Экологиялық акция жалғасып келеді

Экологиялық акция жалғасып келеді

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Жасыл аймақ» апталығында Тараз қаласының аумағында гүлзарларға гүл егіліп, ағаш көшеттері отырғызылды.

Апталықтың төртінші күні қаладағы «Денсаулық» саябағына Жастар ресурстық орталығының 30-ға жуық маманы гүл екті. Сонымен қатар, «Жасыл ел-Тараз» ЖШС-нің жұмысшылары «Жеңіс» саябағына гүл көшеттерін отырғызып, көріктендіру жұмыстарын жүргізді.

Осы күні облыстың іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері мен қаладағы кәсіпкер әйелдер қауымы бірлесіп, «Ұлы дала» шағынауданында түрлі ағаш көшеттерін отырғызды. №64 орта мектептің аумағына 100 түп сәндік ағаштарын еккен қыз-келіншектер игі істің ұрпаққа үлгі болатынын айтып, осылай мектеп ұжымына алғысын білдірді. «Еліміздің барлық өңірінде жанданған «Таза Қазақстан» акциясы Тараз қаласында да баянды жалғасын табуда. Акцияның «Жасыл аймақ» апталығы шеңберінде қоғамдық бірлестіктің мүшелері, қаламыздың нәзік жанды арулары мен кәсіпкер әйелдері игі іске өз үнімізді қосқанды жөн көрдік», – деді «Жамбыл облысының іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Меруерт Лештаева.

Ал, бір топ Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен 100 жастан асқан қариялар немере-шөберелерімен бірге қаланың Тәуке хан көшесінің бойында ағаш көшеттерін отырғызу рәсіміне қатысып, мұнда 230 дана құлқайыр (мальва) өсімдіктері отырғызылды.

***

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Жасыл аймақ» апталығы аясында Мойынқұм ауданының елді мекендерінде мекеме қызметкерлері ағаш түптерін әктеп, көшеттер отырғызды.

Мойынқұм ауданы, Айдарлы ауылында мекеме ұжымдарының ауыл сыртындағы тал-дарақтарына ақтау жұмыстарын жүргізіп, өнегелі істің өрнегін көрсетті. Жалпы, елді мекенде мекеме қызметкерлерінен іс-шараға 40-тан астам адам қамтылған.

– Аталған акция қоршаған орта мәдениетін қалыптастырып, туған өлкеге деген құрметімізді арттыра түсетіні анық. «Жүз жылдығын ойлаған ағаш егер» деп дана халқымыз айтқандай, игілікті іс ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, ұжымдық әріптестікті дамытады. Сондай-ақ, соңғы кездері біртіндеп ұмытылып бара жатқан ағаш отырғызу ісін қайта жаңғырта түседі, – дейді ауыл тұрғыны Айдархан Ерходжаев.

Бұдан бөлек, Күшаман ауылында Амангелді атындағы орта мектеп ұжымы мектеп маңына ағаш көшеттерін отырғызып, санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізді. Аталған іс-шараға жүзден аса қызметкер қатысып, үйлесімді істің ұйытқысы болды.

***

Сарысу ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында белсенді жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді. Қоғамдық орындар, саябақтар абаттандырылып, әрбір аула мен ауылдар күл-қоқыстан тазартылып, тал көшеттері отырғызылуда.

Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды», – деген сөз бар. Акция аясында Жаңатас қаласындағы мұсылман зиратының маңайына тазалық жұмыстары жүргізілді. Аталған іс-шараға жергілікті атқарушы органдар, мекеме және кәсіпорындардың қызметкерлері қатысты. Зират алаңы қураған шөп, құрылыс қалдықтары және басқа да түрлі қоқыстардан тазартылды.

– Тазалық – иманның жартысы. Ежелгі дәстүрге сай өткенге құрмет көрсетіп келе жатқан халықпыз. Мұсылман зиратының маңайын тазалап отыру – ізгі амал. Сондықтан, тазалық акциясы аясында әруақтардың жатқан жерлерін де естен шығармағаны дұрыс болды, – дейді қала тұрғыны Қанат Аббасов.

***

«Таза Қазақстан» акциясы аясында Меркі ауданында іс-шаралар жалғасуда. Осы орайда, «Өнегелі ұрпақ» тақырыбында апталық басталды.

Апталық барысында меркіліктер қайырымдылық іс-шараға атсалысты. Мүмкіндігі шектеулі жандардың үй шаруасына көмек берді. Жамбыл ауылының тұрғыны Нұрсұлтан Тұрымбетовтың үй ауласына сенбілік ұйымдастырды.

Бұл қайырымдылық іске ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкерлері мен жастар қатысты. Сондай-ақ, игі іс-шара Ақарал ауылында да ұйымдастырылды. Ақаралдық Ұлы Отан соғысының ардагері Азим Жармуханбетов 100 жасқа толды. Ғасыр жасаған абыздың баспанасын қоқыстан арылтып, жастар ардагердің батасын алды.

***

«Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық науқан аясында барлық өңірлерде көшет отырғызу, ағаштарды әктеу жұмыстары жүргізілуде. Ал, аталған акцияның «Өнегелі ұрпақ» апталығының алғашқы күні аудан жастары Алға ауылының тұрғыны, тыл ардагері Дәмет Уәлиеваның ауласында абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Бұл күні көріктендіру жұмыстарына 20-ға жуық белсенді жас біркісідей атсалысып, көпбалалы ананың алғысын алды.

– Саналы ғұмырымда адал еңбек етіп, кездескен түрлі қиындықтарды көппен бірге еңсеріп келеміз. Жалпы, ел үшін еткен еңбегің еш кетпейді. Жастарымыздың бүгін бізге құрмет көрсетуі соның жарқын көрінісі. Игі бастаманы жастарымыздың қолға алып, үйлестіріп отырғанына шын жүректен ризамын. Оларға аналық жүрегіммен ақ батамды беремін. Отансүйгіш, үлкенді сыйлай білетін өскелең ұрпағымыз көп болсын, – деді батыр ана.

Айта кетейік, Дәмет Уәлиева бес ұл-қызды тәрбиелеп өсірген ардақты ана. Бүгінде асыл әже атанған қария ұл-қыздарынан 25 немере, 15 шөбере сүйіп отыр.

***

Республикалық экологиялық акцияның «Өнегелі ұрпақ» апталығында Т.Рысқұлов ауданының тұрғындары ардагерлерге құрмет көрсетуде. Аудандағы медицина саласының ардагерлерімен бірге аудандық орталық аурухана алаңына жеміс ағаштары отырғызылды.

Алдағы 1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Жас ұлан» ұйымының жасақтары орыс этносының өкілі, Луговой ауылының тұрғыны, тыл еңбеккері Анна Хомяктың үйінің ауласына тазалық жұмыстарын жүргізді. Тыл еңбеккерін мерекемен құттықтап, азық-түлік себетін ұсынды. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысының ардагері Шалданбай Шанбаевтың үйінің ауласына да жастар сенбілік ұйымдастырып, тал отырғызды.

***

Қордай ауданы, Бетқайнар ауылдық округіне қарасты Соғанды ауылында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» атты бес апталық республикалық экологиялық акциясы аясындағы «Өнегелі ұрпақ» тақырыбында аудан жастары Мамбеталиевтер отбасылық бақшасына жеміс ағаштарын отырғызып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізді.

– Мен осындай мейірімді жастардың барына қуанамын. Бүгін көктемнің шуақты күнінде үйге келіп жылы сөздерін айтып, үй шаруасына көмектесіп, ауламды және бақшамды тазалап берді. Жастармен бірге мәре-сәре болып, көңілім көтеріліп қалды. Осындай акциялар жиі ұйымдастырылып тұрса екен деймін. Елімізде осындай көмекке мұқтаж жандар аз емес. Жасымыз келгеннен кейін үй шаруасына жарамаймыз. Жастарға алғысым шексіз, – дейді бағбан Гаухарбек Мамбеталиев.

Өз кезегінде белсенді жастар қарияларға көмек көрсету өскелең ұрпақтың парызы екенін атап өтіп, осындай ізгілікті істер өзге де елді мекендерде жалғасын табатынын жеткізді.

Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған акция басталғалы бері ауданда 40000 тонна қоқыс шығарылды. Акция аясында жұмыстар жоспарға сәйкес өткізілуде.

***

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында аудандық орталық аурухана аумағында медицина саласы қызметкерлері тал-дарақтарды ақтау жұмыстарын жүргізді. Оған 200 адам қатысты. Аудан орталығы Қаратау қаласында мәдениет саласы қызметкерлерінің қатысуымен «Дендросаябақ» аумағындағы талдарды ақтау жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, Қаратау қаласы және 13 ауылдық округтерінде аудандық барлық мекеме қызметкерлерінің аудан аумағында орналасқан тал-дарақтарды ақтау жұмыстары сәтті жүзеге асты. Мұндай тазалық жұмыстары қаратаулық тұрғындарға қуаныш сыйлады.

– Қаратау қаласында тазалық жұмыстарына бұрынғы уақытта да мән берілетін. Ал, биыл жасалған жұмыстар ауқымды. «Таза Қазақстан» республикалық акциясының аясында кеншілер қаласы бір тазарып, көзге әдемі көрініп қалды. Мұның барлығы – жақсылыққа жол ашатын игі істер. Тұрғындардың мұндай бірлігіне, ұйымшылдығына қуанып отырмын. Әр көпқабатты үйдің алдын, әр ауланы таза ұстау міндетіміз екенін түсіндік. Алдағы уақытта тазалыққа көңіл бөліп отыратын боламыз, – дейді қала тұрғыны Назира Тұрған.

***

Жуалы ауданының рухани орталығы болып саналатын Талапты ауылындағы Шерхан Мұртаза музейінде 100-ден астам адамның қатысуымен ауқымды сенбілік өтті. Аталған іс-шара Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының негізінде, «Өнегелі ұрпақ» апталығына орай ұйымдастырылды.

Қазақтың қабырғалы қаламгері Шерхан Мұртазаның туған топырағы туралы толғанған туындылары – көрнекті жазушының тағдырымен біте қайнасқан дүниелер. Қаламгер көрнекті тұлға болып қалыптасқан кезінде де өзінің туған топырағынан қол үзген жоқ. Жазушыға тоқсаныншы жылдардың орта шенінде Жуалы ауданына қарасты Талапты ауылынан арнайы үй салынып берілген болатын. Талапты – жазушының туған ауылы. Екі қабатты, еңселі ғимарат қазіргі күні музейге айналған. «Өнегелі ұрпақ» апталығының аясында жуалылықтардың дәл осы мәдени нысанды таңдағаны бекер емес. Бұл іс-шараның тазалықты насихаттап қана қоймай, ел-жұрттың басын біріктіретін рухани маңызы бар.

Акция аясында Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалдық музей-үйінің аумағына сенбілік жұмыстары жүргізіліп, ауласын көркейтті, әктеу, сырлау жұмыстары қатар жүріп, шөптер орылып, қураған ағаштар кесілді.

Қазақ әдебиетінің қызыл жебесі Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалдық музей-үйінің аумағына жүргізілген сенбілік жұмыстарына аудан әкімі, Шерхан Мұртазаның немере інісі Жалғас Мұртаза бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, аналар алқаларының мүшелері, «Жас ұлан», «Жас қыран», «Жасыл ел» жасақтары және белсенділер жұмылдырылды. «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында өткен іс- шараға белсене қатысқан оқушылар жазушының музей-үйіне бас сұғып, қаламгердің бай мұрасымен танысты.

***

«Таза Қазақстан» республикалық акциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында мемлекеттік қызметшілер арасында құрылған «Руханият» волонтерлік қозғалысы мүшелерінің қатысуымен Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылдық округінің тұрғыны Людмила Кужелеваның ауласын абаттандыру және жабайы шөптерден тазалау жұмыстары жүргізілді.

Акция барысында, волонтерлер жалғызілікті қарттың үйіне барып, ауласын тазалап, үй шаруасындағы жұмыстарға көмектесті.

– Біз бүгін бейбіт заманда өмір сүріп, тәуелсіз елдің азаматы болып жүрсек, ол ата-әжелеріміздің ерен еңбегі. Сол кісілердің маңдай терінің жемісі. Өз уақтысында қарияларымыз болашақ ұрпақ үшін деп ештеңеден аянбады. Ендігі жерде оларға құрмет көрсету – өскелең ұрпақ біздің парызымыз деп білеміз. Сондықтан да бүгінгі акция аясында қарияларға қолғабыс жасап, алғысы мен батасын алсақ деп келдік, – дейді «Руханият» волонтерлік қозғалысының мүшелері.

***

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы «Жасыл аймақ» апталығында Жамбыл ауданының Шайқорық ауылында тұрғындардың атсалысуымен 50 түп қара ағаш отырғызылды. Көшет егу, талдарды бұтау, ағаштарды әктеп, түптерін қопсыту жұмыстарына тұрғындар барынша атсалысты.

Сонымен қатар, «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен Ащыбұлақ ауылының тұрғындары да ауыл маңына түрлі ағаш көшеттерін отырғызды. Көшет егу, талдарды бұтау, ағаштарды әктеп, түптерін қопсыту жұмыстарына тұрғындар барынша белсенділік танытты.

Дәл осындай іс-шаралар ауданға қарасты 17 ауылдық округтегі 42 елді мекенде жалғасын тапты.

«Aq jol» газетінің тілшілер тобы
05.05.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 78
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 600
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 717
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 629
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 639

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8774
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8174
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11403
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9157
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10388