Қазіргі қазақ елінде, жаңа мемлекет құрудағы ұзаққа созылған өтпелі кезеңінің жаңа қоғамдық сана қалыптастыруына жағымсыз ықпал ететін тежегіштердің бірі инфантилизм екені аян. Бұл құбылыс туралы өткен ғасырдың басында дарынды психо-физиолог Карл Юнг тұжырым жасап, оның пайда болуын жастардың өмірімен байланыстырған. Бұл бағытта негізінен психологтар болмаса, қоғамдаму мамандары бұл мәселеге «баландық инфанттық дерт» деп, кейінгі кезде ғана көңіл аудара бастады. Бірақ, «баландық инфанттық дерт» пен қоғамдық инфантилизмнің ара жігін ашып жазған ғылыми еңбектерді кездестірмедім. Сондықтан, инфантилизм мәселесіне ғылыми негізде қарауға көңіл аударатын пікірімді жазып отырмын.
Инфантилизм – адам ағзасының табиғи даму үрдісінен ауытқып, дамуының тежелуінен пайда болып психикасына және физиологиялық тұрғыда барлық ағзасына әсер ететін дерт. Мидағы гормондардың жеткіліксіздігі сана-сезімнің дамуын тежеуінен физиологиялық және психологиялық инфантилизм дертіне душар болады. Осы дертке ұшыраған балалардың келешегі қоғамда үлкен сұрақ тудырады. Оны маман психологтар шешеді. Ал, денсаулығы мықты жастардың инфант дертіне ұшырауының себептері, олардың отбасындағы тәрбиесі келешек өміріне жол ашатындай деңгейде болмағаннан басталады. Оған балалық шағында отбасында болатын кейбір берекесіздік әсері мен өскенде көрген қатыгездік пен мейірімсіздік, әділетсіздік және өскен ортадағы қарым-қатынасқа байланысты көңіліне көлеңке түсірген оқиғалар, келешек өмірде өзінің орнын таба алмайтын әртүрлі психологиялық мәселелер қалжырататын күйге енеді. Осы инфанттық дертінен құтқару жолы, біртіндеп оның өзіндік санасы деңгейін дамыту мен психотерапевтің көмегі қажет. Ал, қоғамдық инфантилизмнің даму табиғаты, балаңдық инфантизмнен мүлде бөлек. Қоғамның инфантилизмге ұшырауының себептерін анықтап, соны жоюға көңіл бөлген жөн. Қоғамдық инфантилизмнен арылу үшін ғылыми ізденістер қажет. Қоғамдық инфантилизмнің пайда болу табиғаты мен қоғам дамуының үдерісіндегі байланыстарды реттеу жолын ғылыми негізде, тереңірек қарастыру арқылы шешу керек. Бұл өте маңызды мәселе. Қоғамдық инфантилизм мәселесін шешу биліктің мемлекетті ғылыми басқару жолынан ауытқуын анықтайды. Оны жарлықпен, заң қабылдау арқылы, не болмаса насихат пен шаралар арқылы шешу мүмкін емес. Ғылыми ізденістер арқылы мұқият талдау, сараптама болса, қоғамдық инфантилизмнің пайда болуына мемлекет билігі жүйесінің қандай әсері болғанын, қандай қателіктер жібергені анықталады. Дүниежүзінің екінші ұстазы әл-Фарабидің «Ғылымның мақсаты – ақиқатқа жету» деген өсиеті, қоғамның ғылыми дамуы мемлекеттің мықты болуының бір заңдылығы екенін дәлелдейді. Социализм дәуірінің қоғамдық санасынан арылмаған еліміздің халқы, кеңестік авторитарлық билік жүйесін пайдалану арқылы «жаңа мемлекет» құрған билік жүйесі, жұртты автократияға қамап отырғаны белгілі. Ал, кеңестік социализм қоғамының партиякратия-таптық диктатура билік жүйесі мемлекет, тек қоғамның мақсатын орындайтын құралы ғана деген ұғымды өзгертіп, «мемлекетті» қоғамның мәртебесінен жоғары дәріптеп, оның рөлін халық табынатындай деңгейге көтеріп, диктатуралық саяси билік жүргізгені аян. Ғылыми негізде нақтыланған мақсаты мен келешегі бір, халық пен мемлекеттің арасына сына қағып, жұртты жаншып, күшпен, үреймен, алдау-арбаумен басқаратын жүйеде «мемлекет» ұғымына табынған елде билік ғылымға сүйенбей, саяси ықпалы басым болатыны аян. Тәуелсіздік алғаннан кейінде, елімізде осы «мемлекет» ұғымына табыну жалғасып келеді. Ал, осы қателікті түзейтін философ «ғалымдар», заңгерлер өз келешегінің қамынан шыға алмай ма, әлде үйреншікті үрей ме, ақиқатты бүркеп, өздері де инфанттар қатарында жүрген сияқты. Ақиқатқа ғана жүгініп, ғылым негізінде басқару, халық пен басқарушы биліктің арасына көлеңке түсірмейтін деңгейге жетудің жолына, қоғамды бұру ұрпақтың келешегі үшін қажет. Қазіргі ғылым жетілген заманның, мемлекет басқарудың ғылыми жолынан және адамзат даму тарихының озық тәжірибесінен ауытқудан сақтануын талап етеді. Біздің елге қазіргі кезеңде тәуелсіздікті сақтап, егеменді ел болу үшін ең қажетті мәселе – жаңа қоғамдық сана қалыптастыру. Қоғамдық сана өзгермей, қоғам өзгермейді. Жаңа қоғамдық сананы қалыптастыруға тежегіш болатын инфантизмнің пайда болу себептерін толықтырып, жоғарыдағы айтылған жайларды өз өміріне үңілген адам ұғады.
Енді қоғамдық инфантизмнің пайда болу себептеріне тоқталайық. Бұл инфантизм, психологиялық дертке ұшырамаған, денсаулықтарында физиологиялық өзгеріс жоқ адамдардың тіршіліктеріне де қоғамдағы экономикалық, әлеуметтік, азаматтық құқығы мен теңдігіне байланысты зиянды ықпал әкелетін мәселелерден пайда болатыны аян. Қоғамдық инфантизмнің ерекшелігі, оның ықпалына ұшырау қатардағы азаматтардан бастап, билік сатыларында жүргендер, ғалымдар, жазушылар мен қалам ұстап ақпарат майданында жүргендер, ғылым-білім, мәдениет пен өнер тағы басқа барлық салаларда қызмет ететіндер мен студентердің де тағдырына қатысы бары өмірдің ақиқаты. Өйткені, қоғамдағы экономикалық, әлеуметтік, рухани даму, азаматтардың құқығын қорғау мәселелеріне байланысты шешілмеген жағдайлар мен азаматтардың әділетсіздік пен теңсіздікке, өз пікірін айтса қуғынға ұшырау тағы да басқа көріністер адамдардың еңсесін басып, белсенділігін тежеп, табиғи дарынын дамытпай, енжарлыққа әкелетін жағдайлардың қоғамда кең өріс алуында екені барша халыққа белгілі. Өкініштісі, қоғамдағы кемшілікті еститін құлақ, көретін көз жоқ. Халық ұйқыда, билік өз қалпында. Ел болашағы үлкен сұрақты шешуге байланысты, әлбетте, келешегі белгісіз жағдайда.
Болат ДҮЙСЕМБІ,
экономист-саясаткер, публицист,
ҚР Журналистер одағының мүшесі















