«Qazaqstan dauiri» газетінде (№35, 3 қыркүйек 2026 жыл) Асылбек Әуесханұлы «Бұрын ажырасу болмаған ел едік, бүгін әлемде екінші орындамыз» деп жазыпты мақалада. Не өзгерді? Мақалаға өз пікірімді білдірейін деп едім.
1. Бұрын ажырасу неге аз болды?
Бұрын 10-сыныпты бітіре салысымен қазақ қыздарының 50 %-ы абыроймен үйленіп, қала мен қала төңірегіндегі қыздар да ауылға тұрмысқа шығып, қазақтың бүкіл салт-дәстүрін сақтап, сіңіп кететін. Оқуға санаулы қыз-жігіттер ғана барып, оқу бітірген соң оларды алыс ауылдарға, қала маңына жіберетін.
2. Қазір не өзгерді?
Қазақ руханияты азғындады. Ұлт дәстүрі, қыздарды жас кезінде тірлікке үйрету, болашақ ана болу, абыройын сақтауды қатаң қадағалау – бәрі-бәрі мақұрым қалды. Арсыздар мен жемқорлардың ойлап тапқан «болашағы жоқ ауыл», «мәңгілік оқу» идеясы қазақ ұлты мен тамырына балта шапты. Бұрындары ауылдардағы халықтың 30 пайызы жұмыс бабымен қалаға көшсе де, ауылдарда әлі де адамдар көп болатын. Қазақы дәстүр мен тірлік қыз-қыз қайнап жататын. Соның бірі біздің Сарысу ауданындағы «Жайлаукөл кештері» әнінде көрініс тапқан.
3. Жыл сайын жесірлер көбейіп барады.
Солтүстік-орталық ауылдарының 60%-ы жер бетінен жоғалды. Енді ол оңтүстік облыстарда басталып кетті. Ауылдардан ел көшіп, мектептерде бала саны азаюда. Ауылдардан оқимын деп кеткен қыздардың көбісі әр жерде тентіреп жүр. Оқу бітіріп, бітірмегені бар. Абыройларынан айырылып, жесір әйелдің қатарын толтыруда. Олар «ауыл құрысын, мал құрсын, жесірлігім жақсы» деп, елді аздыруда. Қазір сол ауылдарда қара шаңырағын әкесін не шешесін қимай отырған 25-55 жастың ортасындағы жүздеген бойдақ еркектер жүр.
4. Шешім бар ма?
Мемлекет басшылары крептократикалық саясаттан үзілді-кесілді бас тарту керек. Толыққанды ұлттық идеологияны қолға алып, мемлекеттің өзегі қазақ ұлтының азғындауын тоқтату керек.
Кез келген мемлекеттік қызмет атқаратын қызметкер мемлекетке адал әрі шынайы қызмет етуі, моральдық қағидаларды берік ұстануы және қыздар мен әйелдердің ар-намысы мен абыройына құрметпен қарауы тиіс. Ол айлакерлікке, қулыққа және қызметтік жағдайын жеке мақсатта пайдалануға жол бермеуі керек. Қазақ ұлтының болашағына алаңдап жүрген қазақ азаматтарына қастандық жасамай, түрмеге қамамау керек. Осынау қасіреттің бәрі қазақ ұлтының демографиясы азайып, селдіреуіне ықпал етіп отыр. Әрбір шындықты айтып шырылдап жүрген адал азаматтарды тыңдап, одан қорытынды шығаратын ұлттық стратегиялық институттарды жедел жасақтап, дамыту керек. Ұлтымыздың өсіп-өнуі мен экономиканың дамуына мүдделі емес арам пиғылды топтар мен алпауыттардың ықпалына жығыла бермей, батыл саясат жүргізеді деп сенеміз.
Әбітбек ЖАНБЫРШИЕВ,
Жамбыл облысы
Талас ауданы














