ДОМБЫРА – ҰЛТТЫҚ РУХАНИЯТТЫҢ АЛТЫН АРҚАУЫ

ДОМБЫРА – ҰЛТТЫҚ РУХАНИЯТТЫҢ АЛТЫН АРҚАУЫ

Ақтөбе өңірі Ұлттық Домбыра күнін ерекше атап өтті. «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы алаңында ұйымдастырылған Ұлттық домбыра күніне арналған «Бабамнан қалған аманат – асыл домбыра» атты мерекелік іс-шара аясында бір мезгілде 1500 орындаушы Ақтөбе аспанында қоңыр домбыра дауысын әуелетті. 

Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармонияның Ахмет Жұбанов атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, «Достық сазы» фольклорлық ансамблі, «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблі, Ақтөбе қалалық мәдениет сарайының «Серпін» фольклорлық ансамблі және қала тұрғындарынан жасақталған 1 500 домбырашы Құрманғазының «Балбырауын», «Адай» күйлері, Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін, Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет», Айтқали Жайымовтың «Шалқыма» шығармасын орындап, ұлттық өнердің ұлылығын көрсетті. 

– Домбыра – қазақтың жаны, үні, сан ғасырлық тарихымыз бен тағдырымызды, салт-дәстүріміз бен рухани болмысымызды бүгінге жеткізген қасиетті мұра. Қос ішектен төгілген әр күй – халқымыздың қуанышы мен мұңын, ерлігі мен өрлігін, даналығы мен даралығын баяндайтын мәңгілік шежіре. Күмбірі – ұрпақтар сабақтастығының алтын арқауы, елдік пен бірліктің символы. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтау мен дәріптеу – мемлекетіміздің іргесін нығайтудың маңызды негізі екенін әрдайым атап келеді. Ұлттық домбыра күнінің аталып өтуі – төл өнерімізге көрсетіліп отырған зор құрметтің айқын белгісі. Өңіріміз – күй мен жырдың, дәстүрлі әннің тамыры тереңге жайылған өрісі кең өлке. Ұлттық өнерді ұлықтап, өрісін кеңейтіп жүрген күйшілерге, жырауларға, ұстаздарға, қолөнер шеберлеріне және өнерсүйер қауымға осы мерекеде зор ризашылығымды білдіремін. Домбыраның қоңыр үні әр шаңыраққа құт-береке әкеліп, халқымыздың бірлігі мен рухын асқақтата берсін! Ұлттық домбыра күні құтты болсын! – деп құттықтады Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров. 

Ұлттық Домбыра күніне арнайы келген Қазақстанның Халық әртісі Айгүл Үлкенбаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жайлау Асылханов, «Құрмет» орденінің иегері Талап Хамзиндер күй тартып, көпшіліктің құлақ құрышын қандырды.  

– Биыл Домбыра күні тоғызыншы рет тойланып отыр. Президентіміз өз баяндамасында «Домбырамызды ұлықтау арқылы төл өнеріміздің мерейін үстем етіп, оны әлемдік брендке айналдыруымыз керек» деген болатын. Шынында да, қазіргі таңда осы бағытта жақсы үрдіс қалыптасып келеді. Домбырамыз, былайша айтқанда, әлемдік музыка кеңістігінде өзіндік орны бар заманауи аспап ретінде танылып келеді және болашақта оның беделі бұдан әрі де арта түсетіні сөзсіз, – дейді Айгүл Үлкенбаева. 

Ұлттық Домбыра күні аясында облыстық тарихи-өлкетану музейінде танымал күйшілерге тиесілі бірегей музыкалық аспаптар ұсынылған көрме де ұйымдастырылды. «Домбыра және дәуір» атты көрмеге облыстағы музейлер қорындағы 50 шақты музыкалық аспап қойылған. Олардың қатарында Ахмет Жұбановтың жеке домбырасы, Қазанғап ұстаған домбыраның көшірмесі, Қазанғап күйлерін орындаушы, насихаттаушы Айса Шәріпов пен Бақыт Басығараевтың домбыралары, Нұрпейістің баласы Момын Байғаниннің домбырасы, ақын Бәкір Тәжібаев, генерал-лейтенант Жансен Кереев, мәдениет қайраткері Еркін Құрманбек, Қазақстанның халық әртісі, әнші әрі композитор Димаш Құдайберген және басқа да танымал тұлғалар шерткен домбыралар бар. Көрмені тамашалаған облыс әкімі Асхат Шахаров жыршы Алтынай Жетесоваға танымал ақтөбелік шебер Ерқосай Әбілев жасаған домбыраны тарту етті. Биыл наурыз айында «Ер Едіге» эпостық өнер мектебінің тәрбиеленушілері қазақтың батырлар туралы жырларын 24 сағат бойы үздіксіз орындап, Global Book of Records-тың Азия және Африка елдері бойынша әлемдік рекордтар кітабына енген болатын.  Өңір басшысының айтуынша, бұл – ұлттық дәстүрдің өміршеңдігін дәлелдейді, әрі осы жыр мектебі – Ақтөбе өңірі мен бүкіл Қазақстанның мақтанышы. Алтынай Жетесова – осы «Ер Едіге» эпостық өнер мектебінің шәкірті.  Облыстық тарихи өлкетану музейінің ғалым-хатшысы Арман Ержановтың айтуынша, көрмеге қойылған музыкалық аспаптардың арасында тарихи тұлғалардың, халық шеберлерінің, күйші-домбырашылардың және өңір тұрғындарының жеке домбыралары да бар. 

– Домбыраның тарихы өте тереңде жатыр. Соңғы жылдары жүргізілген археологиялық зерттеулер барысында Қазақстан, Орталық Азия және Моңғолия аумағынан домбыраға ұқсас ішекті аспаптардың бөліктері табылып жатыр. Бұл ұлттық аспаптың тарихы өңірдегі ежелгі мәдениетпен тікелей сабақтас болуы мүмкін екенін көрсетеді. Домбыра ғасырлар бойы бірнеше буынның тәрбиесіне ықпал етіп, ұлттық руханияттың алтын арқауына айналды, – деді Арман Ержанов.

 

М.ТАБЫН
10.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26496
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25924
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43319
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39120
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43726