Былтыр мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасына орай, еліміздегі екі ірі – «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтері қосылып, бүгінде біртұтас мемлекеттік ірі холдинг ретінде өз жұмысын жалғастырып отыр. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ деп аталатын институт алдыңғы кезекте агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асырады. Бұл бағдарламалар негізінен ауылшаруашылығы саласындағы барлық бастамаларды қолдау, экспортты дамыту, еңбек өнімділігін ұлғайту, сайып келгенде, Қазақстан экономикасын тұрақты дамыту міндеттерін іске асыруды қамтамасыз етеді.
Былтыр желтоқсан айында аталған екі холдингтің қаржы институттары да қосылған-ды. Мәселен, «ҚазАгроға» қарасты «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ сынды қаржы институттары бірікті. Мұндай реформа ауылшаруашылығы саласының дамуына тың серпін беріп, бастамашы азаматтарға мол мүмкіндік ұсынды. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының басшысы Гүлжанат Ерғазинамен аталған қаржы институты арқылы жүзеге асырылатын мемлекеттік бағдарламалардың Ақтөбе облысында қалай жүзеге асырылып жатқандығы туралы сұхбаттасқан едік.
«Кең дала»: диқандар дән риза
– Былтыр облыстағы ауылшаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерге 20 млрд теңгеге жуық қаражат берілді. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы былтыр жоспар бойынша 13 млрд теңгеден астам қаржы берілді. Мұндай қаржылық қолдауды облыстағы 364 ауылшаруашылығы кәсіпкерлері алды. Егін және малшаруашылығы бағытында еңбек ететін кәсіпкерлерге ұсынылатын бұл қаржы тікелей корпорация арқылы және несиелік серіктестіктер мен шағын қаржы ұйымдары арқылы беріледі. Ал «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы өткен жылы 6,5 миллиардқа жуық қаржы берілген. Әрбір цифрдың артында бір жоба тұр, сондықтан біз үшін әрбір дерек маңызды, – дейді Гүлжанат Ерғазина.
Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын несиелеуге бағытталған «Кең дала» бағдарламасы несібін жерден терген шаруалар үшін үлкен мүмкіндік болды. Тікелей корпорация, несие серіктестіктері арқылы көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстары үшін айналым қаражатын толтыру мақсатында аталған бағдарлама арқылы берілетін қаржы көлемі биыл мол болды: Ақтөбе облысына 1 млрд 200 млн теңге қаралды.
– Ақпан айының аяғында осы сома біздің қоржынымызға түсіп, 1 сәуірге дейін толығымен игердік. Үстіне тағы қаражат алып, 1,3 млрд теңге игердік, яғни жоспарды асыра орындадық. Соның өзінде бұл қаражат біздің диқандарға жетпей қалды.
Ақтөбе өңірі егіншаруашылығы үшін аса бір қолайлы өңір емес, тәуекел көп. Бізде шаруалар негізінен мал өсірумен айналысады, 12 ауданның ішінде негізінен төрт аудан егіншаруашылығымен айналысуға бағытталған – Мәртөк, Әйтеке би, Қарғалы және Хромтау аудандары. Осы аудандардың өзінде диқандар соңғы жылдары біраз қиналып қалған болатын – құрғақшылықтың салдарынан біразында егін ойдағыдай шықпады, шығындарын өтей алмады. Ал биылғы ауа-райы диқандарға қолайлы болды, алдын ала жорамал жақсы болғандықтан, егін өсіруге деген сұраныс та көп болды, – дейді филиал басшысы.
«Агробизнестің» мүмкіндіктері
Биыл көктем мезгілінде Ақтөбеге жауын-шашын көп түсті. Соның салдарынан егін егу науқаны кеш басталып, кеш аяқталды. Соған қарамастан, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы арқылы берілетін мемлекеттік қолдау – диқандарға несие беру бір сәт те толастаған жоқ. Г.Ерғазинаның айтуынша, ақпанның соңында «Кең дала» арқылы түскен қаражат наурыздың аяғына дейін игерілген болса, екінші транш қаражаты маусым айының аяғында түскен болса, арадағы үш айда шаруалардың несие дорбасы бір ортаймапты:
– Біз екінші транш қашан болады деп күтіп отырмадық: басқа бағдарламалар арқылы сұранысқа сай қолда бар қаражатты бере бердік. Мәселен, негізгі құрал-жабдықтарды жаңарту, құрылыс-монтаж жұмыстарын қайта құру, өңделген қаражатты толтыру мақсатында қолдау көрсететін «Агробизнес» несиелік бағдарламасы арқылы қолдау көрсетілді. Шаруалар мал басын көбейту, асылтұқымды мал алу, ауылшаруашылығы техникаларын жаңарту, құрал-жабдықтарын алу сынды бірқатар жұмыстарын реттеу, егіншаруашылығы үшін қаржы алды, – дейді ол.
Ауылшаруашылығы кәсіпкерлеріне қолдау көрсететін мемлекеттік бағдарламалар өте тиімді. Мәселен, «Кең дала» арқылы берілетін несиенің пайызы төмен: корпорация арқылы тікелей алатын болса – 1,5 жылдық пайызбен алады, алайда ол үшін екінші деңгейлі банктердің кепілдігі керек. Егер кепілдікке қол жеткізе алмаса, несиелік серіктестіктер арқылы 5 пайызбен алады, бұл да қолжетімді. Ал «Агробизнес» бойынша жылдық 17 пайызбен несие ала алады, оның 10 пайызын мемлекет субсидияласа, 7 пайызын кәсіпкер өзі төлейді.
– Егер шаруалар айналым қаражаты үшін ақша алса, онда үкімет 9 пайызын субсидиялайды, бұл да өте жақсы көмек. «Кең дала» арқылы қаржы ала алмай қалғандар «Агробизнес» бойынша қолдауға ие болды, кейін «Кең даланың» екінші траншы (1,7 млрд) түскенде осы шаруалар қаражатты осы жерден 5 пайызбен алып, несие алу бағдарламасын өзгерте қояды. Демек, шаруаларға ешқандай ауырлық түспейді. Осылайша биыл облыстағы барлық шаруалардан түскен сұраныс толықтай қанағаттандырылып отыр. Алдағы күзгі жиын-терін жұмыстарына да қаражат бар, – дейді Г.Ерғазина.
«Іскер» ауылдағы барлық кәсіпкерге қолдау көрсетсе...
Ауылшаруашылығымен айналысатындарға қолдау көрсететін «Іскер» несиелік бағдарламасының да игілігін көріп отырған ақтөбелік шаруалар көп. Мұнда қаржы тікелей корпорация арқылы және несие серіктестіктері арқылы беріледі.
– Аталған бағдарламаның нысаналы мақсаты – «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша несиелеу. Шілде айының соңында Ақтөбе облысына қарастырылған 3 млрд теңге көлеміндегі қаражат түседі деп күтіп отырмыз. Бұл қаражатты тек ауылшаруашылығы саласындағы кәсіпкерлік бағытта жұмыс істейтіндерге 6 пайызбен береміз, – дейді филиал басшысы.
Осы жерде айта кету керек, 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасына сұраныс өте жоғары болды. Аталған бағдарлама бойынша несиелік қаражат ауылшаруашылығынан басқа да кәсіппен айналысуға ниеті барлардың барлығына берілді. Соның нәтижесінде ауылдық жерде түрлі кәсіпкерлік нысандары ашылды. Сұраныс жоғары болғандықтан, биыл да корпорация «Іскер» бағдарламасының нысаналы мақсаты ретінде аталған мемлекеттік бағдарлама бойынша несие беріп келеді. Алайда биыл талаптары өзгертілді: несие қаражаты тек ауылшаруашылығы саласындағы жобаларға ғана беріледі.
Мақала жазу барысында облыс аудандарындағы ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлермен сұхбаттасқанда барлығы да бірауыздан осы бағдарламаға деген сұраныстың жоғары екендігін, алайда несие тек ауылшаруашылығы саласындағы жобаларға ғана емес, басқа да кәсіп түрлерімен айналысуға берілсе екен деген тілегін білдірді. Себебі ауылдағылардың барлығы бірдей мал баға алмауы мүмкін, әрі ауылға кондитерлік цех, сұлулық салондары, медициналық қызмет көрсететін орындар, басқа да қызмет түрлері керек, демек, ауыл тұрғындарының тілегі орынды.
«Әйтеке би» несие береді
Көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстары үшін берілген несиелік қаражатты диқандар тікелей корпорация арқылы және несиелік серіктестіктер арқылы алды дедік. Жарты жылда филиал тарапынан берілген 7,5 млрд теңгенің 2,9 млрд көлеміндегісі облыстағы алты несиелік серіктестік арқылы берілген. Соның ішінде «Әйтеке би», «Елім-ай», «Ақтөбе-несие» секілді несиелік серіктестіктер белсенді жұмыс істеп келеді. Мәселен, биылғы жарты жылдың қорытындысы бойынша «Әйтеке би» несиелік серіктестігі 1 млрд теңгеден астам несие қаражатын берген.
Аталған несиелік серіктестігі 2002 жылы облыста алғашқы екі серіктестіктің бірі болып ашылған.
– Бүгінде қатарымызда 67 мүшеміз бар, жарғылық қорымыз – 192 млн теңге. Шаруаларға 2 млрд 800 млн теңгеге дейінгі несие беруге мүмкіндігіміз бар. Мал және егіншаруашылығы бойынша қаржыландырамыз. Егін шаруашылығы бойынша ауданда «Құмқұдық», «Еңбек- Агро», «Комсомол», «Бұлақ» сынды жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер егін шаруашылығына қатысты, «Баянауыл», «Әділ», «Қонысбай», «Жаннұр», «Мырзалы» сынды шаруа қожалықтары мал бағытында кәсіптерін жүргізу үшін мемлекеттің қолдауына ие болып отыр. Бүгінгі таңда ауылшаруашылығы мақсатында 2 млрд 167 млн теңге көлемінде несие беріп отырмыз. Диқандар егіс, жиын-терінге жыл сайын қаражат алады, техникалары паркін жаңартады, комбайндар алып жатыр, шаруалар қой, асылтұқымды ірі қара алуға, техника сатып алуға қаржы алады. Мәселен, ұсақ мал алу үшін «Мырзалы» – 40 млн, «Жаннұр» 32 млн теңге қаражат алды, – дейді аталған серіктестік басшысы Амангелді Сапаров.
Аудандағы ірі шаруашылықтардың бірі – «Құмқұдық» ЖШС аталған несиелік серіктестіктің негізгі құрылтайшыларының бірі. Ол алдыңғы жылдары «Сыбаға» бойынша 170 млн теңге, техникаларды жаңартуға 99 млн теңге алған және жыл сайын көктемгі егін, жиын-терін жұмыстарына 300-400 млн теңгедей қаражат алады екен. Биыл «Құмқұдық» ЖШС 20 мың гектардан астам алқапқа егін еккен. «Әйтеке би» несиелік серіктестігі арқылы егін, жиын-терінге 400 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдау алдық», – дейді «Құмқұдық» ЖШС директоры Александр Чемоданов.
«Жаннұр» шаруа қожалығының басшысы Сағындық Кішкенебаев мемлекеттің қолдауы арқасында ұсақ мал алғанын айтады.
– Мемлекеттік бағдарламалар бойынша несие алудан қорықпау керек, талаптары өте жеңіл, мұны өз әріптестеріме де жиі айтамын. Мен «Сыбаға» бойынша да, көктемгі егіс, жиын-терін жұмыстарына да несие алдым. Егін егу, оны жинау кезінде де жанар-жағармайға, техникаға көп қаражат керек болады, осы ретте шаруаларға қолдау керек. Бағдарламалардың тиімділігі осында. Облыстан да мал басына жем-шөпке субсидия ретінде қаржы беріп отыр. Жалпы, қазір ауылшаруашылығы саласында еңбек ететін кәсіпкерлерге жұмыс істеуге еш қиындық жоқ, тек жалқауланбаса болғаны. Ең бір қиын мәселе – айлығын уақытылы төлеп, жем-шөбін тегін беріп отырсақ да, жұмыс істейтін адам табу қиын, – дейді кәсіпкер.
P.S. Г.Ерғазинаның айтуынша, жақында аталған корпорацияның облыстық филиалы қорына «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына арналған 1,7 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат түсті. Бұл – екінші транш.
«Сонымен бірге қазіргі таңда сүт-тауарлы фермалар және қант қызылшасын өсіру мақсатында қаражат қарастырылады. Және «Іскер» бағдарламасы бойынша 3 млрд теңгеден астам қаражат түседі. Биыл облысқа қаражат мол бөлінді. Яғни қаржы бар, жұмыс істеймін деген кәсіпкерлерге қолдау бар», – дейді ол.
Ақтөбелік ауылшаруашылығы саласындағы кәсіпкерлердің қаржы «қоржыны» мол болса, егін қоры да, мал басы да артатыны сөзсіз. Ал ауыл байлығы, жер байлығы – ел байлығы.