БҰҰ сарапшылары зерттеуіне қарағанда, ғаламшар тұрғындарының 80 пайызы өркениеттен шеткері аймақтарда өмір сүреді екен. Бұл аз десеңіз, күллі әлемде 2,5 млрд-қа жуық адам таза суға зәру болса, су сапасының төмендігі мен жетіспеушілігі әлемдегі 4,52 млрд. адамның санитарлық талапқа сай өмір сүруіне кедергі болып отырса керек. Қысқасы, жердегі әрбір он адамның төртеуі қанып ішер таза суға зәру.
Ауыз су мәселесі біздің елімізді де айналып өтпейді. Рас, Қазақстан Үкіметі тұрғындардың тұщы су ішуіне қажетті барлық жағдайды жасап отыр, әсіресе, соңғы жылдарда. Оған мемлекеттік деңгейде қабылданған «Ауыз су», «Ақ бұлақ», «Өңірлерді дамыту», «Нұрлы жол» сияқты атаулы бағдарламалар дәлел. Жүзеге асқан шаралар нәтижесінде елімізде 48,2 мың шақырым инженерлік желі салынып, тұрғын халықты сумен жабдықтаудың деңгейі 92,6 пайызға жетті. Бірақ, аталған мерзімде ауыз сумен қамтуға қыруар қаржы жұмсалғанымен, бәрі ойдағыдай болып шықты деуге әлі ертерек. Мұны кезінде Алматы облысына жұмыс сапарымен келген кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан да. Сонда мемлекет басшысы: «Жалпы, еліміздің барлық дерлік өңірлерінде халықты ауыз сумен қамтамасыз ету проблемасы бар. Өңірді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар қолға алынғалы 20 жылға жуық уақыт өтті. Осы кезеңде бұл мақсатқа 500 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Өкінішке қарай, нақты нәтиже аз. Бұл орасан қаржының мақсатты жұмсалуын Есеп коммитеті мен құқық қорғау органдары сараптауы тиіс», – деген-ді. Тапсырма берілгенімен, жұрттың көпшілігі Президенттің елді ауыз сумен қамтудың мәселелеріне орай берген тапсырмасына сәйкес құзырлы органдардың атқарған ісінен бейхабар.
Статистикалық мәліметтерге сенсек, былтыр Үкімет ауылдардың сумен жабдықталуына мониторинг жүргізетін интерактивті карта әзірлеп, іске қосқан. Соған сәйкес, ел бойынша тізімге енген 6 341 ауылдың арасынан 4078 ауылға орталықтандырылған су құбыры тартылыпты. Тағы 279 ауылда сумен қамтитын шағын кешендер салынған. Ал 1 146 ауылды орталық су құбырына жалғау үшін жабдықтау жүйесінің құрылысы жүріп жатса керек. Бұдан бөлек, тұрғын саны екі жүз адамға жетпейтін елді мекендерде таза су өндіретін сорғы-кешен салынуда. Мұндай ауылдың саны – 838. Жалпы, еліміз бойынша сапалы ауыз сумен қамту ісі 2025 жылға дейін толықтай шешімін табуы тиіс. Бұл – Үкімет алдындағы жауапты міндет. Оның орындалуын, әрине, уақыт көрсетеді. Десек те, ауыз суға жарымай отырған ауылдардың саны әлі де азаймай отыр, оны жоққа шығаруға болмайды. Бұл мәселе өзге өңірлерді былай қойғанда, сулы да нулы аймақ саналатын Жетісудың өзінде толық шешімін тапқан жоқ. Соның салдарынан аяғына дейін атқарылмаған істің соңы даңғаза шуға ұласып, істің алды сотқа дейін жетіп жататын кездері аз кездеспейді.
Орта Азиядағы су көздері мен ауыз су мәселесін зерттеп жүрген ғалым, қырғыз сарапшысы Құндыз Әділбекова: «Еліміздегі ауыз су тапшылығы 2050 жылдан бастап сезіле бастауы мүмкін. Әлбетте, мұның бірнеше себеб бар. Оған аумақтағы өндірістің өркендеуі мен таза суды тұтыну қарқынының өсуі, географиялық жағдай мен климаттың өзгеруі, көрші елдердің су саясаты мен тұрғындар санының жылдан жылға көбеюі сияқты жағдайлар түрткі салмақ. Біз мұның бір бағытына, бюджет қаржысы жұмсалған мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуына тоқталайық. Мәселен, игерілетін тұщы су көздерінің мүмкіндігі қазіргі демографиялық өсім қарқынына сәйкес емес-мыс. Өйткені, өткен 20 жыл ішінде жүзеге асқан сумен қамту бағдарламаларында көптеген фактор ескерілмеген. Оған 2002-2010 жылдар аралығында жарияланған «Ауыз су» бағдарламасын мысалға келтірсек те жеткілікті. Себебі, орындалуы тұрғысынан өте ұзақ мерзімге созылған әрі қомақты ақша жұмсалған іс нақты нәтиже көрсеткен жоқ. 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасының да нәтижелі аяқталмағанын елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту үлесінің әлі де 100 пайызға жетпегенінен көруге болады. Қазақстандағы жер көлемінің ерекшелігі ескерілмей жасалған алғашқы бағдарлама негізінен бұрыннан дайын инфрақұрылымы бар елді мекендердің су жүйесін жаңғыртумен аяқталған. Яғни, негізінен қала маңындағы ауылдардың жайы ғана назарға алынған. Нәтижесінде жаңадан анықталуы тиіс тұщы су көздері ашылмай, сарқылуға таяу жер асты суының көлемі одан әрі төмендеп кеткен. Су көздеріне түскен артық салмақ сұйықтықтың сапасын өзгертіп, топырақ қабатының тұз бен сорға айналуына да әсер етуі ықтимал. Бұл келешекте Қазақстандағы ауыз су тапшылығының бірден бір себебі болуы мүмкін», – деген қорытынды жасайды маман.
Жалпы, ауыз судың «жыры» – біздің елде ең қымбатқа түскен ұзақ толғау. Дерек бойынша, 2002-2020 жылдар аралығындағы бағдарламалар ел бюджетіне 1 трлн теңгеден астам қаржы көлемінде шығын әкеліпті.
Мәселенің қаншалықты күрделі екендігін осыдан-ақ байқауға болатын шыған демекпіз. «Қаралы қаңтардан» кейін жаңадан құрылған үкімет өзекті мәселенің шешімін сиырқұймышықтатып әріге соза бермей, жедел қолға алар деп сенеміз. Қандай жоба қолға алынса да, оған жұмсалатын ақша салық төлеп отырған халықтікі ғой. Ендеше, сол халық биліктен өз ақшасына таза ауыз су мәселесін шешіп беруді талап етсе, мұның несі айып?