Газаға қазақ бітімгершілік күштері бара ма?

Газаға қазақ бітімгершілік күштері   бара ма?

20 ақпан күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Трамптың бастамашылығымен өткен Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысына қатынасып, маңызды сөз сөйлеген еді. Мемлекет басшысы саммитке қатысушыларға ілтипат білдіріп, осы тарихи іс-шараны ұйымдастырғаны үшін АҚШ Президенті Дональд Трампқа алғыс айта келіп, бірқатар жаңа идеяларды ортаға қойғаны болатын. Кезектегі халықаралық ахуалдарға тоқталған Мемлекет басшысы, қазақ елі Газа секторындағы ахуалды тұрақтандырып, аймақты қалпына келтіру жұмыстарына атсалысуға дайын екенін жеткізді.

«Қазақстан іскерлік және кәсіби беделі жоғары деңгейдегі халықаралық компанияларды тарта отырып, аймақты қайта қалпына келтіру және құрылыс жұмыстарына қатысуға ниетті. Бұл бағдарлама бойынша инфрақұрылым жасақтауға, үйлер мен тұрғын үй кешендерін, мектептер, ауруханалар және басқа да маңызды әлеуметтік нысандарды салуға болады. Әлемдегі ең ірі бидай өндірушілердің бірі саналатын еліміз Газа мен одан тысқары жерлердегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін гуманитарлық көмек көрсетуге дайын. Қазақстан палестиналық студенттердің университеттерімізде білім алуы үшін бес жыл бойы 500-ден аса оқу грантын бөлуді жоспарлап отыр. Біз халықаралық деңгейде мойындалған электрондық үкімет саласындағы тәжірибемізбен және басқа да цифрлық шешімдермен бөлісе аламыз. Қазақстан Халықаралық тұрақтандыру күштерін қолдауға әзір. Яғни далалық госпиталь құру үшін бір топ медицина маманын, сондай-ақ Азаматтық-әскери үйлестіру орталығына бақылаушылар жіберуге даяр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы жиналыста АҚШ бастаған біраз елдер Газа секторына гуманитарлық көмектер жеткізу, халықаралық бітімгершілік күштерін орналастыру сынды маңызды мәселелер төңірегінде уағдаласып қайтқан еді. Сонан бергі қысқа уақытта Таяу шығыстағы ахуал күрт шиеленісіп кетті. АҚШ пен Израильдің Иранға бағытталған шабуылы соғыс өртін лаулата түскендей. Біз осындай күрделі шақта Газаның жағдайы не болып жатыр деген сұраққа үңіліп отырмыз.

Қытайдың басты телеарнасы CCTV-дың таратқан мәліметтеріне қарағанда, қазір Газадағы жағдай сол күрделі қалпынан өзгермеген секілді. Жергілікті уақыт бойынша 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы бірлескен әскери шабуылынан кейін Израиль сол күні кешке Газа секторына кіретін барлық шекара өткелдерін, соның ішінде Рафах өткелін жауып тастаған. Осыған байланысты азық-түлік тапшылығы мен аштықтың қайта өршуінен қорқып, Газадағы көптеген палестиналық, оңтүстігіндегі Хан Юнис базарына мүмкіндігінше көп азық-түлік сатып алу үшін ағылған. Бұған болатыны былтырғы болған аштық кезінде Газа халқы қатты жапа шеккен болатын. CCTV телеарнасының тілшісіне сұхбат берген Газа секторынан келген Абил Авад деген босқын жағдайдың қиындығын жеткізді.

«Газа секторындағы халықтың жағдайы өте нашар. Иранға қарсы соғыс басталғаннан кейін барлығы аштықтан, шекара бекеттерінің жабылуынан, азық-түлік пен ұн тапшылығынан қорқып отыр. Барлығы базарларға ағылып, заттар сатып алып, содан кейін тығылғысы келді. Біз үш ай бұрын болған аштықтан қорқамыз», – дейді Абил Авад.

Бұл аймақтағы жағдайдың қашан тынышталатыны әзірге белгісіз. АҚШ-та өткен жиналыстың шешіміне сай, халықаралық гуманитарлық көмек пен Газаны қалпына келтіру жұмыстары қашан басталатыны әлі айтылған жоқ. Сондықтан да Қазақстан тарапынан Газаға баратын көмек пен мамандардың қашан аттанатыны да әзірше белгісіз. Ал, Голан жоталарында қызмет етіп жатқан Қазақстан бітімгершілік күштері жақында ғана Біріккен Ұлттар Ұйымы миссиясы құрамында атқарған қызметі үшін БҰҰ медальдарымен марапатталған болатын.

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
05.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23729
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23387
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 40174
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36853
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41055