Алматы қаласы бойынша ораза кестесі асығыс жасалған дейді ақын Әділет Ахмет өзінің Фэйзбук әлеуметтік парақшасында. Ол: Алматыда шам яғни ақшам намазы уақыты, былайша айтқанда ауыз ашар уақыты қате көрсетіліп жүр. Бұл туралы алдыңғы жылы да жазғанмын... Шам кірді деген ақ пен қараның шекарасы үзілген уақыт. Кеше, 29 наурыз күні кеште кесте бойынша 19.17 де ауыз ашу керек. Сурет 19.18 де түсірілді. Яғни Алатаудан батыстап барып бататын күн әлі толықтай ұясына кірмеген еді бұл кезде. Жалпы бұл кесте асығыс жасалған дейді.
Бұған Алматы қаласы бойынша пәтуаға жауапты маманның жауабын тыңдап көрелік.
Алматыдағы ауызашар уақыты дұрыс па?
Әлеуметтік желіде кейбір азаматтар Алматы қаласындағы ауызашар уақытына күмәнмен қарап, кестеде көрсетілген уақытта күн толық батпайды, кесте «қате» дегенге саятын пост жариялапты.
✍️ Біріншіден, мұндай жазбаларды әлеуметтік желіге жалпы жұртқа жариялай салмай, діни басқармадағы пәтуа бөліміне хабарласса бұған қатысты ақпаратты алар еді.
Өйткені, мұндай жазбалардан ораза ұстаушы адамдардың көңіліне күдік түсіп, ұтсап жатқан оразам қабыл болмай қалды ма деген ойда қалады. Ал, көңілге мұндай күдіктің түсуі адамның құлшылығын ықыласпен орындауына кері әсерін тигізеді.
Хош, ендеше, мәселеге көшейік.
✍️ Екіншіден, ораза ұстаушыға Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) күн батқан бойда ауыз ашуға үндеген. Бұл жөнінде:
لا يَزَالُ النَّاسُ بِخَيْرٍ مَا عَجَّلُوا الْفِطْرَ.
«Адамдар ауызашарды тездеткен шақта жақсылықтан ажырамайды», - деген пайғамбарымыздың өсиеті бар.
Сонымен бірге екінші хадисте:
لأَنَّ الْيَهُودَ وَالنَّصَارَى يُؤَخِّرُونَ
«Яһуди және насара халқы (ауыз ашуды) кешіктіреді», - делінген.
Имам Ибн Хажар Асқалани Бұхари хадис жинағына түсіндірме еңбегі «Фатхул-Бариде» жоғарыдағы хадисті былайша талдайды: «Ауызашар уақытына қатысты екі немесе бір сенімді адамның күннің көзі батты деуімен (хабарымен) болатындығына барлық ғалымдар бірауыздан келіскен».
Ханафи мәзһабында негізгі дереккөздердің бірі «Хидая» кітабының ораза тарауында: «Ораза уақыты екінші таң атқаннан күн батқанға дейін»,- деп көрсетілген. Мәзһабымыздың ең сенімді діни әдебиеттерінің бірі «Раддул мухтар» кітабында ораза тақырыбында: «Күннің батуы дегеніміз: күн көзінің ғайып болуы және шығыс тараптан қараңғылық басталуы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында: «Егер қараңғылық мына жақтан келсе (шығыстан) ораза ұстаушының ауызы ашылды»,- деген.
Демек, «ауызашар уақыты күн батып қызыл шапақ кеткен соң кіреді» деген сөз негізсіз. Бұл пікір - Ханафи мәзһабы сүйенетін хадистерге толықтай қайшы. Сонымен қатар, осылайша кешіктіріп ауыз ашу яһуди және насаралардың салтына еліктеу (ұқсау) байқалатындығына жоғарыдағы хадис дәлел. Мұндай жансақ пікірді айтушы адам хадистегі «Шығыстан қараңғылық келсе» деген сөзді батыстан қараңғылық келсе деп түсініп отырған секілді. Өйткені, хадистегі мәтінінде «мына жақтан қараңғылық келсе» деп келген. Бұл сөзді ханафи мәзһабы ғалымдары еңбектерінінен шығыстан келген қараңғылық екенін тайға таңба басқандай етіп нақты баяндағанын байқадық.
✍️ Үшіншіден, ҚМДБ «Шариғат және Пәтуа» бөлімі намаз уақыттары мен ауызашар уақыттарын
Алматы қаласындағы «В.Г. Фесенков атындағы астрофизика» институтының мағлұматтарымен нақтылап бекітеді. Бұл мәліметтерді жергілік имамдардың көмегі арқылы сол қалада, ауданда яки ауылда кестеге сай күннің шығуы мен батуын бірнеше жыл қатарынан тексерілген болатын.
Марқұм Бауыржан Әлиұлы кезінде муфтиятта шариғат және пәтуа бөлімінде қызмет еткенде екі жылдан астам уақыт Қазақстан бойынша намаз уақыттарын анықтау бойынша еңбектенген еді.
Сонымен қатар 2023 жылдың 02 сәуір күні мешіт ұстазы Нұрмұхамед Иминов қаладағы 25 қабатты Қазақстан қонақ үйінің төбесіне шығып, сол күнгі кестеге сай күннің батуын қадағалады. Кестеде 19.22 деп көрсетілген. Ал, 02 сәуірде күн 19.20 кеткенде батып кетеді.
🕌 Түйіндей келе, құрметті алматылық ораза ұстаушылар! ҚМДБ бекіткен ауызашар уақыты толықтай ханафи мәзһабы басшылыққа алатын діни мәтіндерге сай әрі мұстахап (құпталған) уақытқа сәйкес және ғылыми дәйектерге негізделіп жүзеге асырылуда деп айтуға толықтай негіз бар.
Сондықтан ойыңызды сан-саққа жүгіртпей, ауызашарды Муфтият кестесінде көрсетілген уақытта бастауыңызға болады.
Алла Тағала баршамыздың ұстаған оразаларымызды қабыл еткей! Әумин!
Елібек Тасболатұлы
Алматы қаласы бойынша пәтуаға жауапты маман