Жақында Отырар аудандық орталық кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейінде өлкетанушы, бірнеше тарихи-ғылыми еңбектердің авторы, Отырар ауданының Құрметті азаматы Абдулла Жұмашевтің «Фараби елі» кітабының тұсаукесері өтті. Салтанатты жиынға аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов арнайы қатысып, шығармашылығы Отырар тарихымен үндесіп жатқан авторға сәттілік тіледі.
Тұсаукесер рәсіміне қатысушылар алдымен аталмыш кітапхана ұжымының алдын ала дайындаған кітап көрмесін тамашалап, «Оқсыз», «Дамаск сапары» атты бейнефильмдерді көрді. Еліміз егемендік алғаннан кейін Отырардың тарихын, құндылықтарын жинақтап, оларды ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдыруда өлкетанушылардың сіңірген еңбегі орасан зор. Бұған дейін де бұл киелі мекен туралы «Отырар жәдігерлері», «Отырарлықтар жауынгерлік сапта», «Отырар энциклопедиясы», «Шежірелі Отырар», «Қызыл жырау» секілді құнды дүниелер жарық көрген болатын. Оларда да Абдулла Жұмашевтың өзіндік қолтаңбасы бар. Дегенмен, бұл жолғы дүниенің жөні бөлек болды.
Толығырақ айтар болсақ, онда Отырар алқабындағы қолөнершілер мен олардың жасаған бұйымдары, өлкедегі ежелгі су жүйелерінің қалай жүргізілгені, Әбу Насыр әл-Фарабидің мұраларына қалай қамқорлық жасай алатынымыз жазылған. Сонымен қатар, қазіргі Әбу Насыр әл-Фараби музейіндегі сирек қолжазбалар, Қазақстан делегациясының Сирияға сапары, ежелгі мешіт пен медреселер, елге еңбегі сіңген азаматтар туралы да тың деректер қамтылған.
Жиында белгілі тарихшы Бекжан Бейсенбай мен Абдулла Жұмашевтің замандастары Бақыт Сапарбай, Қалдан Байжұман және Мария Белгібаева автордың өлкетанушылық қырын кеңінен әңгімелеп, оның ел тарихын түгендеуге қосқан үлесі қандай құрметке де лайық екенін атап өтті.
Ақын, «Отырар әдебиеті және өнері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәурен Полатбаев Абдулла Жұмашевқа арнайы арнау айтып, өзінің ыстық лебізін өлеңмен жеткізді. Соңында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сағынтай Құттыбай мен аудандық орталық кітапхананың директоры Айна Рыскелді тарихи кітаптың тұсаукесеріне келген зиялы қауым өкілдері мен оқырман қауымға алғысын айтып, жаңа кітап болашаққа берері көп екенін жеткізді.