Алматы қаласының орталығында орналасқан Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мамандандырылған мектеп-интернатта Мәслихат депутаты Ринат Заитовтың қатысуымен жиын өтті.
Өнер мектебіндегі кездесу барысында музыкант және жалпы пән ұстаздары өздерінің талап-тілектерін айтып, ой бөлісті. Кездесу барысында мектеп директоры Нүркен Нұрғалиұлы бұл дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат болғандықтан, оқушыларды қабылдау кезінде шалғай ауылдардағы дарынды балаларды көбірек қабылдап, тек облыстардан жинақтап оқытуды ұсынды. Сондай-ақ мектепке қалалық оқушылардың қабылданбауын, өйткені қаланың балаларының барып келуі үшін мектепте көліктің жоқтығы, оқушылардың қатынап оқуы қиын екендігін, бұл мәселенің үлкен қиындық тудыратынын айтты.
Сонымен қатар мектепте 30 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан қоғам қайраткерлерінің жалақысы (бір жарым ставканың өзі) аз екені ортаға салынды.
Концерттерге, конкурстарға оқушыларды апару үшін әр ұстаз қаражатты өз қалталарынан жұмсайтынын ұстаздар ашына жеткізді.
Қаражатқа байланысты мәселеде жалпы пән ұстаздары көңілдері толмайтынын айтып өтті. Себебі ұстаздардың оқушыларды тегін олимпиадалар мен конкурстарға оффлайн түрінде ешқандай жерге қатыстыра алмауы 514 бұйрыққа сәйкес келмейді екен. Бұл шынында да дұрыс нәрсе емес қой.
Кездесу барысында мектеп ұжымы өздерін толғандырып жүрген ең қиын жағдай – Ахмет Жұбанов атамыз қалап кеткен қара шаңырақтың орнының бұзылып кетуі туралы мәселені депутат Ринат Заитовқа ашына жеткізді.
Келесі жылы мектеп бұзылса, жаңа мектеп қалай, қай жерге салынатынын ұстаздар жамырай сұрап, жоғарыда отырған басшыларға мұны шұғыл түрде жеткізулерін өтінді. Бұзылған жағдайда осы тұрған (Әуезов пен Құрманғазы көшесінің қиылысы) орнында қайта салынуын айтып, бұл өтінішті Мәжіліс депутаттары мен Үкіметке жеткізуін талап етті. Депутаттармен кездесуде ұжымның келесі өтініші осы А. Жұбанов атындағы мектепке ҰЛТТЫҚ атау беруін сұрап, жоғары басшыларға, министрлікке жеткізуін өтінді.
Өз тілшімізден