«Бесінші колонна» бетпердесін шешіп, ояна бастады

«Бесінші колонна» бетпердесін шешіп, ояна бастады

Соңғы кездері сепаратистік пиғылдағы қазақстандықтар ашық бас көтеріп, әлеуметтік желі қалың жұртты шынымен-ақ қатты алаңдата бастады. Ұлттар арасында дүрдараздық тұтандырып, отқа май құюшылар әрекетіне қатысты пікір білдірген белгілі саясаткер Дос Көшім: «Бүгіндері әлеуметтік желіде:  «Орал, Солтүстік Қазақстан – Ресейдің жері», – деген сөздер ашық жазылып, жиі айтылып жатыр. Мұны тың жаңалық деуден аулақпын, өйткені, мұндай пікірлер әлгіндей жат пиғылдағы адамдардың ойында бұрыннан бар-тын. Ресей мен Украина арасындағы жағдай олардың «тілдерін шешіп», пиғылдарына қанат бітіріп отыр. Мұндай ой шовинистік пиғылдағы, кеңес дәуірін аңсайтын көп азаматтардың ойында жүр. Оны талай жерде естідік. Көрдік. Өз басым оған таң қалмаймын. Мемлекет мұны тоқтатудың жолын іздеуі тиіс. Нақты заң қабылдауы керек. Ұлтаралық дүрдараздық қоздыратындардың әрекетін  қылмыстық бапқа жатқызу керек пе, жоқ әлде Қазақстан азаматтығынан айырып, оларды елден қуып шығу керек пе? Алдымен осының ара-жігін ажыратып алу қажет. Қысқасы, әлемдік тәжірибе бар. Ешбір ел өз азаматтарына мұндай сөзді айтқызып, қарап отырмайды. Қазір де қарапайым азаматтық деңгейде жауап беріліп жатыр. Кейбір жігіттер барып, кешірім сұратып жатады. Бұл – ыңғайсыз әрі өте қауіпті мәселе.  Бұл заңсыз жазаға тарту ретінде көрінуі әбден мүмкін. Өркениетті елдерде мұндай жағдайға жол берілмейді. Меніңше, осы мәселе бойынша мемлекет өз сөзін айтуы тиіс. Себебі, мұндай резонансты мәселеге қатысты мемлекеттің де нақты өз ұстанымы болуы керек деп ойлаймын. Бірақ, өкінішке қарай, мен оны көрмей отырмын. Шен-шекпенділер мен ресми  лауазымды қызметкерлер: «Бұл – Ресейдің ресми адамдарының сөзі емес, жай адамдардың, журналистердің, депутаттардың сандырағы», – деп құтылып жатыр. Ал: «Қазақстандық азаматтардың сепаратистік пиғылы үшін заңды түрде қандай жаза қолданылуы керек?» – деген мәселеге жауап берілген жоқ. Кейбір жерлерде жергілікті азаматтар оспадар пікір айтқандарды қыспаққа алып, кешірім сұратып жатыр. Мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс нәрсені азаматтардың қолына беріп қоюдың ақыры жақсылыққа апармасы кәміл. Бұл Ресейдің де қытығына тиеді. Қазақстандағы шовинистердің де шамына тиеді. Ашу-ыза туғызғаннан басқа ештеңеге жарамайды.

Билік ең алдымен: «Мұндай азаматтардың Қазақстанда тұруына бола ма, жоқ па?» – деген сұраққа жауап беруі қажет, ол әлі іске асқан жоқ. Меніңше, мұның бір ғана жолы – заң аясында жазаға тарту. Мәселе соттап жіберуде де емес. Азия елдеріндегі ең ауыр жаза – сол елден, сол қаладан қуып шығу. «Сен бізбен тұрғың келмесе, басқа жаққа бар. Сенің аяқ-қолыңды сындырмаймыз. Бірақ сен бұл қоғамда өмір сүре алмайсың», – дегендей.

Жалпы, сепаратистік көңіл-күйдің күшеюіне ақпараттық саламыздың Ресейдің көлеңкесінде қалып қоюы да түрткі болып отырған жоқ. Көп адамдар бәрін соған сілтегісі келеді. 1996 жылы Нұрболат Масанов этно-тілдік мониторинг жасап, ауқымды ғылыми зерттеу жүргізген. Сол жерде орыстілді қазақстандықтардың 86 пайызы Қазақстанды «отаным» деп танымайды екен.  Бұл мәселе сол күйі сақталып қалды. Бұған да мемлекеттің кінәсі бар. Осы уақытқа дейін «бір тіл, бір мемлекет, бір бағыт» деген ұғымдарды ұстанған жоқпыз. Айқайшылдардан үркіп, аралас сыныптарды ашып бердік. Біз әлі күнге дейін кеңестік менталитетпен қалдық. «Ұлттар достығының лабораториясы», «толеранттылық» деген сөздерді айтудан жалықпай келеміз. «Бұл – қазақ мемлекеті, қазақ жері, қазақтың тілі» деген мәселелерді мемлекет алға шығарған жоқ. Бұл – соның көрінісі ғана. Жаңа нәрсе көріп тұрғаным жоқ. Шындыққа келсек, біз теріс пиғылды азаматтармен қоштасуымыз керек. «Сау бол» деуден тартынбау қажет. «Бұл – сіздердің таңдауларыңыз. Бірақ бұл таңдаумен қазақ жерінде тұруға болмайды», – деп, заң жүзінде ашық айтылуы керек. Себебі осындай мәселелерге көз жұма қараудың түбі бір үлкен жанжалға әкеп соғып, барлық кесір осыдан басталады. Украина мен Ресей арасындағы соғыс та,  Германияның көрші елдерден жер даулауы да осындай «ұсақ-түйек» нәрселерден басталған. Алдымен айқайшылдар, сепаратистік бағыттағы адамдар бой көрсетеді. Халық «мұның аузын жаптық» деп, терең бойламай қоя салады. Бұл – агрессияның, не жаулық пиғылдың басы. Бүгіндері «Бесінші колонна» бетпердесін ашып, оянып жатыр. Бұл табиғи түрде ме, жоспарлы түрде ме, ол жағы көмескі. Сірә, олар: «Артымызда Ресей тұр», – деп, күшіне сенгеннен кейін осылай әрекет етіп жатыр ма деп ойлаймын. Бірақ қазақта: «Көп асқанға бір тосқан», – деген ұлағатты сөз бар. Елдің жерін жерлеп, отын оттап отырып, суын ішкен құдығына түкірген мұндайларға ешқандай аяушылық болмауы тиіс», – дейді ренішін жасыра алмай. Қалың оқырман қауым да саясаткер сөзіне толығымен қосылары кәміл. 

Ермек САХАРИЕВ
14.05.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 167
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 163
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 675
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 795
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 708
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 718

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8862
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8258
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11485
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9241
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10469