Орал қаласы бойынша «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында өткен оқу жылында 1363 оқушыға – бюджеттік қаражат есебінен, тағы 424-іне бюджеттен тыс қаражат есебінен көмек көрсетілген. Аталмыш іс-шара биыл да жалғасын табуда.
Орал қалалық білім беру бөлімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс орталығындағы мектептерде 2000-ға жуық аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың ұл-қыздары, сондай-ақ жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар тіркелген. Жаңа оқу жылында 6000-нан астам бүлдіршін қала мектептерінің табалдырығын бірінші рет аттағалы отыр екен.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің оқушылардың мектепке баруын толық қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы аясындағы «Мектепке жол» акциясының мақсаты – жоғарыда аталған санаттағы мектеп оқушыларының мектепке дайындығына қолдау көрсету, олардың әлеуметтік себептермен сабаққа бармай қалуының алдын алу.
Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын акция биыл да 1 тамызда басталды. Орал қалалық білім беру бөлімі жомарт жандарды 30 қыркүйекке дейін жалғасатын қайырымдылық іс-шарасынан қалыс қалмай, үн қосуға шақырады. – Жылдан жылға акцияға қатысып, әлеуметтік көмекті қажет ететін балаларға қолдау көрсетушілердің саны артуда. Солардың ішінде қала әкімдігі, қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдар, білім беру, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау органдарының қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар, заңды және жеке тұлғалар белсенділік көрсетуде, – дейді білім беру бөлімінің баспасөз хатшысы Эльмира Нұғманова.