Алматы бірнеше күнге әлемдік мәнерлеп сырғанау спортының орталығына айналды. VI халықаралық Denis Ten Memorial Challenge 2025 турнирі мұз айдынына жас дарын иелерінінен бастап халықаралық деңгейдегі чемпиондарға дейін әлемнің ең мықты спортшыларын жинады. Қазақстан, Оңтүстік Корея, АҚШ, Грузия, Канада, Швеция, Қытай және басқа елдерден келген қатысушыларды бәсекелестік, шабыт және Денис Теннің рухына деген құрмет бір айдынға топтады. Иә, Қазақстан әлем картасында мәнерлеп сырғанаудан өз орнын ойып тұрып алды, мұны осы турнир тағы бір мәрте дәлелдеді.
Мәнерлеп сырғанаушы нөмірінде бірегей каскадты – үштік аксель, ойлер, төрттік сальховты орындап, бұл элементтер ISU деректері бойынша әлемде теңдесі жоқ айрықша элемент саналады. Әрі қарай – төрт реттік лутц, төрт реттік флип және екі төрттік тулуп жасап, бағдардаманы сирек элемет – үш реттік лутц–үш реттік аксель каскадымен аяқтады. Қысқа бағдарламада Михаил мінсіз өнер көрсетіп, төрт реттік тулуп пен үштік аксельді таза орындады. Екі бағдарламада жинаған ұпайымен спортшы сөзсіз жеңіске жетті.
«Халық Аренаға» жиналған көрермен Михаилді қошаметпен қарсы алды. Әділқазылар күрделі элементтерді мінсіз орындауымен қатар әртістік шеберлігіне де жоғары баға берді. Михаил мықты техникасын мәнерлі орындаумен үйлестіре отырып, өзінің кемелдігін, күші мен сенімділігін көрсетті. Шақырылған қонақтардың арасында Ресейдің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, аты аңызға айналған Татьяна Тарасова да болды. Ол спортшылардың өнерін ерекше ықыласпен тамашалап, Михаил Шайдоровтың шеберлігін бөлек атап өтті. Татьяна Анатольевнаның айуынша, Михаилдың өнерінде жоғары техника да, терең сезім де, кемел орындау дағдысы да байқалады, бұл жас спортсмендерде өте сирек кездесетін құбылыс.
«Дайындағанымыздың бәрін көрсете алғаныма қуаныштымын. Иә, өте мазмұнды бағдарлама әрі әр элементі шамадан тыс зейінді қажет етеді. Көрерменнің керемет қолдауын сезіндім, бұл да маған соңына дейін зейінімді сақтауға көмектесті деп ойлаймын. Мен үшін бұл турнир жай жарыс емес, бұл мәнерлеп сырғанаушылардың тұтас буынына шабыт берген тұлғаның рухына деген құрметім, – деді Михаил Шайдоров жеңісінен соң. – Бүкіл команданың, демеушілердің қолдауы, әрине, аса маңызды. Владимир Жұманбаев пен "Алтыналмас" АҚ компаниясы сияқты адамдардың арқасында жоғары деңгейде жаттығуға, бірегей бағдарламаларды әзірлеуге әрі Қазақстанды әлемдік аренада абыроймен көрсетуге мүмкіндік алдық», – дейді спортшы.
Denis Ten Memorial Challenge – көрнекті қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің аты берілген ISU Challenger сериясындағы беделді халықаралық турнир. Биыл Мемориал маусымның басты оқиғаларының біріне және 2026 жылы Милан мен Кортина-д'Ампеццода өтетін Олимпиада ойындары алдындағы спортшылардың дайындығының маңызды сынағына айналды.
Мемориал жас конькишілерден бастап, қазіргі чемпиондарға дейін қатысқан Денис Тен атындағы академия студенттерінің мерекелік гала-шоуымен аяқталды. Финалдық қойылымға Михаил Шайдоров, Ника Эгадзе, Джейсон Браун, Хе Ин Ли, Диана Дэвис пен Глеб Смолкин дуэті сияқты жеңіпмаздар мен жүлдегерлер, сондай-ақ шақырылған халықаралық жұлдыздар – Максим Транков пен Татьяна Волосожар қатысты. Кеш мәнерлеп сырғанаушылардың әр буынын бір айдында біріктіріп, бұл турнирдің әлемдік мәнерлеп сырғанау спортындағы маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті.
Қорытынды шоумен турнир есте қаларықтай аяқталып, Denis Ten Memorial Challenge – жай ғана жарыс емес, бүкіл мәнерлеп сырғанаушылар буынына шабыт берген спортшыға құрмет көрсету, сондай-ақ спорт, өнер және бірліктің мерекесі екенін баршаның есіне салды.
Сурет Алена Глагоеваныкі