Боз кілемде – мәдениет қызметкерлері

Боз кілемде – мәдениет қызметкерлері

Оралда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар аясында Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне орай мәдениет қызметкерлері арасында қазақ күресінен «Өнер барысы – 2021» облыстық турнирі өтті.

Іс-шараны Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бірлесе ұйымдастырды. Спорттық шарада құттықтау сөз алған Орал қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев жауынгер халықтың ұрпағы үшін қазақ күресі жат өнер еместігін айтып өтті. – Күрес өнері – ата-бабамыздан бері жалғасып келе жатқан өнер. Біз – Атыраудан Алтайға дейін, Арқадан Жетісуға дейінгі жерді білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалған бабалардың ұрпағымыз. Сондықтан біздің бойымызда күш-жігер болмауы мүмкін емес. Өзінің күшімен қазақты әлемге танытқан Қажымұқан атамыз, күрес спорты бойынша қазақтан шыққан алғашқы Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров ағамыз – осы сөзіміздің дәлелі. «Жігітке жеті өнер де аз» деп қазақ халқы тегін айтпаса керек. Сахнадағы өнерлерімен көпшіліктің қошеметіне бөленген мәдениет саласының қызметкерлері бүгін өздерін басқа қырларынан танытқалы тұр, – деген Ерлан Ерсайынұлы өнердің барыстарына сәттілік тіледі.

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров спорт пен өнерді бір-бірінен бөліп қарауға болмайтынын жеткізді. – «Спорт пен өнер – егіз» деп тегін айтылмаған. Сондай-ақ ұлттық спорт түріне жататын қазақ күресінің беделі қашан да жоғары. Бұл – біздің ұлттық брендіміз. Спорттың бұл түрі елімізде ғана емес, әлемдік деңгейде де танылып келеді. Бүгінгі жарысқа қатысатын балуандарға – сәттілік, бапкерлерге – шыдамдылық, төрешілерге – әділдік тілейміз, – деді Қаймен Есенаманұлы.

Бұдан әрі «Жастар» стадионына жиналған көпшілік турнирге қатысатын командалармен таныс болды. Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Артур Шерғалиевтің айтуынша, турнирге қала мен аудандардан және облыстық мәдениет басқармасы атынан барлығы он команда қатысып, боз кілемдегі шеберліктерін байқатты. – Жалпы 55 палуан алты салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Бұл «Өнер барысы» – республикалық жоба. Оралда бұған дейін 2019 жылы ұйымдастырылған еді. Үстіміздегі жылы Шымкент қаласында да осындай турнир өтті. Біз де осы үрдісті жалғастырып, мәдениет қызметкерлері арасында қазақ күресін кеңінен насихаттауды көздедік, – деді Артур Мұратұлы.

Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев өнер қызметкерлері қашанда салауатты өмір салтын қолдайтынын жеткізді. – Мәдениет пен өнер саласында жүрген әріптестеріміз спортқа жақын. Әрдайым футболдан, шахматтан, көңілді сөреден, қазақ күресінен спорттық сайыстар тұрақты түрде өткізіліп тұрады, – деді бөлім басшысы. Расымен де сайдың тасындай іріктелген жігіттер ептіліктері мен мықтылықтарын байқатып, тартысты өнер көрсетті.

Осы ретте ұлттық дәрежедегі төреші Замир Батыровтың да пікірін сұрап, спорттық іс-шара туралы ойын білдік. – Осы жолы өз қаламызда ұйымдастырылған «Өнер барысы» турниріне төрелік ету бұйырды. Өнер адамдарының мінезі спортшыларға қарағанда сәл жұмсақтау болып келеді екен. Олардың бір-біріне деген құрметі, сыйластығы, ұстамдылықтары айқын көрінді. Әрине, қазақ күресінің де өз ережесі бар. Дейтұрғанмен, өнер адамдары белдескен спорттық додаға төрелік ету бізге қиындық тудырмады. Жарыс тартысты өтті, бізге ұнады, – деді Замир Серікұлы.

Мектеп қабырғасында күрес спортымен айналысып, облыстық жарыстарда өз бағын сынаған Орал қалалық мәдени-ағарту бірлестігінің директоры Серік Тоқмамбетов үшін боз кілемдегі белдесу – жат өнер түрі емес.

– Ауылда Санат Берсебаев, Тілек Махметов деген жаттықтырушылардың шәкірті болдым. 2019 жылы Оралда алғаш рет ұйымдастырылған «Өнер барысы» турниріне Сырым ауданының атынан шыққан едім. Ол кезде жекелей сынға түссек, биылғы турнирде командалық жарыс болды. Өз командама жігер беріп, өзім бастап шықтым. Командамызда алты адам болды. Осындай іс-шараға қолдау көрсеткен қала әкімдігіне алғысымыз шексіз, – деді Серік Әнуарұлы. Кейіпкеріміз өзге командаларда да мықтылардың болғанын жасырмады. Күресте ұтымды әдістерімен таң қалдырған Мейірбек Қанатов, Нұрлыбек Байниязов, Сәлімжан Әубәкіров, Эльдар Аубекеров, Ақылбек Кәкімов, Талғат Бишаев сынды әріптестерін атап өтті. «Ұлттық бағыттағы додаларымыздың барлығы қазақтың делебесін қоздырып, рухын оятады. Жанкүйерлер де балуандарды қолдап, жарысты қыздыра түсті» дейді қалалық мәдени-ағарту бірлестігінің басшысы.

Ұлттық спортымыз ұлықталған турнирде командалық есеп бойынша бірінші орынды Орал қаласының командасы («Өнер барысы» белбеуімен қоса 300 мың теңге) жеңіп алды. Оралдықтар боз кілемге төрт рет шығып, бір де біреуінде намысты қолдан бермеді. Ал екінші орын (200 мың теңге) Жаңақала ауданының командасына бұйырса, Қазталов ауданының өнерпаздары үшінші орынға (100 мың теңге) тұрақтады. Жүлдегерлерге арнайы медальдар мен дипломдар табыс етілді. Сондай-ақ аталмыш додада Д.Қайырлиев «Үздік техникасы үшін» ерекшеленсе, Н.Байниязов «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясымен марапатталды.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА, БҚО, Орал қаласы
02.09.2021

Ұқсас жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 26.11.2024 75
Таласқа ешкімнің таласы жоқ
Serik Salemov, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары - 26.11.2024 78
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 181
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 181
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 321
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 324
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 545
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 492

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9196
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8593
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11821
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9590
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10804