Нұр-Сұлтан қаласында Үндістанның ҚР-дағы елшілігі ұйымдастырған VIII халықаралық йога күні ашылды. «Халықаралық йога күнінің мақсаты – йоганың денсаулыққа пайдасын халыққа түсіндіру» дейді шараны ұйымдастырушылар. Аталмыш шараға ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қатысып, көпшіліктің алдында сөз сөйледі.
– Бүкіл әлем Халықаралық йога күнін атап өтуде. Көптеген йога қатысушылары мен жанкүйерлері бізге басқа елдер мен қалалардан онлайн режимінде қосылуда. Йогамен таныс және онымен айналысатын, йогадан күш пен тыныштық алатын барлық адамдарды құттықтаймын! Медицина қызметкерлері йога мен басқа да дәстүрлі тәжірибелердің құндылығын көруде, өйткені олар денсаулықты физикалық және психикалық деңгейде сақтауға және нығайтуға бағытталған. Йогамен айналысу ағзаның барлық жүйелеріне жағымды әсер етеді: омыртқаның икемділігін арттырады, дене күшін дамытады, буындардың қозғалғыштығын жақсартады, жүйкелерді босаңсытады және қалпына келтіреді, тыныс алуды басқаруға, жағымсыз эмоциялармен күресуге үйретеді, ағзаны сауықтыруға және жасартуға ықпал етеді. Йога сабақтары – жетілу жолында өз денесі мен рухын нығайтудың тамаша мүмкіндігі, – деді Ажар Ғиният.