Елмұрат Тасмұратов: Қазақстан құрамасы сапында болу арманым еді...

Елмұрат Тасмұратов: Қазақстан құрамасы сапында болу арманым еді...

Біздер Өзбекстан ұлттық құрамасында танымал қазақ балуанының бар екенін 2014 жылдары ғана естіп, білдік. Бірақ, бағындырған белесі, алған асуы, көтерілген биігі туралы мүлде хабарсыз едік. Жасыратыны жоқ, тегі қазақ, өзі мықты болса, не себептен Қазақстанның емес, ала шапанды ағайынның намысын жыртып жүр деген әуес ойға да ерік бергеніміз рас. Қысқасы, белдескенді бет қаратпай алып ұра беретін қайсар да намысқой әрі әдісқой балуан екен деген түсінік төңірегінен арыға аса алғанымыз жоқ. Содан көрші елдің атын шығарып жүрген қазақтың алтын баласы жайында мағлұматтар іздестіруге кірістік.  «Ізденген жетер мұратқа» дегендей, ізденісіміз ізсіз кетпеді, өз жемісін берді, әрине. 

Азияның 5 дүркін чемпионы, Рионың қола жүлдегері, Өзбекстан құрамасында өнер көрсеткен балуан Елмұрат Тасмұратов  жайында сыр

Құрамаға Елмұратты неге жолатпады?

Айтқанда өлең секілді үндесе дыбысталатын осы бір есімді естігенде өзімізде елеусіз қалып, өзге елде бағы жанған даңқты қазақ балуаны еріксіз еске түседі. Өзбекстан тұманында дүниеге келген, тарихи Отаны – Қазақстанның намысын қорғасын деп, арнайы аттандырып салған әке сенімін ақтап, ел ішіндегі  белдесулерде қарсылас шақ келтірмей түгел жығып жүрген Елмұратты, өкінішке орай, ұлттық құрама бапкерлері мықтылар қатарына қосқысы келмеді. Мықтылар қатарына қосқысы келмегені сол, оқу-жаттығу жиындарына шақырмады. Сөйтіп, қазақтың қаршадай талантты жігіті қазақ спорт функционерлерінің жершілдік-трайбалистік саясатының «құрбаны» болды. Бұл жайында Елмұраттың өзі былай еске алады: «Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсетуді мен бала кезімнен армандадым. Сол үшін көп тер төктім, күндіз-түні еңбектендім. Әділет бар деп ойладым. Бірақ, мықты екенімді дәлелдеп, ұлттық команданың «есігін» қаншама рет қағуға әрекеттенсем де, бапкерлер мені құрамаға шақырмай қойды. Жанымдағы бірге жаттығатын жігіттерді шақыратын, ал мені жолатпады. Тіпті, көзге ілмеуге тырысты. Немесе, ұлттық құрамадағы бірінші және екінші нөмірлі балуандарды боз кілемнің үстінде талай рет ойсырата жеңгенмін. Қазақстан біріншіліктерінде бірнеше рет жүлдегер атандым. Кадеттер арасында да жақсы нәтиже көрсетіп жүрдім. Қазақстан спартакиадасында қарсыластарымның бәрін ұтып, бас жүлдесін жеңіп алған болатынмын. Алайда ұлттық командаға алмай қойды, оқу-жаттығу жиындарына шақырылмадым, былайша айтқанда, далада қалдым. 

Әлі есімде, 2007 жылы қазақстандық балуандар Карелин атындағы турнирге қатысу үшін Ресейге аттанды. Менімен бірге жаттығатын жігіттердің барлығы дерлік сол турнирге қатысты. Білесіз бе, аталған сайысқа мені тағы апармай қойды. Осыдан соң ашуың келе ме, келмей ме?.. Сол жарысқа қатысқан 50 балуанның 49-ының қоржыны бос қайтты, бәрі қирай жеңілді. Ал менің қарсыласым болып жүрген балуан бірінші орын алды. Кейін оны жасөспірімдер арасында өтетін Азия чемпионатына даярлай бастады. Ал, ол балуанды мен үнемі жеңіп жүрген едім... Әділетсіздіктің ең үлкені 2008 жылы Азия чемпионатына іріктеу ретінде өткізілген Дәулет Тұрлыханов атындағы турнирде жасалды. Бұл турнирді өткізудегі мақсат барлық салмақ бойынша №1 балуанды анықтау болатын. Оған маған қарсылас болатын еліміздегі кіл мықтылардың барлығы қатысты. Негізгі қарсыласым – өзім үнемі жығып жүрген баяғы балуан. Ол, жалпы, жақсы балуан еді, бірақ мен оның осал тұсын жақсы білетінмін. Жұрт күткендей ақтық сында екеуміз бетпе-бет келдік. Бір сәті келгенде қарсыласымды алып ұрып, жауырынын жерге тигізсем де, төрешілер қасақана ұпай бермей, бұрмалап жіберді. 

Сөйтіп маған қарадай қиянат жасады. Осы жарысты басынан аяғына дейін тамашалаған мамандар мен білікті бапкерлерден бастап, бірге жаттығатын жігіттерге дейін кілем үстіндегі менің мықтылығымды мойындап, тамсана таңдай қақса да, жеме-жемге келгенде төрешілер бұра тартты. Айдақтаушылардың болғаны анық.  Бұл – мені Азия чемпионатына апармаудың амалы екенін іштей түсіндім. Содан ұлттық спорттың тізгінін ұстағандардан қатты көңілім қалды. Үлкен спортта көбіне осылай, тамыр-таныстық, біреудің ағасы, біреудің бажасы шешуші рөл ойнайды. Бұл тек Қазақстанда ғана болып жатқан жағдай емес, әлем бойынша осындай. Біз секілді қарапайым отбасынан шыққан спортшыларға мұндай тамыр-таныс жайлаған ортада топты жарып шығу қиынның-қиыны».

Қазақстаннан қолдау таппаған Елмұрат көп ойланды, басын жарға да соқты, тауға да соқты. Ақырында өзі үшін ауыр және тосын шешім қабылдауға мәжбүр болды. Ол бір-ақ күнде жиналып, Өзбекстан құрамасына ауысты да кетті. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар еді?» демекші, атажұртта шетқақпай көрмесе, жағдай жасалған болса, әділетсіздікке жол берілмесе, елден безіп жын ұрып па?! Философияда тағдыр деген ұғым бар. Адам баласы өз тағдырынан қашып құтыла алмайды, одан бас тарта алмайды. Мәселеге осы тұрғыдан келсек, адам баласына өз арманын орындау үшін жалғыз ғана мүмкіндік беріледі деседі. Сол мүмкіндікті пайдалана алмаған адам өмір бойы өкініш пен құсада өтеді-мыс. Елмұрат кейін осындай өкініште қалмау үшін, мүмкіндікті жіберіп алғысы келмеді.

Құрметті оқырман, бір сәт Елмұраттың орнына өзіңізді қойып көріңізші. Енді ойлап қараңыз, боз кілем үстінде үнемі сізден жеңіліп жүрген балуан ертең Азия чемпионы немесе әлем жеңімпазы атанып шыға келсе, ызаңыз келер ме еді, келмес пе еді?! Оның үстіне мұндай әділетсіз жағдайға бір емес, әлденеше рет жол беріліп жатса, адам қандай күйде болуы мүмкін?! Ал, күрестің тізгінін ұстағандар «қайтсек те сені Азия чемпионатына жібермейміз, білгеніңді істе» деп алдыңызға тор құрып тастаса, айтыңызшы, қатардағы қарапайым спортшы не істей алады? Кімге барып мұңын шағады?! Адамгершілік таразысына салсақ, ұяты бар адамдар мұндай арамзалыққа бармас еді. Бірақ, спорт саласында өзінен басқаны мойындамайтын кеудемсоқ, жүзшілдік пен жершілдікті ұлтшылдық деп қабылдайтын жалған патриоттар, көкірегі көр, білімсіз, даңғой, ұяты кемдеу адамдардың да жүргені анық және ондайлар аз емес. Олардың басты кемшілігі басынан сөз асырғысы келмейді, қарсы келіп, өз уәжіңді айта бастасаң, тағанағы тарс жарылады. Әйтпесе, «Жігіттер, Елмұрат нағыз бабындағы балуан екен, мінезді екен, оның мықтылығына дауымыз жоқ. Спортшыға обал жасамайық, Азия біріншілігіне осыны жіберейік» деп жалы күдірейген бір спорт шенеунігі кесіп айтып, арашаға түскенде, басқалары ойланар ма еді, қайтер еді...

Осындай имансыз, арсыз, трайбалист, құлқынның құлы болған спорт функционерлерінің кесірінен қазақтың қаншама талантты балалары өмірден өз орнын таба алмай адасып қалды десеңізші! Оның ішінде сынып кеткендері туралы жақ ашпай-ақ қояйық. 

Кеңестер Одағы билеп-төстеп тұрған тұста спорттағы көрсеткішіміздің  төмендігін  Мәскеуден көретін едік, енді кімнен көреміз?..

«Ең өкініштісі, – дейді Елмұрат, – сол уақытта кейінгі өмірімді Қазақстанмен байланыстыруды ойлап, Өзбекстандағы тұрғылықты жердегі тіркеуден шығып кеткен болатынмын. Қазақстан азаматтығына өтініш беріп қойғанмын. Төлқұжат деген құнды қағаз, оп-оңай беріле салмайды, не керек, ақыры сол құжатты ала алмай кеттім».

Елмұрат ТАСМҰРАТОВ: Қазақстан балуандарына қарсы күрескім келмейді

 

«Жиенбай балуанның ұрпағымын»

Осы жерде айта кетейік, Елмұрат Тасмұратов Өзбекстанның қазақтар көп тұратын Бостандық ауданына (Ташкент облысы) қарасты Қызылту ауылында 1991 жылдың 12 желтоқсанында дүниеге келген. Біреу білер, біреу  білмес, бұл аудан халқының барлығы дерлік қазақтар. Оның да өзіндік себебі бар. Өйткені Оңтүстік Қазақстан облысының жер аумағы саналып келген Бостандық ауданы Мәскеудің араласуымен 1957 жылы ғана Өзбекстанға өткен. Сондықтан болар, мұнда қазақтар әлі күнге дейін көпшілік болып тұрады. Тасмұратовтар отбасы басқа ағайын-туғандар секілді қарапайым өмір сүрді. Жұртқа алақан жайған кедей болмаса да, басқалардан асып тұрғаны да шамалы еді. Әкесі Зұлыпқар ұжымшарда өмір бойы жүргізуші болса, анасы үй шаруасымен айналысты.

Туған жер, өскен өлкенің адам өмірінде алатын орны әрқашан да бөлек қой. Қандай жетістікке жетіп, нендей биікке көтерілсе де, қоңыр тіршілік кешкен күндер ешкімнің жадынан шыға қоймас. Сол сияқты Елмұрат сынды батырдың да балалық бал дәурен шағы өзіндік өрнегімен қалған қымбат күндер. Қарапайым ғана тіршілігі бар шағын ауылдың бір белесінде, жотасында, қырқасында даңқты балуан балалығының ізі сайрап жатыр десе болады. Ал, ауыл іргесінен ағып өтетін Шыршықтың әні қандай ғажап! Ол да балуанның балалық шағынан сыр шертіп тұрғандай. Балалық шағы туралы Елмұраттың өзі де «Шыршықтың тастай суық суына шомылатынбыз, бәлкім, шымыр болып өскен болсақ, содан шығар. Суға жүзуден алдыма жан салмайтынмын, су астында да басқалардан гөрі ұзағырақ жататын едім», – деп еске алады.

«Әке – балаға сыншы» демекші, ұлының күреске икемін байқаған Зұлыпқар оны жаттығу залына өзі жетектеп апарыпты. Балуанның «Әуел баста балуандыққа мойнымды бұрып әкелген әкем еді. Бізді ширақ, намысқой болып өссін дегені шығар», – деп еске алатыны осы кез. Бірақ  Қызылтуда жаттығу залы жоқ, оған бару үшін алты-жеті шақырым жаяу жүруің керек. Әрине, оған дейін үйдің алдынан автобус жүреді, алайда оған жолақы төлеуің керек. Ал, күн сайын жолға төлейтіндей ақша оларда болмады, оған жағдай көтермейді. Осылайша, жаттығу залына дейін бәленбай шақырым жаяу жүріп, екі жылдай солай қатынады. Ал, жаттығу залына бармай қалуға болмайды, әкесінен таяқ жейді. Өйткені әкесі Елмұраттың спортшы болуын қалады. Ол кейде баласының ұзақ жаяу жүріп баратынын, одан шаршап, қиналып жүргенін көрсе де, байқамаған қалып танытатын. «Қазір қиналсаң, ертең соның жемісін жейтін боласың. Есесіне мен сияқты май-май болып, шаңға көміліп жүрмейсің. Сондықтан шыда, шыдауға тиіссің!» – деп дем беретін. Қанша жерден шыдап бақса да, баланың аты бала емес пе, кейде өзен жағасында, құм үстінде басқа балалармен асыр салып ойнағысы келеді. Алайда жаттығу залына күнде баратын, әкесінен қаймығатын. Сөйтіп жүріп, күрес десе ішкен асын жерге қоятын адамға айналғанын өзі де байқамай қалды.

Елмұрат айтады: «Ауылдағы көне көздердің айтуы бойынша, біздің арғы атамыздың бірі – Жиенбай алысқанын алып ұра беретін сұмдық өжет балуан болыпты. Өзі алып денелі, нағыз қара күштің иесі болғанға ұқсайды. Сол балуан бабамыз 18 жасында Қоқан ханның бас балуанымен күреске шығып, иығын сындырып жіберген екен. Содан Қоқан хан Жиенбайдың жай адам емес екенін сезіп, сарайға қызметке шақырып: «Менің құзырымдағы сарайдың бас балуаны бол!» – депті. Бірақ Жиенбай одан бас тартыпты. Ханның ұсынысынан кім бас тартады? Оның айтқаны заң емес пе!  Мұндай «бассыздықты» күтпеген хан қатты ашуланып: «Мына тәрбиесіз баланы ұстаңдар да, сарайыма алып жүріңдер!» – деп әмір етеді. Сол-ақ екен хан күзетшілерінің бірнешеуі Жиенбайға тап береді. Бірақ бойындағы бұла күші бұлтылдап тұрған бозбала тақап келгеннің бәрін лақтыра береді. Жиенбайдың өнеріне әбден риза болған хан төбелесті тоқтатып, былай депті: «Сен өзі болайын деп тұрған бала екенсің. Өнеріңе әбден риза болдым. Айтқаным айтқан, сарайыма кел, бұрын-соңды ешкімге көрсетпеген құрмет көрсетемін. Үлде мен бүлдеге оранып жүретін боласың. Ал, қазірше жолың әне, боссың!» – деп босатып жіберіпті. Әкем менің сол Жиенбай сияқты балуан болуымды қалады. Расында да, балуандық өнер, асқақ рух, тұқым қуалау, өзіңе деген ұлы сенім деген дүниенің бәрі де әуелгі негізден болса керек». 

Спорт мектебі оны шыңдап, Азия чемпионы етті

Елмұраттың ерлігі

2004 жылы Елмұрат 13 жасқа келгенде ұлынан үміт күткен әкесі күрестің қыр-сырын жетік үйрену үшін Қазақстанға, анығырағы Түркістан қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы дарынды балаларға арналған арнайы спорт мектеп-интернатқа оқуға жібереді. Әрине, интернатқа оқуға түсу де оңай болған жоқ. Балуанның айтуынша, ауылдан алғашқы болып Ерман Дүйсенбаев деген жерлес жігіт сол мектеп-интернатқа оқуға түскен екен. Одан кейін бұл да кетемінге басып, қиғылықты салады. Обалы не,  әке-шешесі мұның бетінен қақпай, «барсаң, бара ғой» дейді. Алайда оқуға түсу үшін «делдалдар» 300 АҚШ долларын сұрайды. Шиттей бала-шағамен күндерін әрең көріп отырған отбасында мұндай қаражат қайдан болсын, қатты қиналады. Бірақ баласының болашағын Қазақстанмен байланыстыруды көздеген әкесі «делдалдар» сұраған қаражатты қалайда тауып беруге келіседі.

«Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» демей ме қазақ. Дәл соның кері болып шықты. Елмұрат оқу-жаттығу жұмысына дайындалып жүргенде, бұлардың отбасы күтпеген жағдайға тап болып, үйлері өртеніп кетті. Бір сәтте лап етіп жанды да, күлге айналды, түгі қалмады. Амалы құрыған әкесі: «Жағдайды өзің көріп тұрсың, балам. Енді оқуға өз күшіңмен түспесең, менің саған көмектесер жағдайым жоқ. Бірақ мойыма. Не болса да, пешенеңе жазғанды көресің. Мен әкелік батамды бердім», – дейді. Бұлар бір атадан алты ағайынды еді, екі ұл, төрт қыз. Оларды да аяғынан тұрғызу керек. Елмұрат әкесіне ештеңе дей алмады. Қалай болғанда да осы сәттен бастап болашақ балуан күрес техникасы мен төзімділікті жетілдіру бағытында тынбай жұмыс істей бастады. Жатса-тұрса оқуға түсуді ойлаған ол жаттығу залын екінші үйі етіп алды десе болады. Осылайша, күрестің нағыз фанатына айналды. Өйткені ол спорт-интернатқа қатты түскісі келген еді.

Елмұрат айтады: «Уақыты келгенде Түркістанға келіп, қажетті емтихандарды тапсырдым. Уақыт өтіп жатты. Сыртқа сыр білдірмегеніммен, ішім әлем-жәлем. «Түсе алмай қалсам, ауылға не деймін, әкемнің көзіне қалай қараймын?» деген ой жегідей жеді миымды. Емтихан нәтижесін жариялайтын күн де келіп жетті. Қатар тұрғандардың арасынан бес баланы бір қадам алға шығуымызды сұрады. Ішінде мен де бармын. Аты-жөнімді бірінші болып атады. «Қап, оқуға түспей қалдым ба?» – деп қапаланып тұрғанымда, емтихан комиссиясының мүшесі: «Құттықтаймын, сендер оқуға түстіңдер!»  – демесі бар ма!.. Сондағы қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Осылайша, бақ шаба ма, бап шаба ма дегендей, бағым жанып, талай мықтыны баптап шығарған интернатқа түстім де кеттім. Негізі, онда көп нәрсе үйрендім. Бұған дейін күрестің ережелерін білем дегенім жай болып шықты. Әлі де үйренетінім көп екен. Соны түсіндім. Жалпы, интернатта жағдай жақсы болды. Ең бастысы, жаттығу үшін ауылдағыдай жеті шақырым әрі, жеті шақырым бері жаяу жүгіріп, қиналмайтын болдым. Жаттығуға қажетті нәрсенің бәрі бар, тамақ тоқ, көйлек көк, тек тынбай жұмыс істесең болғаны. Ауылда мұның бірі де болған жоқ қой...».

Осындай ортаға келіп түскен Елмұрат ендігі жерде тек өзін жетілдіру, күресте өзін көрсету керек екенін жақсы түсінді, жаттығу жұмыстарына баса көңіл бөлді.

Өзін-өзі жетілдіруге ден қойғаны соншалық, тіпті демалыс күндері де өз бетімен шыныға бастайды. Интернатта күн сайын таңғы сағат 7-де жаттығу жасауға сыртқа шығатын болса, ол білдірмей басқалардан бір сағат бұрын стадионға барып өз бетімен жаттығып жүрді. Сонда әріптестері келгенше он айналым жүгіріп үлгеретін, сосын басқалармен бірге жеті айналым тағы жүгіріп өтетін еді. Жаттығу залына да ең бірінші болып барып, ең соңынан қайтып жүрді. Не керек, интернатта Елмұрат қатты еңбектенді, көп тер төкті. Оның еңбекқорлығына бірге жаттығатын әріптестері де таң қалатын. Оның үстіне ауылдан оқуға аттанар алдындағы әкесінің айтқан сөзі оған өзгеше дем беріп тұрар еді.

Интернатта балуан Александр Колесников, Хаким Мұсаев деген бапкерлердің қол астында жаттықты. Елмұраттың даңқты балуан болып қалыптасуына, әсіресе Колесниковтың сіңірген еңбегі орасан. Еңбекқорлығын, талантын, күреске деген икемін байқады ма, ол бапкер ретінде шәкірті үшін талай рет жанын ауыртты, арашаға түсті. Тіпті, Елмұратты өкіл бала қылып алғысы келді, өзінің үйінде тұрып жаттығуды ұсынды. Өйткені ол өзі баптаған шәкіртінің Азия чемпионы болуын қалады, әлемдік додаларда атой салатынына сенді. Шәкіртінің Олимпиада тұғырында талтайып тұруын қандай бапкер қаламайды дейсіз, қалағанда қандай! Оның үстіне бапкер Тасмұратовтың боз кілемде талай мықтының «жынын қағып» алғанын көріп-біліп жүр. Тасада қалып қоймаса екен, сынып кетпесе екен деп жүрді. Талай рет араға да түсті. Бірақ ұлттық құраманың тізгінін ұстаған көрсоқырлар оның сөзіне құлақ аспады. Айтпақшы, Елмұраттың Өзбекстан құрамасына ауысуына тілекші болып, тікелей көмек қолын созған адам да осы Колесников болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Білікті маман Өзбекстан құрамасының бас бапкерімен өзі бетпе-бет сөйлесіп, Ташкентке ауысуына септігі тиген болатын.

Әрине, кілем үстінде ешкімнен тайсалмайтын арыстан жүректі, жолбарыс білекті қазақтың қара баласының жеңіске деген жігерін өзбек-акалар да қалт жібермей қадағалап жүргені анық. Өйткені олар Тасмұратовты еш кедергісіз,  қуана-қуана құрамаға қабылдады.

Өзбекстан құрамасына ауысқан Тасмұратовты өзбек бапкерлері сынап көру үшін түрлі жарыстарға салды. Бұл да сынға жауапкершілікпен қарап, өзбектердің бірінші және екінші нөмірлі балуандарының тас-талқанын шығарып жеңді. 2008 жылы өтетін Азия чемпионатына іріктеу турнирінде де өзін жақсы жағынан көрсетіп, бірінші орынға ие болды. Әрине, өзбек әкалардың өздерінің де Азия біріншілігінде атой салатындай мықты балуандары болды, бірақ қазақ балуанының техникалық дайындығына олар ештеңе істей алмады. Сөйтіп, абырой болғанда жасөспірімдер арасында өтетін Азия біріншілігінің  жолдамасын жеңіп алады. Енді мына қызықты қараңыз, Бішкекте жалауы желбіреген осы жарыста бірінші айналымда-ақ баяғы өзі үнемі жамбасқа алып жеңіп жүретін қазақстандық балуанмен кілем үстінде кезіксін. Бұлай болады деп кім ойлаған? Ішінде ызасы бар Елмұрат оны ә дегеннен-ақ тас-талқанын шығарып, оңдырмай жеңді. Одан кейін кездескен барлық қарсыластарын да қоғадай жапырып, нәтижесінде алғаш рет жасөспірімдер арасында Азия чемпионы атанды. «Содан кейін Өзбекстан құрамасында біржола қалып қойдым», – дейді Елмұрат.

«Шәміл мен Жақсылық ағаларды ұстаз санадым»

Өзбекстан туының астында өнер көрсеткен Елмұрат Тасмұратовтың спортта жеткен жетістіктері аз емес. Ол қол жеткізген табысқа қазақстандық балуандардың өзі соңғы 25 жылда жете алған жоқ десек, артық айтқандық болмайды. Оның бағындырған биігіне кейбіреулердің қызыға да қызғана қарайтыны сол себептен. Көрші елдің атынан кілемге шыққан Елмұрат соңғы он жылда (2009-2020 ж.) Азия құрлығында 63 келіге дейінгі салмақта алдына ешкімді салған жоқ. Грек-рим күресі бойынша Азияның бес дүркін чемпионы болды. Атап айтқанда, 2012 жылы Оңтүстік Кореяның Гуми қаласында өткен бәсекеде күміспен күптелген қазақ  балуаны 2013 жылы Делиде тұңғыш рет чемпион болды, бір жылдан кейін 2014 жылы осы атағын Астана төрінде қайталады. 2015 жылы Доха қаласында да (Катар) қарсылас шақ келтірген жоқ. 2018 жылы Бішкекте де (Қырғызстан) осы салмақта құрлықта мықты екенін дәлелдеді. 2020 жылы Нью-Делиде (Үндістан) өткен құрлық чемпионатында тағы да биік тұғырдан көрінді. Финалға дейін сүрінбей жеткен Елмұрат ақтық сында әлемнің күміс жүлдегері, оңтүстіккореялық Жинсеуба Сонгты 9:0 есебімен таза жеңіп, бесінші рет Азия чемпионы атанды. Бұдан бөлек 2016, 2017 жылдары қола еншілесе, 2019 жылы күмісті қанағат тұтты. Ол боз кілемде жасындай жарқыраған он жылда бірде-бір рет жүлдесіз қайтқан жоқ.

Қазақ балуанының әлемдік деңгейде де жетістігі ауыз толтырып айтарлықтай. 2013 жылы Будапеште (Хунгария) өткен Әлем чемпионатында қола үшін таласта ол Қазақстан ұлттық құрамасының №1 балуаны Алмат Кебісбаевтан айласын асырып кеткен болатын. 2014 жылы Ташкенде өткен Әлем біріншілігінде де жүлдесіз қалмады, екінші мәрте қола олжалады. Сол жылы Өзбекстан астанасынан Қазақстан құрамасы бірде-бір жүлдеге ие бола алмай, сүмірейіп қайтқан еді. Ал 2018 жылы Будапеште әлем чемпионы атануға бір табан жақын тұрып, ақтық сайыста сүрінді. Нәтижесінде күміске қол жеткізді. 

Осы жерде айтып өтейік, 2013 жылы Будапеште Алмас Кебісбаевты қапы қалдырған Елмұрат 2014 жылы Астанада өткен Азия чемпионатында Қазақстан балуаны Бағлан Жақаншаны 10:0 есебімен оңдырмай ұтты.

Елмұрат Тасмұратов – Өзбекстан ұлттық құрамасы сапында үш бірдей Олимпиада ойындарына қатысқан жалғыз спортшы. 2012 жылы өткен Лондон ойындарында 16-орыннан көрінсе, 2020 жылғы Токио ойындарында тізеден алған жарақатына байланысты ойдағыдай өнер көрсете алмады. Олимпиададағы ең жоғарғы көрсеткіші – 2016 жылы өткен Рио-де Жанейро ойындарының қола жүлдесі.

Риода 59 келі салмақта сынға түскен Елмұрат алғашқы екі қарсыласын оңай еңсерді. Әуелі 2007 жылы әлем біріншілігінің қола жүлдегері сербиялық Кристин Фристі жеңді. 

Одан кейін 2013 жылғы әлем чемпионы, солтүстіккореялық Юнь Вон Чхольды 7:0 есебімен ұтты. Бірақ жартылай финалда 2015 жылғы әлем чемпионы кубаның қара баласы Исмаэль Борреродан айласын асыра алмады. Жарыс қорытындысында Борреро алтын олжалады, Тасмұратов қолаға таласта қырғызстандық Арсен Ералиевті қапы қалдырып, белдесуде жеңіп шықты.

Грек-рим күресінен Мәскеу олимпиадасында топ жарған Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіковты ұстаз санаған Елмұрат 2021 жылы өзінің спорттық мансабын тоқтататынын жариялады.

Бір кезде Қазақстан ұлттық құрамасына ене алмай тауы шағылған, амалсыздан ала шапанды ағайынның атынан өнер көрсетіп, көрші елдің мерейін өсірген, абыройын асқақтатқан жампоз азамат бүгінде мұхиттың ар жағында бапкерлік қызметте бағын сынап жүр.

***

Елмұрат айтады: «Жалпы жақтастарыма да, қарсыластарыма да ризамын. Азғантай еңбегімді бағалап, қаншама жыл сый-құрмет көрсетіп алақанына салып отырған  өзбек бауырларға да, алыста жүрсем де «өзіміздің баламыз» деп ұмытпай жүрген қазақ халқына да, айналамда сыйлас жүрген асыл азаматтарға да айтар алғысым шексіз! Өзім Өзбекстанда туып-өсіп, осы елдің атынан сынға түсіп жүрсем де, Қазақстанмен байланысымның барлығын ұмытпаймын, тегімнің қазақ нәсілінен екенін мақтан етемін. Маған деген ықылас-көңілдеріңіз үшін баршаңызға мың да бір рақмет!».

Несі бар, Елмұраттың бұл жүрекжарды сөзіне біздің алып-қосарымыз жоқ. Тек қазақтың күрес өнерін жаңа белеске көтерген балуанның ерлігі мен өрлігі өзінен кейінгі келер буынға, жалпы жастарға жұғысты болса екен дейміз.

БОЛАТ ШАРАХЫМБАЙ
21.04.2023

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 836
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6910
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10750
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 6979
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7120