Ауданда жыл сайын көктемгі және күзгі көріктендіру және көгеріштендіру, санитарлық тазалық екі айлығы жарияланып, осы айлық аясында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Арнайы сенбіліктер де ұйымдастырылып, онда аудан басшысынан бастап, қатардағы қызметкерге дейін тазалық жұмыстарына қатысып, тал-дарақтар егуге атсалысады. Бұл әрине, қоғам тарапынан құптарлық жұмыс. Сайып келгенде, табалдырықтан басталған тазалық – өзің тұратын ауылыңның таза болуының кепілі. Ауылың қоқыстан таза болса, басқа ауылдарға да үлгі болмақ.
Осыған орай, аудан әкімдігінің ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің мәліметінше, 2022 жылы Т.Рысқұлов аудан әкімінің «Көктемгі екі айлық көріктендіру, көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстарын ұйымдастыру туралы» 15 ақпан күні шыққан №20 қаулысына сәйкес аудан көлемінде 2022 жылдың 1 наурызы мен 30 сәуірі аралығында көріктендіру, көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстарын өткізудің көктемгі екі айлығы жарияланған. Комиссия құрамы бекітіліп, іс-шаралар жоспары жасалып, ауылдағы тазалықтарды қадағалау үшін ауыл аймақтарға аудан активтері бекітілді. Аптаның жұма-сенбі күндері санитарлық тазалық күні болып белгіленді.
Бөлімнің мәліметіне сүйенсек, аудан бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес жалпы көктемгі екі айлық көріктендіру, көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстарының жоспары бойынша аудан бойынша 950 тал-теректер егіліп, 1600 гүлзарлар және 2710 көгал орналастырылады, 34 шақырым арық-каналдар, 245 шақырым көшелер тазаланады, 1400 саябақтарды, скверлерді тазалау және көріктендіру жұмыстары жүргізіледі. Аудандағы кездейсоқ күл-қоқыс орындарынан шамамен 225 тоннасы тазартылады.
Ауылдық округтер бойынша көктемгі абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту жұмыстарына ауылдық округтегі мемлекеттік мекемелер өз аулаларына тазалық жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырады.
Иә, тазалық – бәрімізге ортақ жұмыс. Себебі, ауылдың гүлденуі ең алдымен сол ауылдың тұрғындарының жауапкершілігіне тікелей байланысты.