Olympic.kz: «Еркін күрестен қазақстандық балуан Дәулет Шабанбай «Лондон – 2012» Олимпиадасының қола медалімен марапатталды. Д.Шабанбайға Олимпиада медалі салтанатты түрде Белградта (Сербия) өткен күрестен әлем чемпионатында табысталды. Спортшы медальды Әлем күресінің бірлестігі (UWW) басшысы, ХОК Атқару комитетінің мүшесі Ненад Лаловичтің қолынан алды», – деп хабарлайды. Дәулеттің өзі: «Құдайға шүкір, көптен күткен медальді алдым! Халықаралық Олимпиада комитетіне, Әлем күресінің бірлестігі президенті Ненад Лалович мырзаға, Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитетінің, Ұлттық федерацияның басшылығына алғысым шексіз. Әрқайсысыңыздың жеке құттықтауларыңызға рақмет!» – деді. Жүлделерді қайта бөлуден кейін спортшы Олимпиада ойындарының жеңімпазы болды. Лондондағы Олимпиадада Дәулет Шабанбай 120 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, 5-орын алған болатын. Алайда кейінірек 2019 жылы допинг сынамаларын қайта тексергеннен кейін, грузин балуаны Давид Модзманашвили мен Артур Таймазовтың (Өзбекстан) заңсыз есірткі қолданғаны анықталды. Барлық тексерістерден кейін бұл спортшыларды дисквалификациялау, сондай-ақ Лондон Олимпиадасында көрсеткен нәтижелерін жою туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде Дәулет Шабанбай Олимпиада ойындарының қола жүлдегері деп танылды. Комейл Гасеми (Иран) мен Билял Махов жеңіс тұғырының бірінші орнын бөліссе, қазақстандықпен бірге америкалық Тервел Длагнев үшінші орынға көтерілді.