Көктөбеде қыдырып жүріп британдық «Битлз» тобының құрметіне қойылған ескерткіштің тұсына келдік. Елдің бәрі жапа-тармағай сол ескерткіштегі адамдардың қасына отырып суретке түсіп жатыр. «Түсесің бе? Бар, мен сені түсірейін», – деймін қасымда жүрген ағамның қызына. «Жоқ, түспеймін», – дейді. «Неге түспейсің?» – деймін мен де қоймай. «Оларды танымаймын да ғой, неменеге түсем?» – дейді. Жауап ұнады. «Дабыраға ілесіп кетпейтін, өзіндік ойы бар қыз болып қалыптасып жатыр екен», – деп қойдым іштей.
Сол «Битлз» тобына ескерткіш Алматыға Иманғали Тасмағамбетов әкім болып тұрған кезде қойылды. Ескерткіштің қойылуына Мәдениет министрлігінің де қатысы бар шығар. Кезінде «Битлздың» атағы жер жарғаны анық. Бірақ Алматыдағы таудың басына шығарып ескерткіш қоятындай Қазақстанға қандай қатысы бар? Түсінбеймін. Ондай атағы жер жаратын топтар мен жеке әртістер әр заманда да болады. Солардың бәріне Көктөбенің басына ескерткіш орнатамыз ба? Онда Майкл Джексонға да, Мадоннаға да, Элтон Джонға да ескерткіш қоямыз ба бір күні? Ақылға сыйымсыз ғой.
«Битлздан» кейін мына бұқа да қанды қайнатты. «Мына сиыр не қылып тұр?» – дейді сіңілім. «Не қылып тұрғанын да, қайдан, қашан келгенін де білмейді екем», – дедім. Индия сияқты сиырға табынатын ел болсақ, бір сәрі. Сиыр емес, бұқа екенін тақтадағы жазуды оқығаннан кейін білдік. «Қаржылық сауаттылықты танымал ету мақсатында «Шабуылдаушы бұқа» мүсіндік туындысын «Kazantsev group» компаниясы орнатқан» деп жазыпты қасындағы тақтаға. Тақтасының өзі қымбат тастан сияқты. Бұқаның қасында біраз тұрдық, қаржылық сауаттылығымыз артты ма, білмеймін. Қаңтар оқиғасы кезінде жастар осындай бір бұқа ма, сиыр ма бірдеңені сүйрелеп жүр еді. Оның не екенін, неге сүйрелеп жүргендерін түсінбегенбіз. Мынаны да түсінбедік.
Көктөбеде жүргендердің шамамен 30 пайызы шетелдіктер сияқты. 10 пайызы Индиядан, 10 пайызы Қытайдан, 10 пайызы басқа елдерден келгендер шығар деп шамаладым. «Қазақстан деген «Битлз» бен бұқаға табынатын ел екен», – деп қайтқан шығар.
P.S. «Алматы қаласының мәслихаты» деген құрылым бар шығар. Сол жерде осылар қарастырылады, менің ойымша. Сол мәслихат мүшелерінің бәрі «Көктөбенің басында «Битлз» бен бұқаның тұрғаны өте дұрыс», – деп мақұлдады ма екен? Әлде Абайдың өлеңіндегідей: «Көп айтса, көнді, Жұрт айтса, болды», – деп, бойда қайрат, ойда көз жоқ отыр ма екен? Ондай мәслихат не керек? Осылай кете берсе, Қазақстанның да, қазақтықтың да мазмұны жоғалып, жоғалып қана емес, аяққа тапталып бітеді ғой. Болашақ не болады сонда? Жастарға «Битлз» бен бұқаны үлгі тұтыңдар деп отырмыз ба?
Ләззат ДҮЙСЕМБЕКОВА