3 дүркін Олимпиада және 11 дүркін әлем чемпионы Тедди Ринер Алматы қаласындағы дзюдо Академиясындағы оқу-жаттығу жиынының алғашқы кезеңіне қатысып, ұлттық құраманың ауыр салмақтағы спортшыларымен жаттығулар өткізіп жүр. Бұл жиын Франция дзюдо федерациясымен бірлесіп өткізілді. Еліміздің дзюдо федерациясының басшылары, бапкерлер мен Ұлттық құрама спортшыларынан бөлек, жиынды көруге Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев пен Спортты дамыту дирекциясының директоры Оралбай Жақсымбетов арнайы барды. Франциядан келген мәртебелі қонақ – әйгілі дзюдошы Тедди Ринер мен оның жеке бапкері Фрэнк Чамбилиге ұйымдастырушылар шапан жауып, қамшы тарту етті.
Жалпы, 2022 жылғы ел чемпионатының нәтижесі бойынша жасақталған Қазақстан құрамасының дзюдошылары 2 топқа бөлінді. Алматы қаласында дзюдо академиясында ауыр салмақтағы татами шеберлері жаттығу өткізсе, Алматы облысындағы «Жаңашар» Олимпиадалық даярлау орталығында Қазақстан құрамасының 100-ге жуық спортшысы шеберлігін шыңдап жатыр. Аталған жаттығу жиыны Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов, әйелдер құрамасының бас бапкері Ерлан Алпысбаев, франциялық жаттықтырушы-кеңесшілер Ксавье Монденкс және Стефан Трайно жетекшілігімен өтті. Жалпы жиын 22 қаңтарға дейін жалғасады.
Осы жерде айта кетер бір жайт, Ринер ерлер құрамасымен ғана емес, әйелдер командасымен де спаррингтер өткізді. Мәселен оны дзюдодан Азия чемпионы (2011), грэплинг бойынша Қазақстаннан шыққан бірінші және әзірге жалғыз чемпион (2018) Әйгерім Әбілқадырова жамбасқа салып лақтырып, таза жеңді. Бойы 205 сантиметрлік атақты спортшының лақап аты – «Тедди аю». Ринер дзюдодан әлем чемпионаттары тарихындағы титулы ең көп спортшының бірі: Мәселен, ол Францияда үш рет жыл спортшысы болып танылды (2012, 2016, 2017). Атақты дзюдошы 100 келіден жоғары салмақта өнер көрсетеді.