Бәйдібек ауданындағы сәулет-көркем музейінің қорында құнды жәдігерлер көп. Солардың бірі ретінде жыр жампозы Жамбыл ақын «Боралдайдың бозторғайы» деп баға берген Орынбай Тайманов пен ақын Иса Байзақовтың домбырасын айтуға болады. Орынбай Тайманов 1884 жылы туған. Жасынан жыршылық өнерді жанына серік етіп, ел аралап айтыстарға қатысқан. Жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарында өлең-жырлары мен толғаулары баспасөзде жиі жарық көрді. Ұлы Отан соғысы кезінде де оның жігерлі, отты өлеңдері жүдеген халыққа дем берді. Бүгінде ақынның Бәйдібек ауданындағы Боралдай ауылында кесенесі бар. Қазіргі таңда Боралдай ауыл округінде бір мектеп, ауыл және аудандық өнер және саз мектебі ақынның атымен аталады. 2000 жылы музейге жәдігер жинау кезінде ақынның домбырасы мектептің мұражайынан әкелініп, арнайы бұрыш жасалды. Ал, Иса ақынның домбырасына келсек, мұның да өзінің оқиғасы бар. Бұл жайында Бәйдібек ауданындағы сәулет-көркем музейінің қызметкері Эльмира Жамашова былай деп әңгімелейді: «Иса Байзақов 1900 жылдың 3 қазанында Павлодар облысы Ертіс ауданы Үлгілі ауылында дүниеге келген. Иса Байзақов айналасына тек ақын ғана емес, актерлік, әншілік талантымен де танылған. Ол жырлаған «Құралай сұлу», «Қойшының ертегісі», «Алтай аясында», «Кавказ», «Қырмызы-Жанай», «Ақбөпе» сияқты поэмалары көркемдігімен де, адамгершілік асыл қасиеттерді паш ететін идеялық қуатымен де қазақ әдебиетінде айрықша орынға ие. Ақынның домбырасы қарт Қаратаудың қойнауындағы Бәйдібек ауданына қалай жетті? Енді осы сұраққа келер болсақ, сонау сұрапыл соғыс жылдарында шежірелі Шаян өңіріне ақын Иса Байзақов келеді. Сұм соғыс еңсесін езген ел ақынды құшақ жая қарсы алады. Жайбарақат тіршіліктің астаң-кестеңін шығарған соғыстың ауыр бейнетінен қажып, азаматтарынан айырылып қамығып, жабырқаған халық ақынның жырдастандарын таңға дейін тыңдап, бір серпіліп қалады. Ақын ауылдарды аралап, тұрғындарды ән-жырымен рухтандырып жүргенде Батыс әскерлерінен «1943 жылдың 2 ақпанында Дон майданының әскерлері Сталинград түбінде қоршауға алынған неміс армиясын толық талқандады» деген жақсы жаңалық жетеді. «Бәрі де майдан үшін!» деп ауыр бейнетті арқалап жүрген ауылдағылар бұл жеңіске шат-шадыман қуаныпты. Қазақ табалдырық аттаған әр қонағын кұт санаған емес пе? Ауыл тұрғындары да Иса ақынды құт көріп, сүйінші сұрайды. Дархан көңілді ауылдағылармен қоса қуанған ақын сүйіншіге өзінің қимас серігі – домбырасын берген екен. Мұндай мәрттікті күтпеген жұртшылық ақынға «жар дегенде жалғыз домбыраңыздан қалай айырамыз?» деп қынжылыпты. Сонда ақын: «Уа, көпшілік, ізетке найза бойламас. Мен сүйіншілеген елге шын көңілмен бердім домбырамды», – деп ағынан жарылған екен. Соғыс аяқталып, бұл оқиға ұмыт болады. Иса ақынның домбырасы да ел жадынан шығып кетеді. Арада біраз жылдар өткен соң осы оқиғадан хабары бар Ақтас ауылының тұрғыны Орынтай Атабеков өзінің нағашысынан ақынның домбырасын алып келіп, музейге өткізеді. Бүгінде музей төрінде Орынбай Тайманов пен Иса Байзақовтың домбырасы құнды жәдігерлердің бірі ретінде сақтаулы тұр.