«Болашақпен» білімін жетілдірген

«Болашақпен» білімін жетілдірген

Орал қаласында ғылым жолын таңдап, ізденіспен жұмыс жасап жүрген жас ғалымдар аз емес. Солардың бірі – Ербол Ербаев. Биыл «Болашақ» халықаралық стипендиясының «Тағылымдама» бағдарламасы бойынша грант ұтып алған жас ғалым Белоруссия елінен өз тәжірибесін толықтырып қайтқан болатын. Доцент міндетін атқарушы, PhD докторы Ербол Ербаев Белоруссия мемлекеттік аграрлық-техникалық университетінде «Ауылшаруашылығын энергиямен қамтамасыз ету» мамандығы бойынша 6 ай тағылымдамадан өтті. Тағылымдама тақырыбы – «Тұтынушыларды автономды электр қондырғысынан электрмен жабдықтау үшін басқару жүйесін әзірлеу». Яғни отандық аграрлық салаға қажет дүние.

«Белоруссия мемлекеттік аграрлық-техникалық университетінің» агроөнеркәсіптік кешен кадрларының біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтында білімдерін жетілдірген бір топ ғалым тұтынушыларды автономды электр қондырғысынан электрмен жабдықтау үшін басқару жүйесін әзірлеу әдіс-тәсілдерін меңгерді. Сондай-ақ дизельдік энергетикалық станциялар мен жел энергетикалық қондырғыларды пайдаланатын біріктірілген автономды электрмен жабдықтау жүйелерінің энергетикалық және пайдалану сипаттамаларын жаңа техникалық шешімдерді әзірлеу, күштік жабдықтың және басқару жүйесінің жұмыс режимдерін ұтымды ұйымдастыру есебінен жақсарту дағдыларын игерді.

 – Өзге әріптестерімен бірге түрлі кездесулерге, дөңгелек үстелдерге, дәрістер мен талқылауларға қатыстық. Белоруссиядағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтар мен ғылыми орталықтарда болдық. Белоруссия университетінің оқу-материалдық базасымен, ғылыми және оқу әдебиеттері залымен, Беларусь мемлекетінің Ұлттық кітапханасымен, республикалық патенттік кітапханасының қорларымен таныстық, – деді Ербол Төлегенұлы.

Мысалы, «Мал шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері және оларды шешу жолдары», «Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясында сүтті мал шаруашылығын дамытудың жаңа бағыттары: тәжірибе, мәселелер, мүмкіндіктер», «Сүтті мал шаруашылығын қарқындату жағдайындағы жем-шөп өндірісінің өзекті мәселелері», «Ауылдық жерлерді дамыту мен агроөнеркәсіптік кешендерді кадрлармен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері мен мүмкіндіктері», «Агроөнеркәсіптік кешендердің тиімді жұмыс істеуінің ұйымдастырушылық-экономикалық жағдайларын қалыптастыру» сынды халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинарлар мен дөңгелек үстелдерге қатысып, қатысушы ретінде сертификаттар иеленген. Бұл жиындарда Ербол Төлегенұлы баяндамалар оқып, Қазақстанда жоғары сапалы тұқым алу мүмкіндігі, ҚР-дағы энергия тиімділігі және энергияны үнемдеу жолдары, сусымалы материалдарды кептіруге арналған конвейерлік үлгідегі қондырғы орнату мәселелерін қозғады.

– Белоруссия университеті ғалымдарының және Беларусь Ұлттық Ғылым академиясының агроқалашықтарды және шалғайдағы энергия тұтынушыларды жергілікті энергиямен қамтамасыз ету саласындағы зерттеу орталықтарының ғылыми және техникалық әзірлемелерін зерделеу нәтижесінде біз оларға талдамалық шолу жасадық. Сондай-ақ электр шаруашылығын пайдалану тиімділігін арттыру және инновациялық технологияларды енгізу бойынша ұйымдастыру-техникалық іс-шараларын әзірлеу; кәсіпорындар мен агроқалашықтарды электрмен жабдықтаудың жаңа тиімді шешімдерін құру және енгізу; дәстүрлі емес энергия тасымалдағыштарды пайдалану бойынша батыстың озық технологиялары мен жабдықтарын зерттеу; автономды қондырғыдан тұтынушыларды электрмен жабдықтауды басқару жүйесін әзірлеу; энергиямен жабдықтаудың дербес жүйелері жабдықтарының техникалық жай-күйі саласындағы нормативтік-құқықтық актілер талаптарының орындалуын қамтамасыз ету бойынша бірқатар іс-шараларды дайындауға атсалыстық.

Энергетика адамзат қоғамының даму негізі екені сөзсіз. Энергетикалық ресурстар өндіріске, ауылшаруашылығына, көлікке, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, ақпараттық технология мен телекоммуникацияның қарқынды дамыған секторларына және басқа да салаларға аса қажет. Экономикалық өсу еңбек өнімділігінің ұлғаюымен тікелей байланысты болса, еңбек өнімділігінің ұлғаюы өндірісте жаңа технологияларды пайдалану есебінен жүзеге асырылады. Ал бұл жұмысты энергетика қамтамасыз етеді. Энергетика кез келген елдің стратегиялық маңызды секторы әрі экономиканың іргетасы саналады. Белоруссия меншікті энергетикалық ресурстармен қамтамасыз етілмеген. Бұл мемлекет энергия тасымалдаушылардың сыртқы жеткізілімдеріне тәуелді. Сондықтан белорустар үшін әлемдік энергетикалық трендтерді қадағалап отыру және оның экономикаға әсерін талдап отыру маңызды, – деді жас ғалым.

Берері мол бұл тағылымдамадан елге үлкен әсермен оралған ол шетелден оқып-үйреніп келген білімін отандық ғылымды дамытуға жұмсамақ.

Ләззат ҚАЖЫМОВА, БҚО Орал қаласы
17.11.2022

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 865
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6934
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10771
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7004
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7144