Жақында әлеуметтік желі беттерінде Украина сарбаздарының соғыс даласында қалған қыпшақ балбал тастарын қауіпсіз аймақтарға эвакуациялағандығы туралы ақпаратты көзіміз шалды. Бір замандарда ұлы дала төсінде өмір сүрген, Еуропа жұрты Кумандар, Половецтер деп атаған қыпшақтардан қалған бұл тарихи ескерткіштердің біз үшін де қадірі бөлек еді. Сондықтан бұл ақпараттың анық-қанығын білуге ықыласымыз ауды.
Қыпшақ ескерткіштерін оқшаулау операциясы қазірге дейін бірнеше рет болған екен. Бұл туралы «Азаттық» радиосының ағылшын тіліндегі сайтында 2024 жылғы 24 маусымда Юлия Рацыбарсканың «Украинаның ежелгі тас жауынгерлерін эвакуациялау» (Evacuating Ukraine's Ancient Stone Guardians) атты мақала жарық көріпті.
Аталмыш мақалада Украинаның Донецк облысындағы Ресей позицияларынан небәрі 5 шақырым жерде орналасқан Велика Новосилька қаласынан тас мүсіндердің эвакуациялануы жайлы айтылады. Соғыс басталғанға дейін тас ескерткіш қаланың қақ ортасында тұрған және визит карточкасы болған бірнеше ескерткіштердің бірі екен. Бұл оқшаулау жұмысына мамандармен қоса еріктілер де көмекке келген.
«Бұл – өте маңызды тарихи жәдігер. Олардың саны көп емес, сондықтан оларды сақтауымыз керек. Бұл біздің тарихымыз, болмысымыз. Қазір Велика Новосилька жартылай қираған. Мүсіндерді көшіру оңай болған жоқ, ауылдың үстінен бомба ұшып өтіп, ұшқышсыз ұшақтар төбемізде айналсоқтап жүрді», – деп еске алыпты ескерткіштерді эвакуациялауға көмектескен еріктілердің бірі Григорий Демьянов.
2024 жылдың наурыз айының басынан бері үлкен тәуекелге бел буған еріктілер мен ғалымдар бес рет арнайы сапар ұйымдастырып, жиыны тоғыз мүсінді Днепрдің салыстырмалы түрде қауіпсіз жерлеріне эвакуациялапты. Бес реткі сапардың әрқайсысының ақшасын украиндықтар мен шетелдіктер берген.
Днепропетровск ұлттық тарихи мұражайы директорының міндетін атқарушы Александр Старик Азаттықтың «Донбас.Реалити» тілшісіне мұндай қазыналарды ұрыс даласынан шығару өте маңызды екенін айтыпты.
«Егер жау бұл аумақтарды басып алса, оларға ескерткіштер қажет болмайтыны сөзсіз. Өйткені бұл тарихи жәдігерлер орыстардың тарихи мифтеріне сәйкес келмейді. Олар бұл аумақтар тарихтан бері өздеріне тиесілі болған славяндық аумақтар екенін айтады. Бір замандарда осы аймақтарда өмір сүрген көшпелі халық, половцтер (қыпшақтар) олардың мифтеріне сәйкес келмейді», – дейді Александр Старик.
Старик журналисті қазіргі уақытта половец мүсіндері сақталған жерге экспромттық экскурсияға апарған. Олар бір кездері алыстан көрінетін қорғандардың басында тұрып, далада әртүрлі тайпалардың шекарасын көрсететін белгі ретінде қызмет еткен.
«Олардың әрқайсысы дара, қайталанбас ескерткіштер. Киім, кіндік астынан байланған қол, қолдарындағы тостағандар, кішкентай аяқтары – осының бәрі половец мүсіндеріне тән», – дейді тарихшы. Оның пайымдауынша, мүсіндер тобы тұрған жерлерде құрбандық шалынған.
Мүсіндер тірі ата-бабалар ретінде қарастырылған болуы мүмкін. Олар тірі секілді сезіледі және олармен байланысуға болады. Кейбір жағдайларда олар жазаланған сияқты. Өйткені мүсіндердің ішінде бетін төмен қаратып жерленгендері бар», – дейді Старик.
Старик эвакуацияланған мүсіндерді қалпына келтіру қажет болатынын айтады, бірақ әзірге олар тек қоймада сақталып, сарапшылар тексеріп жатыр екен.
Днепрдегі Тарихи мұражайда Украинадағы ең үлкен көне тас мүсіндерінің коллекциясы бар екен, онда жиыны 104 тас ескерткіш сақталған. Ал Донецк облысының алдыңғы шебінен эвакуацияланған мүсіндер уақытша сақталатындар санатына жататындықтан, бұл жинаққа кірмейді екен. Егер олар тұрған аумақ толығымен азат етілетін болса, ескерткіштер әуелгі орындарына қайта қойылмақ.
Келесі бір көңіл аударған дерек – Англияның әлемге әйгілі «The Guardian» газетінің сайтында 2025 жылы 31 шілде де «Украина өзінің мәдени ескерткіштерін ұмытпайды»: өз өмірлерін қатерге тіккен топ мүсіндерді майдан шебінен құтқарады» (‘Ukraine doesn’t forget its cultural landmarks’: the team risking their lives to rescue statues from the frontline) атты мақала болды. Онда Украинаның оңтүстігіндегі Славянка ауылынан эвакуацияланған 11 балбал тас туралы айтылыпты. Бұлар шамамен 800 жыл бұрын жасалған тас мүсіндер екен. Олардың қолында салтанатты қазан ұстаған, алқа тағып, кішкентай аяқтары бар әйел мүсінідері екендігі жазылған. Ескерткіштерді эвакуациялау арнайы операцияны үйлестірген Юрий Фаныхин: «Біз бұларды эвакуациялаймыз деп ойламаған едік, амал жоқ көшіруге тура келіп тұр, бұл өте өкінішті», – депті журналистке берген сұхбатында.
«Бүгінгі күні Словянка – Днепропетровск және Донецк облыстары арасындағы әкімшілік шекараға жақын жерде орналасқан шағын ауылшаруашылық қауымдастығы. 11-13 ғасырлар аралығында ол ұлы даланы бір-бірімен тұтастыратын күре жолдың бойында болған екен. Мұнда, Қара теңіздің солтүстігінде кумандар немесе половцы деп аталатын түркі көшпелі халықтары өмір сүрген. Олар айбынды әрі білікті жауынгерлер еді. Олардан бізге жеткені – Украинаның оңтүстігіндегі ландшафтта кездесетін балбалдар деп аталатын күрделі жерлеу рәсіміне тән тас ескерткіштер. Олардың әрқайсысы қайтыс болған адамды білдіреді. Онда қару-жарақ асынып, дулыға киген белбеу таққан жауынгерлер бейнеленген. Және – ерте ортағасырлық кезең үшін әдеттен тыс жағдай саналатын – әйелдер мүсіндері көп. Кейбіреулер зергерлік бұйымдарын таққан, біреуі жүкті, барлығының шашы қалпақ астына жасырылған», – деп жазыпты мақала авторы. Бұл мақалада да мұражай директоры Александр Стариктың пікірлерін берген.
«Британ мұражайы немесе басқа халықаралық мекемелер мүсіндерді сақтауға және қалпына келтіруге көмектесе алады деп үміттенемін. Қақтығыс кезінде Украина үкіметінен мәдени мұраларды қаржыландыруға қаражат тым аз бөлініп жатыр. Балбалдар қасиетті ұлттық мұра ғана емес, сонымен бірге орыстардың «Украина деген мемлекет болған жоқ, ол тарихтан бері Ресейдің бір бөлігі деген жалған пікірлерін жоққа шығарды. Біздің міндетіміз – бұл жерде біздің ата-бабаларымыз өмір сүргенін көрсету, олар үнемі көшіп-қонып жүретін, Ресей империясымен байланысы жоқ көшпелілер болған. Кумандар өз мүсіндерін қорғандарға, биік төбелердің басына қойған. Фигуралар әртүрлі тайпалардың шекарасын айқындайтын дала белгілері ретінде пайдаланылған. Фигуралар шамандық діни дәстүрге сәйкес тірі және ата-бабалармен қарым-қатынас жасау тәсілі ретінде қарастырылды. Мұндай орындарда құрбандық шалынды», – депті директор Александр Старик, – деді Старик.
Екі балбал Днепропетровск облысының шығыс шетінде, қазір майданнан 15 км (9 миль) жерде орналасқан Межова қаласынан алынған. Ал 2014 жылы Ресей Донбасс аймағының шығыс бөлігін басып алғаннан кейін Донецк пен Луганск қалаларындағы мұражайлық жәдігерлер мен мүсіндер жоғалған екен.
Жергілікті «Меживский меридиан» газетінің редакторы Евгений Хрипун мүсіндер тірі адамның нақты бейнесі болғандықтан қызықты болды дейді. «Шынымды айтсам, половцтер (қыпшақтар) біздің ата-бабаларымыз деген пікір аса ғылыми емес. Бұрын біздің даламызда скифтер, сарматтар және киммерийлер өмір сүрген. Бұл символдық мағынада: олардың барлығы біздің жерімізде өмір сүрген адамдар», – депті ол.
Осылайша бағзы заманан бүгінге бүлінбей жеткен бағалы мұралардың біразы тарихи айғақ ретінде назарға алынып, қауіпсіз жерлерге көшіріліпті. Ал соғыс аяқталып, жау қолында тұрған аймақтар қайтадан Украина бақылауына өтетін болса, тас мүсіндер байырғы тұрған орындарына қайта көшірілмек.
Дайындаған –
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ















