі жарияланды. Президент қауіпсіздік қызметіне ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін айтты. 

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сын сағатта сындарлы шешім қабылдады

Тарихта талай ұлт мемлекеттік нышаны, сенім артар «серкесі» болмағандықтан жер бетінен жойылып кетті. Аллаға тәубә дейік, біздің мемлекетіміз, айбарлы халқымыз, Президентіміз, сертке берік, антқа адал ұлдарымыз бар. Мемлекет басшысы Тоқаевтвн бастап, халқы үшін жанұшыра шырылдап, ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндерде  халықтың болашағы үшін «жұдырықтай жұмыла білген» азаматтар бар. Елді тыныштық пен бірлікке шақырған  телеарналар мемлекеттіміздің, тәу етер Тәуелсіздігіміздің жарқын болашағына сендіре білді. Әсіресе Тоқаевтың Назарбаев басқаратын Қауіпсіздік кеңесін өз қолына алып, артынша Мәсімовты тұтқындауы, онысыз да назарбаев режиміне наразы халықтың үмітін оятты. 2019 жылы биліктен кеткен Назарбаевтың бүгінге дейін бейресми билеп-төстеуінен зәрезап болған халық «назарбаев дәуірі аяқтала ма» деп әлі де алаңдаулы. «Сабыр түбі – сары алтын» деген қазақ бейбітшілік пен бірліктің қадірін ұқты. Қаны қайсарлыққа, жаны мейірімге, жүрегі кешірімге суарылған қазақ бұл лаңды  да кешіреді. «Найзаның ұшы, біліктің күшімен» бабадан қалған ұлан байтақ еліміз бен далиған дархан даланы сақтау біздің азаматтық парызымыз, адами міндетіміз. Алла қазақтың ұлы даласының қойнауына, табиғат-ананың құшағына Менделеев таблицасындағы барлық элементті үйіп-төгіп, аямай берді.

Адамзаттың аңсары азаттық болса, тәубә тәуелсіздігіміз 30 жыл өз тұғырында! Тарлан тарих куә қазақ даласы, әсіресе асқар Алатау бауырайындағы әсем Алматы талай тартыс пен таласты басынан өткерді. Қазақтың қайғы-қасіреті мен қызық-куанышын әлдилеумен еңсесін түсіріп, есесін берген емес. Қасиетті, киелі өлкенің тыныштығын сақтайық. Ендігі жерде ешкім Тәуелсіздік шырқын бұзбасын! Алла жар болсын..! Дегенмен, тұтқиылдан ұйымдаса шабуыл жасаған, Тәуелсіздігімізге қауіп төндірген террористер халық алдында жазалануы керек. Ресми ақпарат көздері 10 мыңға таяу бүлікші тұтқындалғанын жария ете бастады. Алаңдаушы кім? Арандатушы қайдан келді? Анықталуы тиіс. Халыққа жанашыр ақын-жазушыларды, белсенділерді, жастарды жауапқа тартып, ұстап кетіпті деген қауесет те өрттей қаулап тұрғанын ұмытпаған жөн.   

ҚР Премьер-министрі ауысты, Үкімет қайта жасақталды

Мамин Үкіметі отставкаға кетті. Бұл  халық үнінің, талап-тілегінің орындалғаны. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әлихан Смайловты ҚР Премьер-министрі етіп тағайындады.

Дегенмен, бұрынғы құрам айтарлықтай жаңара қоймағанымен, Президент жаңа Үкіметке өте маңызды және өзекті міндеттер жүктеді. Жұмыс істеу тәртібі түбегейлі өзгеріп, қысқа мерзімде нәтиже беруі тиіс. Президент айтқандай, елбасының арқасында пайда болған байшыкеш топтар мен қанаушы компаниялардың кесірінен халық кедейленді, қымбатшылық бақылаудан шықты. Бірақ өткенге тарих төреші. Facebook парақшасында Олжас Әбіл: – 1Мен Тоқаевтан қысқа мерзімде күрделі, яғни радикалды  реформаларды күтпеймін және бұл дұрыс та шығар.  Дені дұрыс адам елде жағдай шатқаяқтап тұрғанда ел ішіндегі, өз айналасындағы аһуалды одан әрі шайқамайды. Оның арты кланаралық соғысқа апарады.  Бәрінен айырылғалы тұрғанын білген аналар да аянбайды. Ал кланаралық соғыс дегеніңіз ол да елбұзар  апаттың бір түрі.  Жалпы,  реформалар,  басшы жүйелі түрде аяққа нық тұрғанда ғана жасалынса   аяғы баянды болады.  Яғни өз командасы қалыптасқанша... Оған шейін тек осылай   емеурінмен ғана тамырын баса отырып,  қатты шайқамай,  тепе теңдік  сақтай отырып өтпелі кезеңді еңсеруге болады» деп жазды... Иә, әр істтің уақыты бар. Тек шыдам мен төзім жетсе... 

Бейбіт шеруге шыққан халықта жазық жоқ

«Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер» дейді. Азалы күннің азабын тартып, қаңғыған оқтың құрбаны болған азаматтардың отбасына қайғырып көңіл айтамыз. Алматыда болған қанқұйлы әрекет ел іргесін сөгіп, шаңырағымызды шайқалтып кетті. Міне, аңғал да сенгіш халықтың арасына сына қағып, тоқсан түрлі этноспен береке-бірлікте тату өмір сүріп жатқан елдің тыныштығын бұзған содырлардың лаңкестік әрекеті жанға батты, жүрек сыздайды. Қазақтың қазаны төңкеріліп, байтақ даласында бесігінің шашылып қалғанын қалайтын мысықтілеулер, байлыққа тұнған жеріне ие болуды тілейтін арампиғылдар көп және олар ҰЛТ таңдамайды, оларда ҰЛТ, ҰЛТТЫҚ құндылық деген ұғым болмайды. Ел арасына іріткі салушылардың ішінде өз қазағымыз да жүр, өйткені ҰЛТЫН ойламайтын адамда намыс та жоқ. Бір алаңдарлығы өздеріңіз көріп отырғандай ел ішінде жаппай қамау, тұтқындау науқаны жүріп жатыр. Бірақ арандатушылар мен алаңдаушыларды айырады деп сенейік. 

Мемлекет басшысы халыққа үндеу жариялады

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үндеуі ел көңілінен шықты. Сын сағатта білек түрі нақты шешімдер қабылдап, бітімгерлік әскерді шақыруы Алматыдағы қанды қырғынға дер кезінде төтеп беруге мүмкіндік берді. Қысқа мерзімге интернетті бұғаттауы да дұрыс әрекет екенін көріп отырмыз. Әлеуметтік желінің әлегі де аз емес. Арандатушылар мен алаңдаушылардың ара жігі толық анықталып, сарапталып ақиқат айтылатын уақыт туады. Фейк ақпарат қауіпсіздігімізге нұқсан келтіретіні анық. 

Жаңа экономика қалыптастыру үшін елде түбегейлі өзгеріс жасалуы керек еді. Алайда Президент әліптің артын бағып, біртіндеп әлеуметтік, саяси өзгерістер жасауға бекініп отырған болар. Қаншама білімді жастарымыз, мықты кадрларымыз шет елде жүр. Халық Парламенттің түбегейлі таратылғанын, Сенаттың тіптен болмағанын қалайды. Аз ғана халықты басқаруға жүздеген депутат, ондаған министрлер кабинетін ұстаудың да пайдасынан зияны көп. Көпшілік халықтың пікірі осы. 

«Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деген,  «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ».  Елбасы билікті Тоқаевқа толық беріп, қадір-қасиетін сақтай алса... Ақылшы ақсақал болып, әртүрлі қауесет жел сөзге дем бермей, халық алдына өзі шықса... Берік Уәли Президент Тоқаев ешкіммен ақылдасып отырған жоқ десе, Айдос Үкібай елбасының Астанада екенін, Президентпен кеңесіп, «тонды бірге пішіп» отырғанын айтады. Халыққа екі ұшты емес, нақты, шынайы ақпарат берілсін! «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген, өтірікпен өрге басу әсіресе мемлекет ісінде, халық тағдыры сыналған тұста әсте мүмкін емес. Алладан «өліге иман, тірілерге береке» тілей отырып, елімізде енді қайтып азалы күн жарияланбаса екен, туымыз төмен түспесе екен деп сұраймыз. Қазақ сабырлы, ынтымаққа, уәдеге берік халық. «Таба жолы тар» екенін ежелден естен шығармаған халық. Елдің амандығын, тыныштығын күзеткен халық. Халықты ашындыруға болмайды. «ХАЛЫҚ теңіз, енді қайтып толқымасын». Дер кезінде сабырға келген халықтың тілегі біреу-ақ! Өтірік билеп-төстеу, ел қазынасын теспей сору мен жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа, парақорлыққа, тек белгілі топтың байюына жол берілмесін. Жалған жарыссөздер мен жалған есептерге, мақтау мен мадақтау жарға жығады. Дауды тұтатудың, халықты арандатудың арты жақсы болмайды. Халық «Жау жоқ деме, жар астында» екенін түсінді, ұқты. Сақ болу керектігін сезінді..!

Президенттің айналасына топтасу керек

Қазір басты міндет Президентіміздің айналасына топтасу, бірігу. Бұл - жағдайды тұрақтандыру, экономиканы қалпына келтіру, жұмыстарын жалғастыру және барлық салада жаңа реформаларды іске асыру үшін маңызды… 

Ақпараттық қауіпсіздікті ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІККЕ КӨТЕРУ КЕРЕК. ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕНІ БІРІНШІ ҚОЛҒА АЛУ КЕРЕК. Әлі де үйден шықпауымыз керек. Әр кім жастардың, балалардың арандатуға ермеуін қадағалауы керек. Әлі де жағдай тұрақталған жоқ. Уақыт керек. Жамбыл облысында ІІД бастығы генерал Жанат Сүлейменов өзін атқан. Алматы қаласы Түрксиб ауданының ішкі істер департаменті басшысының орынбасары полковник Таңат Назанов белгісіз жағдайда инфаркт алған, Нұр-Сұлтан қаласында ҰҚК полковнигі Азамат Ибраевтың денесі өз үйінің ауласынан табылды. Мұның бәрі нені білдіреді? Тоқмейілсуге болмайды. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин: «Еліміздегі гибридті лаңкестік шабуыл тұрақсыздандыру және төңкеріс жасау мақсатында жасалды», деп мәлімдеді. Шабуылдың бірнеше жерде бір мезетте болуы, құқықтық сала басшыларының өзіне қол жұмсауы да жайдан жай емес.

Дегенмен, «Қиын кезде елге кірген шетелдік мәмілегер күштер екі күннен соң елден шығарыла бастайды, 10-12 күнде толық елдеріне қайтады» деді президент. Сондай-ақ «Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай біртұтас ел болып еңсере білдік.

Енді біз мұндай жағдайға ешқашан жол бермеуіміз қажет. Сондықтан, еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру – алдымызда тұрған өте маңызды міндет. 

Өкінішке қарай, бүгінде халық арасында осы оқиғаға байланысты түрлі қарама-қайшы, шындыққа жанаспайтын жалған ақпараттар тарап кеткенін көріп отырмыз.

Мұның, әрине, бірнеше себептері бар: кейбір азаматтарымыз ахуалды егжей-тегжей білмей тұрып, қате пікірде болса, кейбірі әдейі ақпаратты бұрмалап, жағдайды одан бетер ушықтырады.

Бірақ, бізге керегі – тек ақиқат қана. Сол себепті, оқиғаларды мұқият зерттей отырып, айтарым: жыл басынан бері орын алған барлық жағдайлар – бір тізбектің тармақтары деуге толық негіз бар.

Ашығын айтсақ, бұл бірнеше жыл бойы алдын ала ойластырылған зұлымдықтың көрінісі. Олардың көздегені – өздерінің қатігез пиғылдарын іске асыру болғаны айдан анық» деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Мемлекеттік деңгейде халыққа шынайы ақпарат таратылып, шын жазықтылардың аты аталуы керек. ХАЛЫҚ алдында әділ жазасын алуы керек. Тыныштық пен бірлікке ұйыса білсек, жаңа жасақталған ҮКІМЕТ Қазақстанның жаңа дәуірін бастауға, Президент айтқан жаңа Қазақстанды құруға жұмыс істейді деп сенейік. «Үкілі үміт шырағы өшпесін» деп күнін күнге жалғаған қазақтың сенімі енді аяққа тапталмасын. Халық бұдан былай жалған уәде, мәймөңке есеп, алдау секілді созбалаңға көнбейді. «Шөлмек мың күн сынбайды, бір күн сынады» деген. Ендігі жерде халықтың төзімімен ойнауға болмайды.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
11.01.2022

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 324
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6427
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 8040
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 6507
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 6644