ЕРКЕКТЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫ ҚАШАН ЗАҢМЕН ҚОРҒАЛАДЫ?

ЕРКЕКТЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫ ҚАШАН ЗАҢМЕН ҚОРҒАЛАДЫ?

Яки әйелі үстем, еркегі пәс қоғамнан не күтеміз?

Қазақ қоғамындағы ер-азаматтар неге майдаланып кетті? Оған не себеп? Жұмыстың жоқтығы ма, тұрмыстың нашарлығы ма? Әлде жаһанданудың тигізіп жатқан әсері ме?   Діні бөлек, тілі басқа, дәстүрі  жат ұлттардың шырмауына түсіп, шынымен  азғындай бастадық  па?  Қазақ жігіті қай заманда  әйелін қорлап, баласын жылатып тастап кетіп еді? Бұл сүйекке таңба, руға сызат, ұлтқа қорлық емес пе еді?  Кешегі бабалардың сара жолын қарасақ, «Еркек – үйдің егесі, әйел – үйдің шегесі» еді ғой.  Онда еркегіне бағынбайтын, қарсыласып «тақылдайтын» қазақ әйелі қайдан шықты?  2023 жылғы статистикаға жүгінсек, Wisevoter мәліметінше, Қазақстан ажырасу саны бойынша әлемде 114 елдің ішінде 16-орында тұр. 2022 жылы ҚР-да, порталдың мәліметінше, ажырасу көрсеткіші 1000 адамға 2,5.  

Ажырасуға кім кінәлі? Өзеуреген еркек пе,  күйеуіне мойынсұнбайтын әйел ме? Тірі жетім атанған ұл мен қыздың обалы кімге?

 «Еркегі тұрып, әйелі сөйлеген үйден без» дейді екен бұрынғылар.  Олай болса не басымызға күн туды? Үлкен-үлкен мінберлерден әйелдердің үнін естуге әлем алпауыттары  неге құмартып жүр?  Не көздегендері бар? «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербейтін  аналардың» құқығын қорғаймын деп, еркектердің өр-намысына балта шабылып жатқан жоқ па?  Әйел ерге, ері жерге қараған  заман келіп қалды ма?

  Ғаламға билігі жүріп тұрған бақуатты елдерде әйел мен балаға деген жанашырлық күшейіп,  еркекке деген  сұрқия көзқарас қалыптасып жатқан жоқ па? «Алтын басты әйелден, бақыр басты еркек артық» деген тәмсілдің  күні өткені ме?  Бар өмір салты, әдет-ғұрпы исламмен өрнектелген  қазақ баласы бұл сынақтан өте ала ма?  

Бұл енді үлкен сұрақ.   

Әйел мен бала құқығын қорғаудың астарында не жатыр?

 

Өткен аптада Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралып, талқыланды. Аталған заң жобалары Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатымен және  депутаттардың бастамасымен әзірленгенін айта кетуге тиіспіз. 

Бұл заң жобасы Мәжіліс депутаттары арасында ғана емес, қоғамда да біраз реакция тудырды.  Түрлі пікірлердің  лаулап жанған ошағына айналды.  Әлеуметтік желідегі қауымның пікірі де екіге жарылды. Байқағанымыз заң жобасын қолдайтындардан көрі сыни пікір білдірушілер саны көптеу. Әрине, ана мен баланы заң арқылы қорғауға ешкім қарсы емес. Қарсылық білдірушілер сол заң аясында ойына келгенді істеуге бейім әйел затына қатысты болып отыр.  Қит етсе, әйел құқын қорғаймыз деп, қоғамда түрлі шерулер өткізуге тырысып жататын  ЛГБТ мен феминистер қоғам үшін өте қауіпті. Олардан өткен сорақы ұйымдар қаншама  елді дүрліктіріп жүрген.

 «Әйел құқығы мен бала қауіпсіздігі» қазақ танымында, салт-дәстүр негізінде  діңгегі мықты қалыптасқан жүйе еді. Сол жүйені кешегі кеңестік билік біраз құлдыратты. Баланы әкеге, қызды шешеге қарсы қойды. Еріне бағынбайтын, жігітті  менсінбейтін, тең құқылы әйел мен қызды тәрбиелеп шығарды.  Осылайша  қазақ қоғамында «Раушан коммунистер» бой көтерді. Әйел теңдегі деген желеу бүгіндері гендерлік саясат деген атаумен тотыдай түрленіп шыға келді.  

Жалпы айтқанда, гендерлік саясат біздің ғана емес, жаһандық  мәселеге айналып тұр. Ал зорлық-зомбылық көрген балалар проблемасы да отбасылық құндылықтың құны жойыла бастағанына бір дәлел. 

 

Зайыбын нұқып кеткен еркек  8  жылға сотталуы мүмкін

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова Мәжілістің жалпы отырысында әйелдер мен балалардың құқығын қорғайтын және жауапкершілікті күшейтетін заң жобасы туралы былай деді:

«Зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгездікке немесе адамның қадір-қасиетін қорлауға жол бермеу мақсатында бірқатар нормалар қарастырылған. Егер 2017 жылдан бастап, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінде болған 73-1 – Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін, 73-2 бабы – ұрып-соққаны үшін баптар Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінен алынып, сәйкесінше, Қылмыстық Кодекске 108-1 бабы – Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, 109-1 бабы – Ұру жаңа баптары криминализацияланып, енгізіліп отыр».

Депутат атағандай, дене жарақатын келтірген, бірақ денсаулығына жеңіл зиян келтіруге әкеп соқпаған ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерін жасау – 80 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 80 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 25 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады.

 

Депутат бұл жайлы да тарқатып айтты:

екі немесе одан да көп адамға жасалса;

осы адамның қызметтік немесе кәсіптік немесе қоғамдық борышты орындауына байланысты адамға немесе оның жақындарына;

кінәліге көрінеу, дәрменсіз күйдегі не кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділіктегі адамға;

адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы;

бұзақылық ниетпен;

әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни өшпенділік немесе араздық негізінде;

бірнеше рет;

көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты – 100-ден 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 100-ден 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 30-дан 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады.

«Заң жобаларының бірнеше маңызды аспектілеріне тоқталар болсақ, осы жерде бір мәселеге баршаңыздың назарларыңызды аударғым келеді. Бұл баптар тек әйел немесе бала құқығын қорғаумен қатар, барлық құқығы бұзылған, денсаулықтарына қасақана жеңіл зиян келтірілген және ұрып-соғуға тап болған барлық азаматтардың құқығын қорғауға бағытталады. Негізгі мақсат – құқық бұзушылықтар болмауы үшін, азаматтардың жауапкершілігін күшейту. Жаңа редакцияда денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылды. Сонымен қатар, жаңа редакцияда денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіргені үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылды», – деді Сүлейменова.

 

Қоғамда  әке рөлі неге төмен? 

Ең қызығы, заң жобасында отбасының арқа сүйер тірегі  ер-азаматтар туралы бір ауыз сөз жоқ. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ермұрат Бапи әкелердің рөлі төмендеп кеткенін айтып, оны көтеру үшін не істемек керек деп  ұсыныс тастады. Және оған өзі жауап берді. «Біз осы заң жобасының табиғатынан әкенің рөлін, ер-азаматтың рөлін «сүмірейтіп» жіберген жоқпыз ба? Осы жөнінде заң жобасының авторы ретінде сіздің (Жұлдыз Сүлейменова қарата айтқаны) жеке пікіріңізді білгім келеді. Бұл заң жобасы негізінен жалпы қазақстандық мүддені қорғайды ғой... Бұл жерде ұлт, ұлыс деген жоқ. Бірақ назарымыздан шығармайтын бір мәселе бар. Қазақстан халқының 70 пайыздан  астамы қазақ екенін білеміз. Осы залда отырғандардың көпшілігі «әкең келе жатыр», «осыдан әкең келсін, әкең сазайыңды береді» деген тәрбиемен өстік. Осы тұрғыдан келгенде бір әкенің, ер-азаматтың рөлін көтеру үшін бәлкім отағасы туралы заң қабылдауымыз керек шығар?!  Сіздің өз ойыңыз қандай, соны білгім келеді», – деді депутат.  Әріптестері  Ермұрат Бапидің ұсынысына қол шапалақтап, қолдау білдірді. Демек көпшіліктің көкейіндегі ой болғаны.

Өз кезегінде  Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова әріптесінің сұрағына жауап берді.

«Әке – асқар тау. Қазақтың отбасы институтында әкенің орны ерекше. Әкемен бәрі байланысады. Бірақ бұл заңда бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен әйелге жасалған озбырлыққа тосқауыл қоятын заңды көздеп отырмыз. Мен де ұлдарымыздың болашағы жайлы ойларым бар. Ел болашағын ұлдың болашағымен байланыстырған елміз. Бірақ Конституцияда ер мен әйел бөлінбейді. Қол шапалаққа байланысты бұл – бүкіл елдің сұрағы ғой. Жалпы әкелердің рөлін, отбасындағы жауапкершілігін, ерекше орнын белгілейтін заң қажет болса, бірінші болып қабылдауға өзім де атсалысқым келеді», – деді ол. 

Сөзінің соңында депутат ханым бүгінгі заң жалпы бүкіл азаматтарға қажет екенін айтуды да ұмытпады.

«Қоғам жаза күшейгеннен кейін жұдырық ала жүгірер алдында ойланар. Бұл құқықбұзушылықтың алдын алуды көздейді», –  деді.

Данышпан Абай он тоғызыншы қара сөзінде: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады», – деп түйіндейді. Қазақта «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, ал бала – жағасында жайқалып өскен құрақ» дейтін даналық сөз бар. Осы мақал арқылы халық отбасын құрайтын үш құрамдас бөлікті айрықша ескертіп отыр. Сондықтан әке – отбасының тәрбие жұмысындағы маңызды орын алатын тұғырлы тұлға. Әкенің бар бітім-болмысы, мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, білім-білігі – баланың көз алдында күнделікті үлгі-өнеге алатын, соған қарап бой түзейтін негізгі нысанасы. Ұл демей, қыз демей, отбасындағы тәрбие жұмысында әкенің орны ерекше болуы тиіс. Ал бүгінде бәрі басқаша.  Әйел мен бала құқығы шексіз қорғауға алынғанының зардабын да тартып жатқан жайымыз бар. Бұлай кете берсе, күндердің күнінде әйеліне қабақ түйе қараған еркектің темір тордың ар жағынан шыға келуі бек мүмкін. 

Иә, қоғам талқысына тасталып отырған заң жобаларының негізгі мақсаты – барлық азаматтардың, оның ішінде әйелдер мен балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған. Балаларға және әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылықпен күрес – қоғам үшін ортақ мәселе және ол кеше ғана пайда болған жоқ. Баршаңызға белгілі, 2017 жылы отбасылық зорлық-зомбылыққа жаза декреминализацияланғаннан кейін осындай салдарларға тап болдық.

Кейін  жұмыс тобының жетекшісі Жұлдыз Сүлейменова журналистерге ағынан жарылып былай деді:  «Жоғарыда атап өткен зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгездікке немесе адамның қадір-қасиетін қорлауға жол бермеу мақсатында бірқатар норма қарастырылғанын айтып өткен едім ғой. Осы жерде бір мәселеге баршаңыздың назарларыңызды аударғым келеді, бұл баптар тек әйел немесе бала құқығын қорғаумен қатар, барлық құқығы бұзылған, денсаулықтарына қасақана жеңіл зиян келтірілген және ұрып-соғуға тап балған барлық азаматтардың құқығын қорғауға бағытталады. Оның ішінде ер адамдар да бар. Яғни ер-азаматтарымыз да аталған бап бойынша өз құқықтарын қорғай алады. Заңның тақырыбы ең басында әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға бағытталғанымен, біз әйел мен баланы бөліп қарамай, қоғамдағы тәртіпті орнықтыру мәселесіне жіті назар аударып отырмыз. Негізгі мақсат – құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту. Мәселен, біз әдетте көпбалалы аналар туралы жиі айтамыз. Дегенмен көпбалалы әкелерді де ұмытпауымыз қажет. Талқы барысында отбасы институтын нығайту үшін әкенің рөлін арттыруға да көптеген ұсыныстар айтылды. Заң бәріне ортақ. Біз үшін  қоғамдағы құқық бұзушылықтың азайғаны маңызды», – деп, заң жобасын басқа қырынан да «тәпсірлеп» берді.

 

«Әйелдерден қысым көретін ерлер де бар»

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай еркектердің құқығына алаңдайтынын жасырмады. Оның айтуынша, қоғамда еркектен қысым көретін әйелдер ғана емес, әйелдерден қысым көретін еркектер де бар.

Депутат атап өткендей, отбасы – өте күрделі институт. Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда түрлі келеңсіз оқиғалар болып жатыр. Солардың қатарында ер-азаматтан қысым көрген әйел ғана емес, әйелдерден қысым көретін еркектер де баршылық. 

Сонымен бірге өзінің қартайған шағында балаларынан қысым көріп отырған қарт ата-аналар да жетерлік. Біз «әкеммен ақылдасайын», «әкемнен сұрайын», «әкем біледі» деген түсінікпен өскен буын едік. Қазір «мамам біледі», «мамамнан сұранайын», «мамам шешеді» дейтін балалар көбейіп бара жатыр. Сондай-ақ кеше ғана Қарағандыда болған 78 жастағы кейуананың өз баласынан зорлық-зомбылық көруі – осының бірден-бір себебі. Өзінің білегінен әлі кетіп, бойынан қуат кеткен шағында өзінің туған балаларынан зорлық-зомбылық көретін ата-аналар да көбейіп бара жатқаны алаңдатады», – деді депутат.

                            ***

PS: 

Бүгінгі таңдағы жаһандану үрдісіне қадам басқан жаңа ғасырда әр халық, әр ұлт дінін, тілін, мәдениетін, тарихын мейлінше сақтап қалуға тырысып жатыр. Бірақ жаһандану деген түп-тамыры жоқ алпауыт елдерден бастау алған  әбжылан саясат ұлттық құндылықты жою үшін барын салуда. Олай болса, тіл, дін, әдебиет, мәдениет, салт-дәстүр баланың ой-санасын қалыптастыруға, өзінің қай ұлт өкілі екенін, әкесінің кім екенін біліп өсуіне, үлгі-өнеге алуына орасан зор әсерін тигізбек. Қыз балаға ана тәрбиесі қандай қажет болса, ұл балаға да әке қамқорлығы, әкенің айбары мен айбыны сондай керек.  Міне, отбасындағы тәрбие ұлағаты да осыдан басталады. Олай болса әкелер институтын дамыту, заң арқылы әкелер статусын көтеру де уақыт талабы!   Әке – ардақты есім! Әке – шаңырақтың уығы!  Әке – Ана – бала. Бұлар қазанның үш аяғы!  Біреуі сынса, қазанда қайнаған тәрбие – сорпасы төгіледі. Оның зардабы үлкен... Сондықтан  әке құқығы да заң алдында асқақтап тұруы тиіс!  Әке беделін түсірген қоғамның алға дамуы қиын. Оны әлемдік тәжірибеден көріп отырмыз... Бұл саясат ұлттық құндылықтарды жою үшін ойлап табылған   дүние болуы әбден мүмкін.  Ойланайық, ағайын!

Ұлттық идеология қанатын кеңге жайса, өткенге оралуға, бабалар даналығымен сусындауға әлі де кеш емес. Тек бұған биліктің ниеті мен пейілі дұрыс болса жетіп жатыр.

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК
01.03.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫНДА КҮЗГІ КӨШЕТ ЕГУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 131
ТҮРКІСТАН: Р.СЕЙТМЕТОВ АТЫНДАҒЫ ТЕАТРДА БИЫЛ 130-ҒА ЖУЫҚ ҚОЙЫЛЫМ ҚОЙЫЛҒАН
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 03.12.2024 15
МӘСКЕУДЕН ТҮРКІСТАНҒА НҰРТАС ОҢДАСЫНОВТЫҢ ШАПАНЫ МЕН КІТАПТАРЫ ӘКЕЛІНДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 63
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ КӨРСЕТУДЕН НЕГІЗСІЗ БАС ТАРТУҒА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 03.12.2024 59
ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯНЫҢ ТҮРКИЯҒА ІССАПАРЫ БАРЫСЫНДА 9 МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 44
Батыс Қазақстан: Тарихи мекенге сапар
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Орал-Хан ордасы-Орал - 30.11.2024 463
Ауылшаруашылығын өркендеткен ауқымды істер
Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы - 29.11.2024 431
Сыр өңіріндегі өрісті істер
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2024 455
Тал түсте Шығысты қараңғылық бастырған «бір сағаттық белдеуге қарсымыз» дейді халық
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, экспедицияның мүшесі, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 28.11.2024 447
МӘСЛИХАТ МЕРЕЙТОЙЫ – ЖАҢАРУДЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ
С. КӘРІПБАЕВ, Абай облысы - 28.11.2024 445
 Павлодарда бірнеше зауыт салу жоспарлануда
Тілеуберді САХАБА, Павлодар облысы - 28.11.2024 462
 Қала бюджеті артып отыр
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 28.11.2024 451
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 646

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9685
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9064
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12298
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 10069
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11278