Спорт Шредингера Telegram арнасы: «Венгрияда Сегед қаласында өтіп жатқан байдарка мен каноэде ескек есуден жастар арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық спортшы қыз Мария Бровкова чемпион атанды. Мария Бровкова 18 жасқа дейінгі спортшылар арасында сынға түскен. Ол 1000 метрге каноэмен есуден финалда бақ сынап, 4:35.69 уақыт көрсеткішімен мәреге бірінші болып келді. Бұл Марияның мансабындағы алғашқы алтын жүлде. Сондай-ақ, бұл ескек есуден Қазақстан әйелдер командасының тарихында қоржынға түскен алғашқы алтын медаль. Күміс жүлдені Венгрия, қоланы Португалия спортшылары иеленді. Ал 500 метр қашықтықта бір адамдық каноэда қола жүлдеге ие болды. Қазақстандық спортшы қытайлық және мажарстандық каноэшыдан кейін мәре сызығын үшінші болып қиып өтті. Осылайша, Мария Бровкова әлем чемпионатында екінші медаліне қол жеткізді. Мария – Орал қаласының тумасы. Ол өзінің анасы Елена Бровкованың қоластында жаттығады. Марияның әпкесі Анастасия да бапкерлік қызметте жүр. Бұған дейін Бровкова Азия чемпионатына қатысып, күміс медаль иеленген. Ал әлем чемпионаты ол қатысып отырған екінші халықаралық жарыс», – деп жазды.