Біздің халқымыз ежелден денсаулыққа айрықша мән беріп, оны бірінші орынға қойған. «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Сондықтан елімізде денсаулық сақтау саласын мемлекет тарапынан қайта дамытуға айрықша көңіл бөліне бастағаны бәрімізді қуантады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға ерекше назар аударды. Бұл ретте Президент тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы қаулысымен «Дені сау ұлт» атты мемлекеттік ұлттық бағдарлама бекітіліп, жүзеге асырылуда. Осы бағдарламада жұқпалы туберкулез ауруының алдын алуға ерекше назар аударылған.
Қазіргі күнде Қазақстанда туберкулезге шалдығу 100 мың тұрғынға шаққанда 52 оқиғаны құрайды. Бұл осыдан 10 жыл бұрынғы дерекпен салыстырғанда 2,4 есеге төмен. Соңғы 10 жылда, яғни 2008 жылдан бері өлім-жітім де 5,6 есеге төмендеді. 2017 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 3 оқиға ғана болды. Өткен жылы республика бойынша туберкулезге шалдыққандардың саны 8 мың адамнан сәл ғана асты. Егер соңғы 10 жылдың динамикасын алып қарайтын болсақ, онда науқастардың жалпы саны да 2 есе азайып отыр.
Астанада туберкулез бен онкологиялық ауруға шалдыққан науқастар саны 100 мың тұрғынға 2,9 адамнан ғана келеді. Көрсеткіш бұдан да төмендер ме еді, өкінішке орай, елордада туберкулез және онкологиялық аурудың ошағына айналған жер бар екендігін біреу білсе, біреу біле бермейді. Бас қаламызда бұдан 60-70 жыл бұрын, яғни 1954-60 жылдары саман кірпіштен салынған жер үйлерде халық әлі күнге дейін тұрып жатыр. Осындай 80-нен астам жатаған үйлердің мұржасынан будақтаған қара түтін ауаны ластауда. Мұны көріп, баяғыдағы қырда қимылсыз жатқан қазақ ауылы еске түседі. «Астана гүлденіп жатыр» деп бөрігімізді аспанға лақтырғанымызбен, тұрмыс тауқыметінен таршылық көрген жандардың жан айқайын еститін қала билігі болмай тұр. Мысалы, бір ғана Байқоңыр ауданына қарайтын «Тұлпар», «Жасыбай» қонақүйінің артындағы Михайл Лермонтов көшесінде тұратын халықтың жағдайы өте ауыр. Бәрі сол тозығы жеткен ескі үйлерін паналап отыр. Қазір қар еріген соң, үй қабырғалары ылғалданады. Адам тұру мүмкін болмай қалады. Бұл ауданда соңғы екі жылда туберкулез бен обырдан, сүт безі қатерлі ісігі ауруынан 30 адам қайтыс болған. Олар: Қайыркен Тоқтамысов 56 жаста, Гүлмайра Бектемірова 45 жаста, Сайлаубек Тәкенов 61 жаста, Серік Тәпишев 42 жаста, Кенжебай Төлеуов 21 жаста, Әлкен Жапаров 32 жаста, Салтанат Төлеуова 17 жаста, т.б. Осылайша, тізімді жалғастыра беруге болады. Зардап шегіп отырғандардың бәрі өзіміздің қазақтар. Түптеп келгенде, баспана жағдайының нашарлығы адам өміріне қауіп төндіруде.
– Біз осы үйде алпыс жылдан бері тұрамыз. Теледидарларда айтатындай «ақылды» қалада тұрамыз деп айта алмаймыз. Себебі дәретхана аулада, тамақ қалдықтары мен кір суларын далаға төгеміз. Ол жазда сасиды. Үйіміз құлағалы тұр. Қабырға кірпіштері суланғандықтан, бөлмелердің бәрінің іші ылғал. Осы үйдің нашарлығынан бір бауырым, қызым және шешем қайтыс болды. Бесіктегі балаға дейін аурумыз. Жағдайымызды айтып қала әкіміне қаншама арыз-шағым жаздық, еш нәтиже жоқ, – дейді №39 М.Лермонтов көшесінің тұрғыны Рая Бекенова.
Оның үстіне осы көшелерден жоғарғы кернеулі 10 мың киловаттық (высоковольт) электр бағаналары өтеді. Осыдан он жыл бұрын арнайы комиссия электр бағаналардың астында баспаналардың болуы адам өміріне қауіп төндіретіндігін айтқан болатын. Күні-түні ызылдап тұратын темір бағанадағы сымдар ажал отын шашуда. Үйлер соның астында болғандықтан, адамдардың қан қысымы жоғары. Әсіресе, жас балалар туберкулезден емдеу диспансерінде есепте тұрады. Үйлерде ауызсу жоқ, дәретхана далада. Үлкен де, жас та «күрк-күрк» жөтеледі. Жаз болса қоқыс төгетін жердің жағымсыз иісінен бес минут тұру мүмкін емес. Ал, бұл көше адамдары 25 жыл жағымсыз иісті иіскеп өмір сүріп жатыр. Енді күн жылынса, құрт-құмырсқа, көртышқан қаптайды. Міне, осындай келеңсіз жағдайдан әзірше арылу мүмкін болмай тұр.
Осы көшелерде негізінен ежелгі ақмолалық қазақтар тұрады. Әсіресе, бұл маңайда балалар ойнайтын алаң, балабақша, мектеп жоқ. Қоғамдық көлік жүрмейді. Тұрғындар үйлерін жаңартып қайта салайын десе, әкімшілік рұқсат бермейді. Бұзақылық пен қылмыс жасау, арақ ішу, кісі өлтіру және «қаңғыбастардың» жосып жүруін осы төңіректен көресіз. Оны полиция қызметкерлері өте жақсы біледі. Биыл осы аудандағы Күлтегін көшесінен жол өтетін болғандықтан, ескі үйлерді сүру үшін республикалық бюджеттен 13 миллиард теңге бөлініпті. Бірақ М. Лермонтов көшесі тұрғындары ескерусіз тасада қалып отыр. Мен Астана қаласы мәслихатының депутаты болған кезімде осы проблеманы бірнеше рет көтерген едім. Сонда бұл жерге инвесторлар тартылып, көпқабатты үйлер салу жоспарланған-ды. Ол жоспар жүзеге аспады.
Бұл көше тұрғындары 25 жылдан бері осындай ауыр халді бастан кешіруде. Қалалық қоғамдық комиссия мен бұрынғы мәслихат депутаттары бұл мәселеден әлдеқашан хабардар. Астананың бұрынғы әкімі Алтай Көлгінов тұрғындармен талай рет кездесіп, түйінді мәселені шешуге уәде бергенімен нәтиже болмай, «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қала берді. Бас қаламызда осындай келеңсіз жағдай жуыр арада шешімін табады дегенге тұрғындар сенуден қалған.
Жақында Астананы дамыту бағытында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың жаңа әкімі Жеңіс Қасымбектің алдына ауқымды міндеттер қойды. Әсіресе біз айтып отырған «Жасыбай», «Артем», «Тұлпар» сауда орталықтарының айналасындағы жер үйлердің ескіргендігін және Астананың көркін бұзып тұрғандығын еске салды. Міне, мұны Президенттің тапсырмасы деп түсіну керек. Жаңадан тағайындалған қала басшысы елеусіз қалған ескі көше тұрғындарының қиын жағдайына көмек қолын соза ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді.
«Үй болмай, күй болмайды» дегендей, тозығы жеткен баспана адам денсаулығына қауіп төндіріп отырғандығы шындық. Адамның денсаулығы – қоғам байлығы. Халқымыздың тіршілігі мен бірлігі, жарқын келешегі көп ретте денсаулық мәдениетінің жоғары болуына қатысты емес пе? Сондықтан елорданың жаңа әкімі Жеңіс Қасымбек жұқпалы туберкулез бен онкологиялық ауру ошағы болып отырған Михайл Лермонтов пен Күлтегін көшелеріндегі тұрғындардың жоғарыдағы мүшкіл жағдайына назар аударар ма екен?..