26 ақпан күні елордалық триатлон саябағында қысқы триатлоннан жеке жарыстар өтті. Оларға 18 жастан асқан жандар қатысты. Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының жоғары жетістіктер спорт бөлімінің басшысы Алуа Ибраева және Астана Триатлон федерациясының президенті Ержан Бижанов қатысты. Алуа Ибраева: «Жарысты ұйымдастырудың басты мақсаты – спорт сүйер қауым арасында триатлон, велоспорт, жеңіл атлетика және шаңғы спортын дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, спортпен шұғылдануға халықты қызықтыру. Әкімдік бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөледі. Бүгін қала тұрғындары мен әуесқой спортшылар триатлон саябағында өтетін қысқы жарыстарға қатысады. Баршаңызға сәттілік, жеңіс тілеймін!» – деді.
Іс-шара елорда әкімдігінің, қаланың дене шынықтыру және спорт басқармасының және Астана Триатлон федерациясының қолдауымен өтті. Қысқы триатлон үш кезеңнен тұрды: 2,5 шақырымдық жүгіру, веложарыс және шаңғы тебу. Кәсіби спортшылар, әуесқойлар арасынан 150 адам қатысты. Қысқы триатлонға ниет білдіргендердің барлығы дерлік қатыса алады. Негізгі шарт – денсаулығы жарамды болуы керек. Жалпы, маршруттың барлық үш кезеңінен өту үшін спортшыларға шамамен бір сағат қажет болды. Қысқы іс-шара қатысушыларының арасында ең үлкені Байзақ Сағындықұлы Талапнұр ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп: «Триатлоннан қысқы жарыс өте жақсы өтіп жатыр. Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мен бұл жарысқа жыл сайын қатысамын. Бүгін жүгіруден бастап, шаңғы жарысымен аяқтадым. Өте қуаныштымын. Жастарды спортпен шұғылдануға шақырамын», – деді.
Қашықтықты белгіленген уақыттан кешіктірмей аяқтаған әрбір қатысушы мәреде естелік медальдармен марапатталды. Сондай-ақ жарыс аяқталғаннан кейін мәреге тіркелген қатысушылар арасында тоңазытқыш, теледидар, планшет, смартфон және смарт сағаты сыңды бағалы сыйлықтар мен ең дәмді пиццаларды дайындайтын «Додо» мейрамханасы атынан бірнеше сертификаттар ойнатылды.