2022 жыл Қазақстан үшін де, әлем үшін де оңай жыл болған жоқ. Желтоқсан соңында қарапайым адамнан бастап, мемлекеттік мекемелерге дейін жыл қорытындысын жасап, алға жоспар құрып жатады. Мейрам қарсаңында NEGE порталы Мәжіліс депутаттарынан Жаңа жылдан не күтетіндігі туралы ойларын, жүрекжарды тілетерін сұрап біліпті. Аталған сауалға бірқатар халық қалаулысы пікір білдірсе керек. Енді соған назар аударсақ.
Депутат Аманжол Әлтай: «Алдағы жыл – Үкіметтің үлкен сынға түсетін жылы. Қазір бұрынғыдай бос белбеулік танытып, етек-жеңді кеңге жіберіп отыратын уақыт емес. Қымбатшылық пен азық-түлік бағасының күн сайын шарықтап өсуінің өзі халықтың әлеуметтік жағдайын қиындатып барады. Сондықтан бағаны тізгіндеу мен тұрақтандыру мәселесі Үкіметтің алдағы жылы ең басты айналысатын жұмысы болуы керек. Және осыны еңсере ала ма, алмай ма, Үкіметтің болашақ тағдыры осыған тікелей байланысты. Менің ішкі тілегім, 2023 жыл 30 жыл бойы мемлекет байлығын билеп-төстеп келген олигархтар мен аса ауқатты жеке тұлғалардың шетелге шығарған активтерін халық игілігіне қайтаратын нәтижелі жыл болса екен. Екіншіден, ұшқан құстың қанаты талатын даланы мекен етіп жатқан өз халықымызға жердің жетпей жатқаны белгілі. Оған олигархтардың қаншама жыл бойы мыңдап, миллиондап жеке меншігіне алып алуы себеп. Осыларды қайтару үшін де келер жылға артар сенім көп. Бұған дейін бес миллион жер қайтарылған болса, енді ары қарай да оны халықтың игілігіне беру жалғасуы тиіс»,— десе, Жұлдыз Сүлейменова: «Біріншіден, барлық азаматты келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын. 2022 жыл қиын да күрделі әрі еліміз үшін тарихи өзгерістер орын алған жылдардың бірі болды. Келе жатқан 2023 жылды заңнамалық негізде, конституциялық-саяси, әлеуметтік өзгерістерді жүзеге асыру жылы деп білемін. Осы жылы конституциялық сот жұмысын бастайды. Оның төрағасы ретінде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімованың сайлануы да үлкен жаңалық болды. Елдің алдында өзінің қажырлы еңбегімен сыйлы боп жүрген қазақ қыздарының мұндай жетістігіне тек қуанамыз. Жаңа жыл экономикалық шиеленістер мен әлемде орын алып жатқан геосаяси жағдайларға қарамастан, мемлекетіміз үшін берекелі жыл болсын деп тілеймін. Сонымен қатар алдымызға қойып отырған мақсаттар орындалса екен. Өз атымнан әлеуметтік өзгерістердің жүзеге асуына атсалысқым келеді. Әрине, қарапайым азаматтардың өз құқықтарын қорғауын қамтамасыз ету, олардың мемлекет ісіне араласуын кеңейту сияқты жұмыстардың бәрі биыл басталған. Сондықтан бұл жұмыстарды ары қарай да жалғастырамын. Геосаяси, бағаға қатысты экономикалық мәселелер болса да, біз ештеңеге қарамастан қиындықты еңсереміз. Белімізді бекем буып, ел тәуелсіздігін сақтауға күш салуымыз керек. Ел азаматтарын да осындай жауапкершілігі мол іске шақырамын. Жаңа жыл жақсылығымен келсін деген тілегім бар»,— депті. Ал, Берік Бекжанов: «2023 жыл осы кезге дейін қабылданған саяси реформалар орындалатын, мемлекеттік лауазымды тұлғалар үшін де жауапты жыл болмақшы. Қазақшалап айтқанда, етек-жеңімізді жинап, қандай да бір жағдайларға дайын болуымыз керек. Елдегі экономика төрт пайызға өсті деп жатыр ғой. Сол ары қарай жалғасын табады деп сенемін. Келер жылы көптің көкейіндегі әлеуметтік мәселелер де шешілуі тиіс. Оның ішінде салынайын деп жатқан медициналық мекемелер, жаңа балабақшалар мен мектеп, жатақханалар бар. Қазір Үкімет ауыл шаруашылығына қатысты бағдарламалар қабылдап жатыр. Мысалы, делдалдармен емес, тікелей өндірушілермен жұмыс жасау мәселесі. Ол бағдарламадан оң нәтиже күтіп отырмыз. Одан бөлек, импортты азайтып, экспортты көбейтуге көп мән беріліп жатыр. Алда Парламент сайлауы болады. Сосын әлеуметтік кодекс пен салық кодексі қабылданады. Жылдың басында Қаңтар оқиғасына қатысты құқық қорғау басшыларының есебін алу мәселесі тұр. Демек, 2023 жыл осындай ірі-ірі шаруалар мен қайнаған тірлікпен басталмақ»,— дейді.