Мемлекет басшысының Қазақстан халқына кезекті Жолдауы жаңа әлемдік геосаяси ахуал тұсында еліміздің тұрақты даму кеңістігінде темірқазығы болатыны анық. «Ақылды» технологиялар халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, барлық қажетті игілікке қолжетімділікті қалыптастыруда, ең бастысы адами капиталдың сапасын арттыруға айрықша назар аударды. Кез келген мемлекеттің орнықты дамуында азаматтардың білімі мен қарым-қабілеті, дарын-дағдысы орасан рөл ойнайды. Өркениет өріндегі елдерде адами капиталға инвестиция құю аса маңызға ие. Себебі білім сапасын заман талабына сай дамыту – экономиканың өсіміне, технологиялық жаңғыруға, әлеуметтік тұрақтылыққа жетелейтін негізгі фактор. Ал жасанды интеллект дәуірінде ұлттың зияткерлік әлеуетін көтеру, ұлттық сана-сезімі мен патриотизмін ояту, азаматтық және әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыру әдістерін жете зерделеу қажет-ақ.
Жуырда Yessenov University аға оқытушысы, PhD докторант Бақтыбай Жайлауов отандық білім беру жүйесі мен ұлттық инновациялық экожүйеге тың серпін беретін жоба таныстырылымын өткізді «IQ test center» стартап жобасы – ұлттың зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған бірегей бағдарлама.
«Ұстазым Әділет Қабыловтың жетекшілігімен Yessenov университетінде 10 жылдан астам уақыт Әбіштану пәнінен сабақ беремін. Осы уақыт аралығында Әбіш Кекілбайұлының шығармалары студенттердің интеллектуалдық қабілетін шыңдап, ақыл-ойын тереңдете түсетіні, сөздік қорын байытып, көшбасшылық қасиетін дамытатынына көз жеткіздім. Жаңа жобаны жасақтау аясында адамның ақыл-ойын байытып, азаматтық тұлғасын кемелдендіре түсетін авторлардың озық шығармаларының тізімін бекітіп, әдістеме жасап, авторлық құқық алдық. Осы күнге дейін алуан түрлі авторлық тесттерді кезіктірдік. 80 жылдан астам тарихы бар, коммерциялық емес Mensa халықаралық қауымдастығы әлем бойынша интеллект коэффиценті жоғары адамдарды топтастырады. Озық ойлы ұлт болу үшін ұлттың зияткерлік әлеуетін нақты анықтау маңызды. Ал осы тұста адамзатқа ортақ әдіс-тәсілдерге жүгінеміз. Біздің жобаның тағы бір мақсаты – Mensa халықаралық қауымдастығымен серіктестік орнатып, олардың лицензиясын алу, халықаралық интеграция өрісінде бірлескен қызметімізді жалғау, олардың тестін қазақтың ұлттық танымына негіздеу. Mensa тестін тапсыру үшін 60-100 мың теңге арасында қаржы жұмсайсыз. Ал біз серіктестікке қол жеткізе алсақ, үш есе арзан бағада ұсынуды көздейміз. Сондай-ақ біздің авторлық тестімізді тапсырып, ұлттық форматтағы ақыл-ой өлшеміңізді анықтауға мүмкіндік бар», – дейді Бақтыбай Жайлауов.
Yessenov University аға оқытушысы жобаның инновациялық ерекшеліктеріне тоқталды. Қазақ тіліне бейімделген тұңғыш IQ-тест әзірленіп, ұлттың мәдени болмысы ескеріліп, сұрақтар азаматтардың жас ерекшелігі, кәсіби бейініне сәйкес құрастырылатынын жеткізді. Бүгінгі таңда жоба Astana Hub технопаркіне жолданды.
«Жобаға қаржылай демеушілік көрсететін азаматтарға айтарым, тың жобаны табыс көзіне айналдырудың мүмкіндігі мол. «IQ test center» орталығы – жеке бизнес жоба емес. Оның әлеуметтің әсері әлдеқайда кең. Біздің орталық тестілеумен қоса білім-білігін арттыратын курстарды ұсынады. Сондай-ақ негізгісі – адами капиталды арттыруға айтарлықтай үлес қосады. Өзіңізге мәлім, бүгінгі таңда білім беру жүйесі мен HR саласы, персоналды стратегиялық басқару секторында кадрдың кәсіби біліктілігін әділ бағалау мәселесі маңызға ие. Бұл жалақы формасы мен жүйесіне, үстемақы тағайындау тәсілдеріне өз ықпалын тигізеді. Бұдан бөлек ата-ана үшін бала кезінен бейімін бағалау, дарынын анықтау маңызды. Ал ересектер өзін-өзі тану, өзге де машықтарды меңгеру, білімін тереңдету барысында осы тесттің көмегіне жүгіне алады. Тест Big Data арқылы әр тұлғаның жеке даму траекториясын ұсынады. Жастар үшін бұрын-соңды болмаған жаңа жобаны ұсынып отырмыз. Бұл – неке алдында ақыл-ой өлшемін таразыға салу. Бұл тесттер адамның зияткерлік әлеуетін бірнеше критерий бойынша бағалауға мүмкіндік береді. Жалпы біз ұсынып отырған «IQ test center» стартап жобасы – әлемдік деңгейде интеллектуалдық-инновациялық әлеуетке ие жоба. Жоба әлі идея күйінде тұр. Инвесторларды тарту, әр саланың ең үздік мамандарының басын бір арнаға тоғыстыру арқылы озық өнертабысты өмірге әкелу мүмкін болмақ», – деп мәлімдеді Бақтыбай жайлау.
Қазірдің өзінде-ақ жоба IT-саласындағы мамандардың, ғалымдар мен оқытушылардың оң бағасын алған. Адамның ақыл-ой өлшемін бағалаумен қоса, білім көкжиегін кеңейтуге, рухани болмыс-бітімі мен кісілік келбетін танып білуге мүмкіндік беретін мұндай жоба ғылыми әлеуетті арттырумен қоса инновациялық даму жүйесіне басымдық береді.
«Аталған бастама Қазақстанда когнитивтік қабілеттерді өлшеу мен дамыту саласына тың серпін әкеледі. Жоба білім беру жүйесіне де, ұлттық инновациялық экожүйеге де зор үлес қоса алады. Оның бірегейлігі бірнеше маңызды бағыттардан көрінеді:
1. Ғылыми негізділік: Жоба халықаралық психометрия стандарттарына сүйене отырып, қазақстандық контекстке бейімделген авторлық IQ тестілеу жүйесін қалыптастыруды көздейді. Бұл отандық ғылым үшін жаңа тәжірибелік база болмақ. 2. Инновациялық IT шешімдер: Жобада жасанды интеллект, онлайн тестілеу платформалары, автоматтандырылған бағалау жүйелері секілді заманауи технологиялар қолданылады.
3. Ұлттық интеллектуалдық әлеует: IQ көрсеткіштері мен когнитивтік деректердің жүйелі түрде жиналуы Қазақстандағы талантты жастарды қолдау мен адами капиталды дамытуға нақты ықпал етеді.
4. Әлеуметтік маңызы: Жоба білім беру саласында тең қолжетімділікті қамтамасыз етіп, мектеп оқушыларына, студенттерге және кәсіби мамандарға өзін-өзі тануға мүмкіндік береді. Бақтыбай шәкіртіміз интеллекті бағалау жүйесінің жоқтығын, оған қоғамда қажеттілік барын дер кезінде байқап, инновациялық шешім ұсынып отыр. Оның жаңашылдығы сол – Mensa-ның дайын үлгісін көшірмей, өз авторлық тестін құрастыруға батыл қадам жасауы. Бұл – нағыз ғылыми дербестік. Ол тұрақты һәм табанды түрде жүйелі ізденіп, жобасын әр қырынан дамытып келеді. Оның бастамасы тек жеке бизнес емес, бүкіл ел жастарына, білім саласына, ғылым мен инновацияға серпін береді. Ұлтқа пайда әкеледі. Автор жобасын тек теорияда қалдырмай, бизнес-жоспарын жасап, логотип пен сертификат үлгісін дайындап, тіпті құқықтық тұжырымдамаға дейін жеткізуі – айтуға тұрарлық еңбек. IQ тест орталығы Қазақстанда алғаш рет ұлттық деңгейде құрылса, оның нәтижесі жастарды рухани және интеллектуалдық тұрғыдан жетілдіруге зор ықпал етері сөзсіз», – деген пікір білдіреді филология ғылымының кандидаты, доцент, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Әділет Қабылов.
Ал танымал IT маман Тимур Бектұр қазақ тіліне бейімделген интеллектуалдық тест жүйесінің инновациялық мәні мен нарықтық әлеуетін және әлеуметтік маңызын жоғары бағалайды.
«Қазақстанда ресми IT-орталық жоқ. Бұл – жаңа нарық. Орталық офлайн және онлайн тестілеуді біріктіріп, заманға сай цифрлық платформалар арқылы жұмыс жүргізуді көздейді. Бұл шешім EdTech бағытында үлкен әлеуетке ие. Жыл сайын мыңдаған түлек пен студент кәсіби бағдар мен интеллектуалдық диагностикаға мұқтаж. Сондай-ақ компаниялар үшін бұл қызметтің құндылығы жоғар», – деген пікір білдіреді Тимур Бектұр.
IT-маман Өмірбек Құрманбаев стартап құрылымын саралай келе, «интеллектуалдық диагностикаға арналған жаңа ұлттық жүйе әзірлеу – ерекше әрі стратегиялық тұрғыдан құнды жоба» деген баға береді.
Елімізде сапалы білімді қолжетімді ету, жасанды зерденің жаңа технологияларын жасақтау арқылы салада инновациялар жасау жанданып келеді. Соның ішінде адами капиталға инвестиция салу елдің экономикалық дамуы мен жалпы қоғам әл-ауқатының өсуіне ықпал етерін ескерген жөн.
«Ғылымы дамыған, технологиясы өрістеген ел ғана әлемдік бәсекеде алға озады. Бұл тұрғыдан «IQ test center» стартап жобасы сәтті жүзеге асса, Маңғыстау еліміздегі алғашқы IQ орталығы бар өңірге айналады», – дейді жоба авторы Бақтыбай Жайлауов.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ,
Маңғыстау облысы