14 қарашада экология министрі Серікқали Брекешев ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкіметтік сағат барысында Республика бойынша балық шаруашылығын дамыту жөніндегі шаралар туралы баяндап берді.
Балық шаруашылығы экономиканың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Бұл салада балық аулау және балықты қолдан өсіру бағыттары экономикалық өсудің және халықты жұмыспен қамтудың негізі болып табылады.
Соңғы уақытта балық шаруашылығында оң үдерістер байқалуда.
Атап айтқанда, Жамбыл облысында балық шаруашылығын дамыту бойынша 10 жоба жүзеге асырылмақ. Қордай ауданы, Сортөбе ауылында өңірлік индустрияландыру картасына енген форель өсіру жобасы қарқынды жұмыс істейді. Онда жылына 40 тоннаға жуық балық өсіріледі, өндірісті кеңейте отырып, қуаттылығын 4 есеге жуық арттыру көзделіп отыр. Балық шаруа қожалықтары тұтынушыларымызға қосымша өнім берумен қатар, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуды көздейді.
Ең қиыны – балықты тауарлық келбетке дейін өсіру. Судың тазалығы, температураның сақталуы, сондай - ақ балық ауруларының алдын-алу балықты табысты өсірудің негізгі шарттары болып табылады, әйтпесе оның қырылу қаупі орын алып, шығынға әкеліп соғады. Осыған байланысты мен экология министрі Серікқали Брекешовке балық шаруашылығы су айдындарында балық қырылуының алдын алуға байланысты бірнеше сауалды қозғап, яғни: “Балық ауруларын жедел зерттеу үшін мамандандырылған зертханалар құру мәселесі, оларды емдеу, сондай-ақ осы мәселені шешуді қаржыландыру мәселесі қалай шешіліп жатыр» деген сұрақтарды қойдым.
Серікқали Аманғалиұлы Брекешов балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасында қаржылық ресурстар қарастырылғанын айта кетіп, сұрағыма толық жауап берді. Балық ауруларының алдын алу жұмыстары жоспарға сәйкес жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жергілікті бюджеттің қаражаты аясында жүргізіліп отыр. Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасында балық ауруларын зерттеуге арналған қосымша арнайы зертханалар құру және оларды емдеу бойынша шаралар кешенін қабылдау да қарастырылған.
Қазақстан балық ресурстарына бай. Дәл осы балық өнеркәсібі еліміздің экономикалық дамуында ерекше рөл атқара алады.
Балық шаруашылығы мәселесі Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ерекше бақылауында.