Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ХАЛЫҚ БІРЛІГІ ЖӘНЕ ЖҮЙЕЛІ РЕФОРМАЛАР – ЕЛ ӨРКЕНДЕУІНІҢ БЕРІК НЕГІЗІ» атты Қазақстан халқына Жолдауында былай деген болатын: «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» басты қағидаты – мемлекеттік аппарат азаматтар мүддесі үшін жұмыс істеуге тиіс. Бұл бірінші кезекте жергілікті билікке қарата айтылып отыр.
Тұрғындармен тікелей қарым-қатынас жасап, олардың проблемаларын шұғыл шешумен дәл осы әкімдіктер айналысады. Бірақ, әрдайым осылай болып жатқан жоқ. Жоғары басшылықтың өңірлерде қабылданған шешімдерді түзетуіне, тіпті, кейде солардың орнына шешім қабылдауына тура келеді.
Түрлі деңгейдегі әкімдердің батыл әрі дербес қадам жасауға қабілеті жетпей жатады. Олар орталыққа жалтақтап жұмыс істейді».
Ал, қазір осы айтылған ескертпелерден қортынды шықты ма? Жергілікті өңірлердегі басқару тәсілдері әлі күнге шейін сол ескі сүрлеумен келе жатқан сияқты, Президент пен Үкімет тапсырмалары өз деңгейінде атқарылмай отыр.
Өйткені қаңтар айынан бері еліміздің әр түкпірінде наразылық акциялары әлі тоқтаған емес және кейбір азаматтарымыз еліміздің астанасына дейін келіп, өз мәселелерін Парламент пен министрліктердің алдына қойып жүр.
Көтеріп жүрген сұрақтадың басым көпшілігі жергілікті мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының шешетін мәселелері.
Мысалы қаржылық алаяқтық, экологиялық проблемалар, азаматтардың тұрғын үй мәселесі, тамақ бағасының күннен-күнге өсуі, ауыз сумен қамту, жеке коллекторлардың бассыздығы, төменгі деңгейдегі сот шешімдерінің әділетсіздігі, тиісті инфрақұрылымның жоқтығы және басқалар.
Бүгінгі таңда ең өзекті болып отырған мәселелер – тұрғындарды жұмыспен қамту және ұжымдардағы еңбек даулары, оның ішінде жалақыны көтеру, еңбек қауіпсіздігі және басқа да мәселелерге қатысты акциялар. Бірнеше ай болды мұндай наразылықтар Маңғыстау облысының көптеген жауапкершілігі шектеулі серіктестерінде орын алып отыр. Мұндай жағдай еліміздің басқа қалалары мен облыстарында да ауық-ауық көрініп қалып жүр. Бірақ, әлі күнге шейін жергілікті билік тарапынан нақты шешімдерді көре алмай отырмыз. Бұл сұрақтарды шешіп беріңіздер деп, сайлаушыларымыз қайта-қайта бізге шығуда.
Өткен жылы Маңғыстау мен Атырау облыстарын кешенді дамыту үшін арнайы даму жоспарлары да жасақталды, қарайған қаржы оны іске асыруға қаралды. Мыңдаған жұмыс орындары ашылады деп әкімдерде есеп берді. Алайда, бұл жоспарлардан да нәтиже көрмей отырмыз. Болашақта Атырау облысынан 40 мыңғы жуық адам жұмыстан босайды деп отыр. Олар қайда жұмысқа тұрады? Қазірдің өзінде халық көшеде жұмыс сұрап шулап жүр.
Өңірлерде азаматтардың көтерген мәселелерінің дер кезінде шешілмеуі, елдегі қоғамдық-саяси тұрақсыздыққа әкелетіні айтпаса да түсінікті. Керемет презентациялар мен әдемі бос сөздердің уақыты өтті. Елдің қамын ойлайтын уақыт болған жоқ па? Президент айтқан Әділ Қазақстанның принциптері неге орындалмайды? Өңірлерде осындай өзекті мәселелерді жергілікті билік барлық тараптармен бірлесіп, заң аясында неге жедел түрде шешпейді? Үкіметте бұл процесстен тыс қалмауы керек.
Сондықтан, құрметті Әлихан Асханұлы!
Бірінші. Маңғыстаудағы еңбек дауларын реттеу мақсатында Үкімет тарапынан құрылған комиссия, болып жатқан жағдайларды әлі де толық зерттеп, азаматтардың көтеріп отырған сұрақтарын шешу үшін нақты шешімдер қабылдасын.
Екінші. Меншік түріне қарамастан жер қойнауының байлығын өндіруші және оларға қызмет көрсететін сервисік компаниялардың мамандары мен қызметкерлерінің еңбек өтілі, жұмыс жағдайы, разряды және басқа да нормаларға сәйкес жалақыларын бірыңғай тарифтік шкала жасақтау мүмкіндігі қарастырылсын.
Үшінші. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік мекемелер конкурстық құжаттарда жұмыстарды атқаруға жұмсалатын жалақылардың деңгейлерін қарастыру қажет және мердігер компанияларда еңбек ақылардың төлену шарттарын қадағалауға алсын.
Төртінші. Жаңа жұмыс орындарын ашу үшін барлық жер қойнауын пайдаланушы және ірі компаниялардың импорттық тауарларының тізімін Үкімет толық анықтап, сол тауарларды өзімізде өндіретін нақты жобаларды іске асыруды қолға алсын. Өңірлердегі ірі компаниялардың импорттық тауарларын өндіруді максималды түрде сол өңірдегі орта және шағын бизнес субъектілері арқылы оқшауласын. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмысты Үкімет ай сайын мониторинг жасау керек. Облыс әкімдері жұмысының басты көрсеткіші ретінде импортты алмастыруды бекіткен жөн.
Депутаттық сауалымызға заңнамада көрсетілген уақытта жауап беріңіз!
«Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшелері:
Е.Жаңбыршин
С.Мусабаев
С. Нақпаев
Ғ. Амреев
Е. Абаканов
Д. Тұрғанов