Адамның қолайлы өмір сүруіне еліміздің табиғи-климаттық, техногендік және әлеуметтік факторлары тікелей әсер ететіні айтпаса да белгілі. CIA World Factbook кітабы мен БҰҰ жасаған World Population Prospects (2005-2010 жылдар) тізіміне қарасақ өмір сүру ұзақтығы бойынша Қазақстан 123-орында тұр. Әлеуметтік жағдай, стресс, қоғам ғана емес тікелей әсер ететін бірден-бір фактор – экология.
Адамзат басынан кешіріп жатқанжаңа ғасырдың әлеуметтік-экологиялық проблемалары дүниежүзін алаңдатып отырған өткір мәселенің бірі. Соңғы биомедициналық зерттеулер қоршаған ортаның үнемі ластануы жаңа аурулардың пайда болуына, туа біткен деформациялардың көбеюіне, өлім-жітімнің жоғарылауына және туудың төмендеуіне, халықтың белсенді және салауатты өмір сүру кезеңінің күрт нашарлауына және сайып келгенде, кез келген ұлттың генофондына айтарлықтай зиян келтіргенін көрсетті. Ежелгі бабамыздан қалған дәстүр мен әдет-ғұрыпта қазақ халқы қашанда табиғатпен, жер-анамызбен тығыз байланыста болып, оның әр тасын, әр тал-шыбығын қастерлеп, қадір тұтты. Қазақта «Ағаш жапырағымен, жер топырағымен сәнді», «Бір тал кессең, он тал ек», «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген бабалар сөзі бар. Көшпелілердің ұрпағы табиғат анамызға титтей де болсын қастық қылмай, керісінше өмірін жер-ананың өзімен байланыстырған. Қазіргі жағдайда экологиялық проблемалар Қазақстанда жоқ емес. Тиісінше іс-шара қолданылып та жатыр. Біз Қазақстанның қазіргі экологиялық проблемаларына ел басшысының да бей-жай қарап отырмағанын «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасынан көрдік. Бұл туралы өткен жылғы үкімет отырысында министр Мағзұм Мырзағалиев «Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленіп жатқан «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын іске асыру ауаның ластану деңгейі жоғары 10 қаладағы жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді» деп өз ойын білдірген болатын. Ағаш отырғызу, су мөлшерін дұрыс пайдалана білу, замануи техникаларды, оның ішінде тамшылатып суғару т.б. елеулі жұмыстар шаруашылықтарың ғана емес қоршаған ортаның жағдайына өз үлесін қосты. Жасылдандыру саясаты табиғат анамызды қазіргі жағдайда сақтап қалудың жолы.
Енді бір ескеретін жайт – еліміздегі ең лас қалалардың көшін астанамыз бен Алматы бастап тұр. Жақында Алматы тұрғындары таза ауа үшін митинг өткізген болатын. Ауа сапасының индексіне (Air quality index) қарасақ, Алматыдағы ауадағы PM2.5 концентрациясы қазір ДДҰ ұсынған ауа сапасының орташа жылдық көрсеткісінен 9.6 есе жоғары екен. Мемлекеттің баса назар аударатын мәселелерінің бірегейі қазір осы болуы керек. Себебі осынша адам шоғырланған мегаполисте таза ауа болмаса пандемиямен қатар түрлі аурулар өршіп, тұрғындардың денсаулығына орасан зиянын тигізері анық. Қоршаған ортаның ластануы халқымыздың демографиясына ғана емес, генафондына қауіпті екенін жоғарыда айтып өттік. Сондықтан болашақ ұрпақ үшін экология мәселесін қолға алу қазіргі таңда ең өзекті мәселенің бірі екенін айтқымыз келеді.