Өзіміз кешіп өткен ғұмыр дариясына бұрылып көз салсақ, жал-жал толқындардың тасасында қалып қойған небір естеліктер тізбегі көлбеңдеп елес береді... Елес емес-ау... Тап қазіргідей тірі сурет болып көрінетінін қайтерсің? Қалың бояулары сол көріністерді қағып алып, қалам ұшында ұстап қалуға тырысасың... Сөз аясына сыйғызып, кейінгі ұрпаққа жеткізуге талпынасың. Менің сондай бір жаңа туындым «Қанаттас қарлығаштарым» деп аталды. Осы естелік-әңгімелерімнің бір парасы – «Гауһария әлемі». Қанеки, сол ғажайып әлемді бірге аралап қайталық!
Ол алғыр да жаңашыл жан болатын
Өткен ғасырдың 70-жылдарының басында өзім құралпылас бір топ талантты жастар шоғыры «Қазақ радиосына» қызметке келді. Ол тұста балабақша балдырғандары мен мектеп оқушыларына арналған «Балалар» редакциясы мен жастарға арналған «Ұшқын» редакциясын «екі шылбыр, бір тізгін ұстап» бас редакторымыз Нәзила Баймұратова апай басқаратын. Үлкен ұжымның ішіндегі ең жасы екі қыз едік. Бірі мен, екіншісі менен кейінірек қызметке келген сұңғақ бойлы, арықтау қыз Гауһар Исаева.
Жалпы адам баласы өзінің ұзақ өмір жолында небір қызметтің тізгінін ұстап, өте көп жора-жолдастар табатыны ақиқат қой. Алайда алғашқы қызметтес болған адамдар мен алғашқы танысып-табысқан достардың орны алабөтен екендігі де рас. ГауҺар екеуміз осы алғашқылардың легінде табысып, айнымас дос болдық. Күні бүгінге дейін жолымызды түйістірген тағдырыма мың шүкір деймін.
Бүкіл болмыс-бітімі мен тірлігі өзгелерден алабөтен Гауһар дос... Оның алғыр да жаңашылдығы, ой-өрісінің кеңдігі мен тереңдігі, жұмыс жасау тәсілі, тәртібі де бізден гөрі басқашалау болды. Ешқайсымыздың ойымызға түсе қоймайтын не бір қызық идеяларды алдымен осы қызымыз қозғап, қалғанымыз жабыла қоштап, сол жобаны жүзеге асырғанша жарғақ құлағымыз жастыққа тимеуші еді. Бір жеңнен қол, бәр жеңнен бас шығара іске кірісетін ұйымшылдығымыз қандай еді?! Түрлі мерекелік дастархандар мен той-томалақтардың үстінде асабалық жасайтын ГауҺарымыз ортамыздың гүлі болды. Лидерлік қасиеті «мен мұндалап» көзге ұрып тұратын. Жылдам сөйлейді, шапшаң қимылдайды. Қолға алған шаруасын апай-тұпайын шығарып тез орындайды. «Ертең» деген ұғым оның сөздік құрамында мүлдем жоқ. Ойлағанын ертеңге қалдырмай, бүгін тындырып тастауға дағдыланған. Бәлкім осы қасиетін бағалағандығы болар, басшылық небір қиын да күрделі тақырыптарды көтеруді осы қызымызға сеніп тапсырушы еді.
Соның біреуі әскери тәрбие бағытындағы «Қаһарман» радиожурналы. Өз жұмысын тыңғылықты орындайтын Гауһар дос осы хабарды даярлау барысында 28 Панфиловшылар ізімен Мәскеу асып, сонау Ленинградқа (қазіргі Санкт-Петербург) дейін сапар шегіп қайтқаны бар. Жерлестеріміздің ерен ерлігі мен қаны төгілген жерлерден репортаж бен очерктерді мол етіп жинап келгені әлі есімде. Бұл 1975 жыл!
...Бірде бастығымыз Нәзила Баймұратова Гауһарды шақырып алып, астыңғы қабатта күтіп тұрған осындай кезекті бір авторға жұмсайды. Ол зымырап төменге түссе, бір бозбала күтіп отыр екен.
Қарақалпақ елінің азаматымын. Нөкіс қаласынан келдім, – деп таныстырыпты өзін. Әрі қарай екеуінің арасындағы әңгіме былайша өрбиді.
– Иә, келгеніңіз дұрыс болыпты, не шаруа?
– Сізге ыстық варенье алып келдім, соны қазір қолыңызға ұстатып кетсем бола ма?
Мұны естігесін көзі атыздай боп ұясынан шыққан ГауҺарымыз оған бақырая қарапты.
– Ыстық вареньесі несі?! Бізге ыстық варенье де, суық варенье де керек емес. Бізге тек авторлардың жазған дүниесі керек!
– Енді мен де соны бергелі келдім ғой. Міне, алыңыз, ыстық вареньені! – деп анау жігіт қоярда-қоймай тықпалап, бір бума қағаз ұстатады қолына. Қараса, балалар тақырыбына жазылған әп-әдемі өлеңдер екен. Оның бағанадан бері «ыстық варенье» деп тілін бұрап жеткізе алмай тұрғаны «стихотворенье» сөзі екендігін енді түсінген Гауһар, ал кеп күлсін. Сөйтіп осы «ыстық варенье» хикаясы сол заматта-ақ Нәзила апай мен редакция қызметкерлеріне «майын тамыза» айтып берген Гауһар бізді де әбден күлкіге көміп тастап еді-ау!
Тағы бірде редакцияға келген хаттармен танысып отырған ГауҺарымыз күлкіге көмілді... Қолындағы хатты дауыстап оқи бастады. Мазмұны былай екен: «Құрметті редакция! Сіздер әзірлейтін радиохабарларды үзбей тыңдаймын. Маған қатты ұнайды. Сіздерді сыйлаймын. Қолдарыңыздан бәрі келеді деп ойлаймын. Сондықтан да өздеріңізден жәрдем сұрағым келеді. Менің сүйген жігітім басқа қызға ғашық болып жүр. Не істеуді білмей басым қатты... Ендігі бар үмітім – Сіздерде! Сүйген жігітімді өзіме тез қайтарып берсеңіздер екен! 8 мартқа дейін. Ана қызға сыйлық жасап қоймасын! Көмектесіңіздер! Және жақсылап жазасын тартқызыңыздар, екінші рет басқа қызға қарай мойнын бұрмасын».
Әрине бұл бір жасөспірімнің жанайқайы шығар шыңғырған... Жұмыр басты пендеміз ғой, әлгі хатты тыңдап отырып біз де шуылдаса күлдік. Интеллектуалдық байлық туралы әңгіме қозғағанда Гауһардың қоры, оның барынша қомақты жеке кітапханасынан (кейін Жандосов атындағы мектепке сыйға тартқан) аттап өте алмайсың.
Оңайлықпен қолға түсе қоймайтын сирек кітаптар қорын жасау бұл досымның аса ұнататын тірлігі болды. Содан өзінің де жан-дүниесі байып, үлкен «жан ләззатын» табатын. Алланың көктен түсірген төрт кітабы «Інжіл», «Зәбүр», «Таурат», «Құран» кітаптарын мен алғаш осы ГауҺардың үйінде қолға ұстап көріп тамашалағанмын. Бұл кітаптар ол кезде мен-мен деген қазақтың беткеұстарларының үйінен табыла бермейтін. «Әлем әдебиетінің» ірі өкілдерінің өзіміз бірін білсек, бірін біле бермейтін небір жауҺар дүниелерін, өз ұлтымыздың ауыз әдебиеті қисса-дастандар, ертегі-аңыздардың мол мұрасын да, не бір том-том энциклопедиялық – анықтамалық кітаптарды да осы «Гауһар кітапханасынан» тауып оқитынбыз. Мұндай аса сирек, құнды дүниеден құралған кітап сөрелерін басқа бірде-бір үйден кезіктірмегенімді айта кетейін.
АллаҺ адам баласын біресе ыстық, біресе суық суға салып сынап, бұралаң-бұралаң жолдармен алып өтетіндігі бұлтартпас шындық, Гауһар осы үлкен сынақтан абыроймен өтіп, өмірлік тәжірибе жинады, пісіп-ысылды десем еш артық емес.
Сенсациялық құбылыс болған қос кітап
Шыдамдылығын, досқа, туысқа адалдығын, қандай қиындыққа тап болса да, дұрыс жол тауып шыға алар даналығын өз көзіммен көріп-біліп, мойындаған жанмын. Осы досыммен кімнің алдында болсын мақтана аламын.
Әділдік пен зұлымдық, шындық пен жалғандық, адалдық пен арамдық, ақ пен қара арасындағы таусылмайтын арпалыс... Жазушы қыздың қырағы көзі алысты шалады. «Қылмыс әлемінің» кейбір атышулы өкілдерімен шынайы өмірде бетпе-бет кездесіп сұхбат алған қайсар қыздың «көзсіз тәуекелшілдігіне» қалай тәнтті болмайсың?! Соның нәтижесінде тәуелсіз еліміздің тарихында тұңғыш рет заманауи үлгіде, жаңа сипатта жазылған, деректі, журналистік іздеудің нәтижесінде «Рэкет, мошенничество и сутенерство» атты кітап жарыққа шықты. Орыс тілінде жазылғанымен, авторы – қазақтың қызы ГауҺар Исаева болатұғын. Әрине қазақша жазуға да шамасы бар еді. Бірақ қылмыс әлемінің өкілдері болсын, заң орындарының қызметкерлері болсын, сұхбаттасқан, диктофонға жазылған әңгімелер орыс тілінде еді. Мағынасын, сөйлеу мәнерін сол қалпында жеткізу ойында болса керек. Оның үстіне, орыс тіліндегі кітапты оқу аудиториясы кең болатын.
Оның соңынан іле-шала «Казахстан: наркобизнес» кітабы шықты. Бұл дүниесін Интерполдың Қазақстандағы өкілеттігінің бастығы, полковник Б.Серікқалиевпен бірігіп жазды. Осы қос кітаптың дүмпуі біраз жерге жетіп, «сенсациялық құбылыс» болып танылғаны да рас.
Гауһардың осы туындыларына қызығушылық танытқан адамдар мен тұратын Қызылорда облысында да көп болды. Тіпті, өзімдегі кітапты сұрап алып оқығандар бар. Бәлкім оның көзсіз батылдық танытып жазған деректі-танымал дүниесі жоғарғы жақтағылардың да құлағына жеткен болар. Көп ұзамай «Рэкет, мошенничество, сутенерство» деген кітабына Қазақстан Журналитер Одағының «Кемел Тоқаев атындағы» сыйлығы берілгенін естіп білдік. Қуандық. Бұл шын мәнінде тынбай ізденіп, көп зерттеп дәйекті дәлелдермен жазылған шынайы еңбегінің жемісі екендігі даусыз. Сөз жоқ, мұндай қиын да күрделі жанрға қалам тартуға әйел түгілі, ер адамның жүрегі дауалай бермейді.
Дәл сол жылдары Сыртқы Істер министрі, қазіргі мемлекет басшысы қызметінде жүрген Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әкесі Кемел Тоқаев атындағы сыйлықты иемденген қаламгер журналисті арнайы шақырып, өз тарапынан құрмет керсетті. Бұл да әке рухын қастерлейтін имандылық пен көрегендіктің белгісі ғой.
Хош. Енді бұдан әрі қарай Гауһардың тағдырына түбегейлі өзгерістер әкеп, өмірінің арнасын мүлдем басқа жаққа бұрып жіберген оның екінші кітабы: «Казахстан: наркобизнес». Осы кітаптың тұсауы кесілген соң, Ресейде құрылған арнаулы топ құрамына Қазақстан тарапынан қосылып, Америка Құрама Штаттарына сапар шекті. Ондағы басты мақсаты «Нашақорлықтан оңалту орталықтарының іс-тәжірибелерімен танысып, біздің ел үшін беймәлім саладағы таным-түсініктері мен білімдерін жетілдіру» еді.
Гауһар өзінің тәжірибесін пайдалана отырып, көптеген халықаралық ұйымдармен жақсы қарым-қатынас орната білді. Әсіресе, Канада елшілігінде жұмыс істейтін Найля Окда мен Америка Құрама Штаттарының елшілігінің қызметкері Айнұр, «Жусан» қоғамдық ұйымының тез арада аяғынан тік тұрып кетуіне көп ықпал етті.
– Мен шетелдерде алғаш рет болған кездерімде Қазақстанның атын естімегендер толып жататын еді. Қазір Құдайға шүкір, халықаралық деңгейде көбісі біледі, сыйлайды. «Елің еленбей тұрып, өзің теңелмейсің» деген сөз осыдан қалса керек, – дейді Гауһар.
Баспасөз өкілдерімен жақсы таныс Гауһар бұл мүмкіндікті кеңінен пайдаланды. Орталыққа келушілер де көбейді. Сол жылдары, қазір де, нашақорлықтың ел ішінде асқынып тұрғаны жасырын емес-ті. Алғашқы күннен-ақ орталықтың жұмысын тоқтатпауы, етегін кеңге жаюы Гауһардың жанкештік еңбегінің арқасы екендігі күмәнсіз. Досымның осы жолда істеген қиямет жұмыстарын бір сөзге жинақтап жеткізу мүмкін емес. Бір ғана айтарым, өзінің жәрдеміне мұқтаж қаншама жандарға қолын созып, «құрдымнан» алып шыққандығын сол адамдардың өздері ғана, сосын бір Алла біледі.
Гауһар өсірген гүлдер
Гауһардың тағы ерекше қасиеті, бір адамға қол ұшын берсе, оны сол сәтте есінен шығарады. Бұл жайлы досымнан естіген емеспін. Сырттай одан көмек алған адамдардың өз ауыздарынан естіп жатамын ғой...
Гауһардың қиын-қыстау ауыр кезеңдерде көлеңкесін түсіріп, сая болған кісілердің бірі – мен өзім ғой. Бір мысалын ғана айта кетейін... Алматыға бір жолым түскенде «Қатира, мына қапшықты ауылыңа апарып, ағайын-туғаныңды жарылқа!» деген. Дәу бір ала дорбаны маған арқалатып жіберді. Елдің жалақы түгілі, зейнетақысын ала алмай жүрген 90 жылдар ғой, жұрттың әбден сансырап кеткен кезі. Іші киім-кешекке лық толы дәу қапшықты Қызылордаға жеткізіп, үй-іші, туған-туыстырымды бір қарқ қып тастағаным-ай! Сол кездегі адамдардың ризашылығын көрсеңіз! «Аштықта жеген құйқаның дәмі тәтті» деген сөз ып-ырас екен.
Гауһар ауырғаннан кейін бұл күрмеуі көп ауыр тірлігінен бас тартуына тура келді. Дәрігерлердің үзілді-кесілді үкіміне бағынды. Әлемді шарлап, аяғының баспаған жері кемде-кем, туристік саяхат жасады. Бүгінде үш қабатты еңселі үйдің бір бөлмесі сол шетелдерден әкелген сувенир бұйымдарға толы. Әр келгенімде жаңа сувенир қосылғанын байқаймын. Тағы да асқан қызығушылықпен тамашалаймын. Гауһардың тағы бір қызығушылық танытатын нәрсесі – ауласынан гүлдер аллеясын жасау. Мен бұрын көріп-білмеген алуан түрлі гүлдер мен өсімдіктерді өз қолымен отырғызып, аялап баптап өсіреді.
Қашан көрсең көздің жауын алып жайқалып тұрған бау-бақшаның сәні ерекше. Ешкімді қайталамайды. Бұл тек Гауһардың ауласындағы табиғат ғажайыптары! Оны тілмен суреттеп жеткізу қиын... Тек көзбен көру керек! Сонда ғана гүлдер мен өсімдіктер әлемінен бұрын соңды бастан кешпеген жан рахатын сезінесіз. Оның хош иісіне елітіп, бүкіл жан-дүниеңізбен өзіңіз де табиғаттың бір бөлшегіне айналасыз. Иә, солай!
Ал енді осындай ләззат құшағында отырып Гауһардың өз қолымен әзірлеген әртүрлі ас мәзірінен дәм тату дегеніңіз ешқашан естен кетпес тамаша бір сәттердің белгісі болып қалары сөзсіз. Оның «аспаздық» мектебінен өстем де, дәл сондай дәмді ас әзірлеу, шынымды айтсам, қолымнан келмей-ақ қойды...
Қазақ радиосында қызмет істеп, пәтерсіз сандалып жүргенімде, құдай қосқан қосағы Қуат екеуі қашан өзім пәтер алғанымша маған пана да, сая да бола білді. Үш жыл осы сүттей ұйыған жарасымды отбасының бір мүшесіндей болып, үш бөлмелі үйінде еркін өмір сүрдім. Жалғыз мен емес, пәтерсіз жүргендердің жиі-жиі келіп қонып, қарындарын тойдырып кететіндердің «қара шаңырағы» болатын. Бұлардың бәрі Гауһардың жанындағылар болатын. Қуат қаланың жігіті болғандықтан шығар, оның достарының қонып жатқанын көргенім жоқ.
Ешкімге ұқсамайтын қос ғашық
Марқұм Қуат досымның аруағына Құран бағыштап жиі есіме аламын. Гауһар мен Қуаттың алғаш танысып, табысуы да, тағдырларын қосып, жұбайлық ғұмыр кешуі де тосын оқиғаларға толы болды. Өйткені бұлар ешкімге ұқсай бермейтін ерекше жаратылыс иелері. Бір-бірінің еркіндігіне шек қойған жоқ, дербестіктерін сақтап қалды. Сөйте тұра бір-бірінсіз өмір сүре алмайтын. Екеуінің сүйіспеншілік нәзік сезімдерін қалай аялап ұстағанын, бір-біріне деген айырықша құрметін көзіммен көрдім. Бір ғана ұлы Алмастың тәрбиесіне көп көңіл бөлді. Әсіресе Қуат балажанды еді.
Мен «Ақсай» ықшам ауданынан пәтер алғанымда Гауһар екеуі жаңа қонысыма үкілеп апарып қондырып, әдемі қоңыр дауысымен гитарасына қосылып ән салғаны әлі есімде. Тіпті, үй жиҺазымды өз қолымен құрастырып бергені күні кешегідей есімде. Қуат қазақтың ішіндегі көрікті жігіт еді, әрі музыкалық білім алған, рояль мен гитараны жақсы игерген. Қуатқа ән салдырайықшы, ортамызда отырғызып деп, Гауһардың құрбылары оны қолдан-қолға тигізбей алып кететін. Гауһар бірде ол отырысқа барса, бірде бармай қалады. «Жазуым бар... ертең редакцияға өткізуім керек» деп. Қуат қалалық орыс тілді жігіт еді. Мәскеуден білім алған, тәрбиесі де сол орыстарға жуықтау болды. Алайда махаббаттың алмайтын қамалы жоғы рас. Ауылдың қара қызы Гауһарға ғашық болғаны соншалық, үйленгеннен кейін аз уақытта қазақшаны меңгеріп кетті. Алматыға каникулда ғана келетін, басқа уақытын Мәскеуде өткізетін, қазақша сөйлесетін ортасы жоқ жігітке оңай болмаса керек. 15 жылдан астам уақыт жарасымды жұбайлық ғұмыр кешті. Бұған да тәуба! Қазір менің бұл отбасылық достарымның әулеті ұлғайып келеді. Бұлардың қарашаңырағын ұстап отырған ұлы Алмас, келіні Айнұр, Нұрбол, Арбол және ЖауҺар деген немерелері бар. Немерелерінің атын қою Гауһардың үлесінде. Құдай қосқан құдасы Қайрат пен құдағиы Майра өзінің пейіліне берген патша көңілді адамдар...
Мақаламның «Гауһария әлемі» деп аталатын жөні бар. Енесі Анель Хамитовна Надирбекованы, алақанына салып күткен келінді көргенім бірінші рет. Жай ғана күту емес, екеуі керемет одақтас болды. Анель Хамитовна ақсүйек адам болатын. Бір рет дауыс көтергенін естіген емеспіз, жоғары оқу орнында сабақ береді. Екеуі де көп оқитын, көп білетін, сондықтан болар, әңгімелері жарасатын. Енелерінің көзі кеткеннен кейін «Біз анау едік, біз мынау едік» деп айтып жатады ғой... Гауһарды енесі келінін «Гауһария» деп еркелететін. Гауһары болса, қылмыс туралы жазылған кітабын енесіне арнап алғысөзбен шығарғанда, Анель Хамитовнаның (ол кезде Қуат қайтыс болып кеткен) қалай толқығанын өз көзіммен көрдім. Енесін жерлеп, басына қойылған тасқа «Әйел падишасы Анелге келіні Гауһардан» деп жазған сөздерді оқығанда, екі көзге жас толатыны рас.
Мен өмір бойы досымның орасан ғарыштық күш-қуатына қызығумен, сүйсінумен келемін. «ГауҺария әлемі» шын мәнінде талайларды магниттей тартатын таңғажайып әлем!
Қатира ЖАЛЕНОВА,
Қазақстан Жазушылар
Одағының мүшесі,
Халықаралық «Алаш»
сыйлығының иегері,
2020 жыл, «Аңыз ауыл» кітабынан