Допты хоккейден Ресей чемпионатында жоғары лига командалары арасында ойнайтын Оралдың «Ақжайығы» Орынбордың «Локомотивімен» екінші кездесуін өткізді. «Жастар» стадионында өткен матчта оралдық маман Николай Шавалдиннің шәкірттері қарсыласын 13:4 есебімен ойсырата ұтты. Бұл ойында «Ақжайықтың» сұрмергені, ресейлік Михаил Пахомов алты голдың авторы атанды. Ол биылғы маусымда соққан гол санын 20-ға жеткізді. Сондай-ақ, ресейліктер Артем Лапшин мен Александр Слугин үш-үштен гол соқты. Нұрбол Бөкешов те айдыннан бос кетпей, тағы бір голды еншісіне жазды. Осылайша, 6 ойыннан кейін 15 ұпай жинаған оралдық команда өз тобында әзірге төртінші орында келеді. Бірақ, қарсыластарына қарағанда, «Ақжайық» матчты әлдеқайда кем өткізді. Батысқазақстандық клубтың келесі кездесулері 28-29 қаңтарда өз айдынында «Никельщикпен» (Верхний Уфалей) өтеді.