Референдум

ҚАЗАҚ ҚАШАН «ҚАЗАҚ» АТАНДЫ?

ҚАЗАҚ ҚАШАН «ҚАЗАҚ» АТАНДЫ?

Тарих ғылымдарының кандидаты Сәбит Шілдебайдың айтуынша, «қазақ» деген сөз ғылыми әдебиетте ХІІ ғасырдан бастап бар.

«Қазақ» атауы ең алғаш араб-қазақ сөздігінде кездеседі. Сондай-ақ Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегінде де ұшырасады. Ол Қазақ хандығы құрылғандығы туралы ең алғаш дерек беріп, «қазақ» атауына байланысты түсініктеме айтып кеткен» дейді тарихшы. 

 

«ҚАЗАҚЫЛЫҚ ЖАСАУ» ДЕГЕН НЕ?

Бұған қатысты түрлі мысалдар айтылады. Соның бірі – «қазақылық жасау» деген түсінік.

«Қазақ» сөзі ешкімге бағынбай, өз еркімен кетіп, өз бетімен өмір сүру дегенді білдіреді. Патша үкіметіне қызмет еткен казактардың атауының шығу төркіні де сол. Меніңше, екеуінің мағынасы бір. Себебі олар да қазақылық жасап, Донның бойына барып жиналып, ешкімге бағынбай, биліктің жазасынан қашып кеткендердің еркін одағы еді. Кейін патша үкіметіне ант беріп, қызмет ету туралы ресми түрде кешірім алған» дейді Сәбит Шілдебай.

 

ОЛАР НЕГЕ «ҚЫРҒЫЗ-ҚАЙСАҚ» АТАНҒАН?

Ресей империясы отарланған аймақтарды бағындырып, тұқыртып ұстап отыру мақсатында құрылған казак әскерімен шатастырмас үшін қазақтарды саналы түрде бұрмалап, «киргиз-кайсак» деп атады. Ал 1822 жылы шыққан Сперанскийдің жарғысынан бастап «киргиз» деген сөзді пайдаланды. Совет билігінің алғашқы жылдарында да «киргиз» атауы жалғасып, тіпті 1919 жылы қазақ жерін басқару үшін пайда болған революциялық комитет те ресми түрде Қырғыз революциялық комитеті атанды. 1920 жылы қазан айында құрылған Қазақ Автономиялы Социалистік Кеңес Республикасы деген атаудың қазақшасында «қазақ» сөзі болғанымен, орысша ресми құжаттың бәрінде «киргиз» деп жазылған. 

 

ҚАЗАҚТАР ӨЗІН ҚАЛАЙ АТАҒАН?

Алайда тарихшылар Патша билігі және Кеңес өкіметі орнаған тұста қазақ өз атынан айырылып қалмағанын, өзін өзі қазақ деп атап жүргенін айтады. Мәселен, барлық тарихи еңбекте, ол мейлі парсы, мейлі шағатай, мейлі қазақша болсын, «қазақ» деп жазылған. Абай да «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» дейді. Басқалар да «қазақ» атын қолданды. Мәселен, ең алғашқы газеттердің бірі, 1911 жылы батыста жарық көрген газет «Қазақстан» деп аталды. 1913 жылы басыла бастаған «Қазақ» газеті де соның айғағы. Тіпті оның бірінші нөмірінде «Аталы жұртымыздың, адуынды ұлтымыздың аруақты аты» деп газетіміздің есімін «Қазақ» деп қойдық» деп жазылды.

 

«ҚАЗАҚ» АТАУЫН ҚАЙТАРҒАН КІМ?

1925 жылы 19 сәуірде Ақмешітте өткен бесінші бүкілқазақ съезінде Сұлтанбек Қожанов мәселе көтеріп, қазақ халқы өзінің тарихи атауын осы жиналыс шешімімен қайтару туралы қаулы қабылдады. Біраз уақыттан соң, 1925 жылдың 15 маусымында Бүкілресейлік Орталық Атқару комитеті бұл шешімді бекітіп, арнайы декрет шығарды.

«Бірақ атауды қайтарған – қайта-қайта мақала жазған Сәкен мен Міржақып немесе съезде ұсыныс тастаған Сұлтанбек Қожанов, яки оған «сен ертең осылай айт» деп тапсырма берген Қоңырқожа Қожықов деп айту дұрыс емес. Бұл – сол кездегі әр қазақтың көкейінде жүрген бүкілхалықтық мәселе еді» дейді тарихшы Сәбит Шілдебай. 

Материал Qalam-да жарияланған 

мақалалар мен сұхбаттар негізінде әзірленді.

Сурет: romanovempire

21.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23930
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23601
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 40905
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37018
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41268