Жемқорлықпен күрес елімізде қарқынды жүріп жатыр. Елдің дамуына кедергі келтіріп, талай игі бағдарламалардың «жолын кескен» арсыз шенеуніктер әлі күнге арды аттап, адами құндылықтарды «таптап», ойларына келгенін жасап бағуда. Қамалып та жатыр, көптеген қылмыстар үстеріне жамалып та жатыр, бірақ, «дәніккен қолдар» мемлекет қазынасын ебін тауып екі асауға бейім тұр. Оған биылғы бес айда 600-ден астам лауазымды тұлғаның жемқорлық әрекеті әшкереленуін айтсақ та жеткілікті.
Күні кеше Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектеновті қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысты қабылданып жатқан шаралар жөнінде есеп берілді. Агенттіктің дерегі бойынша биылғы 5 айдың ішінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты 1000-нан астам қылмыстық іс тіркелген. 600-ден астам лауазымды тұлғаның жемқорлық әрекеті әшкереленген. Олардың 110-ы – әртүрлі деңгейдегі басшылар.
Олжас Бектенов мемлекетке келтірілген залалдың өтелуін қамтамасыз ету жөніндегі Президент тапсырмасының орындалу барысы туралы мәлімет берді. Жыл басынан бері ел бюджетіне 220 миллиард теңгеден астам қаржы қайтарылды. Мемлекет басшысына агенттіктің бизнеске заңсыз араласудан қорғау тетіктерін қалыптастыру үшін шаралар қабылдағаны жөнінде баяндалды. Іс-қимыл алгоритмі әзірленген. Соған сәйкес тергеп-тексерудің басталуы мен кәсіпкерлерге қатысты кез келген тергеу амалдары орталық аппараттың келісімі арқылы жүзеге асырылуға тиіс. Сонымен қатар «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мемлекеттік органдардың бизнеске заңсыз араласу фактілеріне жедел назар аударатын жұмыс тобы құрылды. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстарды күшейту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.