Он екі айдың сұлтаны саналатын Рамазан айының артықшылығы мен кереметтері туралы Ислам дінінде жан-жақты айтылған. Өздерін мұсылман санайтын пенделер Алланың разылығы үшін ораза ұстап, құлшылық ғибадаттарын шынайы ниеттерімен жасап, мұсылмандық парыздарын өтеуде. Пайғамбарымыз Мұхаммед / с.ғ.с./: «Әрбір нәрсенің есігі бар. Ораза – Аллаға құлшылық жасаудың есігі» деген. Демек Ораза – ғибадаттың есігі болып табылатындығы анық. Ораза шын мәнінде пенденің Аллаға деген сезімін оятатын,Алланың ризалығына бөлейтін, пендені тамақ жемейтін және шөліркемейтін періште мәртебесіне көтеретін, жаманнан жирендіріп,жақсылыққа жеткізетін ғибадат екендігін, оразаның сауабы басқа ғибадаттардың сауабынан артық екендігін әрбір мұсылман баласы білулері тиіс. Ия, адам баласы бұл жалған өмірге сауап пен күнәні жию үшін келеді екен. Қасиетті Құранда: «Алла тағала сендердің қайсыларың ең ізгі іс жасай алатындарыңды сынау үшін өлім мен өмірді жаратты» / «Мүлік» сүресі,2 -аят/, – делінген. Біздер бүгінгі күні ізгі істер жасап, сауап жинап жүрміз бе? Мал мен байлықтың буы пенделерді қабірге кіргенге дейін көз бояп алдап жүрген жоқ па? Құлшылыққа бет бұрып, Аллаға қаншалықты жақындап жүрміз?