Нұр-Сұлтан қаласына Алтай Көлгінов әкім болып келгелі алдымен «сақалды» құрылыстардағы даулы мәселелерге нүкте қойылды. Қала әкімдігі «Жол картасын» жасап, үлескерлер үмітін үзген әрбір нысанға қатысты нақты жоспарды қолға алды. Нәтижесінде 2019 жылы 10 тұрғын үй кешені пайдалануға беріліп, үлескерлердің саны 2,5 мың адамға қысқарды. 2020 жылы құрылысы тоқтап қалған 20 нысан пайдалануға берілсе, 8 мыңға жуық үлескер қоныс тойын тойлады. Қазірге дейін қалада 16 мың үлескердің 13 мыңнан астам мәселесі шешілді. 2021 жылы 57 тұрғын үй құрылысы аяқталып, 500 қоныс тойын тойлады.
2022-23 жылдары қалған көпқабатты үйлерді аяқтау жоспарлануда. ОКҚ алаңында өткен брифинг барысында қала әкімі Алтай Көлгінов үлескерлер мәселесіне тоқталды.
– Ел басшылығының тапсырмасы бойынша құрылысы ұзаққа созылған нысандардың құрылысын аяқтау бойынша ауқымды, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2019 жылдың жазында 52 нысан-ұзақ құрылыс ретінде есептелген еді, бұл дегеніміз 150 көппәтерлі тұрғын үй кешені. 2019-2020 жылдары біз 33 көппәтерлі тұрғын үй кешенін салып, пайдалануға бердік. 5 мыңнан астам үлескер отбасы ұзақ жылдар бойы күткен пәтерлерін сатып алды. Биыл тағы 57 көппәтерлі тұрғын үй кешенін аяқтаймыз. 2022 жылы тағы 40 көппәтерлі тұрғын үйді, 2023 жылы 20 тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Осылайша 2023 жылы елордадағы үлескерлер мәселесін толық шешуді жоспарлап отырмыз, – деді Алтай Көлгінов.
Елорда әкімі елордадағы кейбір үйлердің құрылысы 15-16 жылға созылғанын айтты. Үлестік құрылыстың барлық нысандарында әр түрлі көрініс болды: бір жерде тек шұңқыр, бір жерде қаңқасы (каркас) көтерілген, енді бір жерде құрылысшы бір пәтерді 4-5 адамға сатқан. Дегенмен, әрбір ұзақ құрылыс бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бар. Әкімнің айтуынша, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында қала бойынша үй кезегінде тұрған 2,5 мыңдай отбасы мерекені өз үйінде қарсы алады. Бұл дегеніңіз өз ел, өз жерінде баспана зарын тартқан талай қазақтың көз жасын тыйып, шат шадыманға бөлейтін зор қуаныш. Сонымен қатар елордада тұрғын үй кешенін жөндеу, апатты және ескі үйлерді бұзу жұмыстары да жүргізілуде.