Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде, еліміздегі танымал кәсіпорындардың бірі «Жезқазғансирекмет» АҚ мен Ұлыбританияның Maritime House Ltd. компаниясы арасында құрамында рений бар шикізатты қайта өңдеу жөнінде офтейк-келісімшартқа қол қойылды. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бірлесіп атқарылатын бұл жобаның жалпы құны 107 млн АҚШ долларын құрайды екен. Коммерциялық келісім 5 жылға жасалған. Бұл Қарағанды облысының Саран қаласында қайталама шикізаттан металл рений өндіру жөніндегі ірі инвестициялық жоба болғалы тұр. Жобаға тартылатын инвестиция көлемі $30 млн-ды құрайды. Құжатта өндіріс қуаттарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, оның ішінде тараптар арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық мәселесі көзделген. Құрамында рений бар шикізатты қайта өңдеу — сирек металды өндірудің маңызды саласы болып табылады. Шикізат көздері: Мыс кендері мен молибден өндірісінің қалдықтары, сондай-ақ қайталама шикізаттардан алынады. Ал, технологиялық процестер: Кенді күйдіру, рений қосындыларын бөліп алу және оны таза металл күйіне келтіріп қалпына келтіру түрінде жүргізілмек.
«ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі шикізатты терең өңдеуге, озық технологияларды енгізуге және жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға бағытталған жобаларды жүйелі түрде қолдап келеді. Рений – авиациялық қозғалтқыштар, газ турбиналарын жасауда және мұнай өңдеу саласында қолданылатын, сирек кездесетін қымбат металдардың бірі. Қол қойылған келісім еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға және әлемдік аса маңызды минералдар нарығындағы орнын нығайтуға бағытталған»,- деп жазды министрліктің баспасөз қызметі.
Оқырмандарға түсінікті болу үшін айта кетейік. Мұндағы «Офтейк- келісімшарт» (offtake agreement)- бұл өндіруші мен сатып алушы арасында алдын ала жаслатын ұзақ мерзімді сатып ал келісімі. Оның мәні- сатып алушы болашақта өндірідетін өнімді белгілі бір көлемде және алдын ала келіскен шарттармен сатып алуға міндеттеледі.
Ұлыбританияның Maritime House Ltd. компаниясы — ренийді қайта өңдеу, арнайы металдар өндірісі және халықаралық сауда саласына маманданған отбасылық кәсіпорын. Оны 1986 жылы Кристофер Пир құрған. Өндірістің негізгі бағыттары: Ренийді қайта өңдеу (рециклинг), сирек металдар мен гексамин өндірісі, халықаралық саудаға шығару болып табылады. Кезекті жасалған коммерциялық келісім қазақ-британ өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болмақ.
Ерқазы Сейтқали
















