Қыркүйек айының бастапқы кезінде ертегінің бір әлеміндей болып бейбіт өмір сүріп жатқан Катардың астанасы Доха қаласындағы ғимараттарға ХАМАС-тың орталығы деген сылтаумен Израиль ракетамен оқ атқылып, әлемді дүр сілкіндірді. Таяу Шығыста орналасқан атыс пен шабыстан, қоқан-лоқыдан аулақ, бейбітшілік бітімгершілікті қалаған егеменді ел Катар мемлекетіне жасалған шабуыл араб елдерінің ғана емес, БҰҰ-ның наразылығын туғызды.
Катар мемлекеті ұзақ уақыттан бері халқы оқ пен оттың астында қалып, зардап шегіп жатқан Палестинаның Израильмен бейбіт бітімге келуіне өзіндік үлес қоспақшы болған елдердің бірі болатын. Алайда Израильдің мына бір шектен шыққан әскери әрекеті жуық маңда Таяу Шығыста бейбіт өмірдің нышаны да сезілмейтінін білдіреді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар астанасы Дохада Израиль билігі жасаған әскери акцияны айыптады. Президенттің сөзінше, бұл Катар мемлекетінің егемендік құқығын бұзады және халықаралық құқық қағидаттарына қайшы келеді.
Катар – Таяу Шығыста орналасқан шағын мемлекет, ол өзінің экономикасымен, мәдениетімен және спорттық іс-шараларымен танымал. Бұл ел араб әлемінде жоғары өмір сүру деңгейі мен қауіпсіздікпен ерекшеленеді. Катардың табиғи ресурстары, әсіресе мұнай мен газ, оны әлемдегі ең бай елдердің біріне айналдырды. Астанасы Доха заманауи архитектурасымен, мәдениет орындарымен келушілерді қызықтырады.
Мені қатты алаңдатқан бұл жағдайдың себебі биылғы жылдың тамызында дәм-тұз тартып Таяу Шығыстың сол Катар мемлекетіне барып демалып қайтқан едім. Туристерді небәрі екі-ақ жыл бұрын ғана қабылдай бастаған Катар елі туралы бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, осы уақытқа шейін шекараларын берік ұстап, ешбір саяхаттаушыларды өздерінің елдерімен, жерлерімен таныстыруға асықпапты.
Табиғи газ бен мұнайға бай елдің астанасы Доха қаласы өте әсем, көрікті, аспанмен таласқан зәулім ғимараттары, сарайлары бар. Оқтай түзу көшелері көзге ерекше көрінетін архитектуралық сәулетті келбетімен, кең айдынды көк теңізімен біздің көңілімізді аударды. Өздерінің жер байлықтарын өздері пайдаланып жатқан Катар елінің дәулеті күннен-күнге ұлғаймаса азайған жоқ. Барлық газ бен мұнайдың табысын жергілікті халық қызығын көріп отыр екен.
Алғашқы сәттен бастап:
– Бүгін Катар мемлекетіндегі ауа райының ластануы 1 пайыз, ауа ыстығы 39 градус, бірақ 45 сияқты сезіледі, – деген хабарды әуежайда естіп таңғалдық. Шынында ыстық леп соғып тұрса да, көңіліміз көтеріліп, тынысымыз кеңіп, бойымызды бір жеңілдік биледі. Туған елдегі ауаның ластануы қандай жоғарғы екенін білгендіктен, Катардың ауасымен кең тыныстап, бір жасап қалған сияқтымыз. Оңтүстігінде Сауд Арабиясымен, солтүстігінде Парсы шығанағымен, теңіз арқылы Бахрейнмен шекараласатын бұл елдің ерекшелігі бірден байқалды.
Әсіресе мені алғаш-қы күннен таңғалдырғаны теңіздің тұзды суына шомылып жүріп, бір сағаттың ішінде бұлғаған қолымызды көретін биіктікте аспанмен ұшып әуежайына беттеген 40 ұшақты өзім санап, шығарып салдым. Олардың күнмен шағылысқан ақ қанатында Катар деген жазу мен туларының суреті салынған. Осыдан-ақ экономикасы қатты дамыған, ешкімге тәуелсіз мемлекет екенін байқауға болады.
Небәрі 350 мыңдай ғана жергілікті халқы бар бұл араб елінде 2,5 миллиондай сырттан еңбек етуге келген мигранттар тұрады екен. Олар негізінен Пәкстан, Индия, Иран, Түркия және тағы басқа елдерден келген көрінеді. Шағын ғана аралда орналасқан Катар мемлекетінің халқының 65,2 пайызы ислам дінін ұстайтындар. Біз орналасқан қонақүйлердің бөлмесінде жайнамаз бен Құран кітап жатқанын көріп, қатты риза болдым.
Яғни Қазақстаннан келген туристердің ислам дінін құрметтейтінін олар біледі екен. Және бұл елде қоғамдық тәртіпті бұзушылық, ұрлық, қарлық, зорлық, зомбылық деген мүлде болмайтын көрінеді. Ішімдік пен темекі бұл елде сатылмайды екен.
Катардың күнбе-күн, жылдан-жылға өсіп-өркендеп қанат жайып келе жатқанын көзімізбен көрдік. Жаңа ғимараттардың құрылысын салу күні-түні бір тоқтамады. Түнгі жұлдыздай жарқыраған қаланың оттары моншақтай тізіліп бір ертегілер еліне тап болғандай болдық. Тіпті қабырғасы алтынмен көмкерілген мешітте, Доха қаласының көшелеріндегі күні-түні ыстық ауаны суытып тұратын ауареттегіштер ешбір елде жоқ шығар.
Осы жылдардың ішінде елдің астанасы Доха қаласының келбеті жақсарып, өзгерген. Халқының жартысы мекендеген қалада өте ірі мәдени орталықтары, білім мекемелері, көпқабатты тұрғын үйлер, архитектуралық келбеті бір-бірін қайталамайтын, қарасаң, көз жетпейтін 50 қабаттан астам биік ғимараттар және жер шарының кез келген аймағымен осы жерде отырып бизнеспен емін-еркін айналыса алатын офистері орналасқан.
Бір қызығы, бұл қалада көлік кептелісі деген мүлде болмайды екен. Оған барлық жағдай жасалған. Сан тарапты бір бағытта емін-еркін төрт көлік жүре алатын оқтай түзу көше жолдары себеп болса керек.
Негізінен, бұл елде мемлекеттік қызметке азаматтығы бар жергілікті халық қана қабылданады екен. Талапты ұл-қыздарының шетелде білім алуына жағдай жасап, одан кейін еліне оралып қызметке орналасуын мемлекет тікелей өз бақылауына алған. Осыған қарағанда, жұмыссыздық деген мәселе мұнда жоқтың қасы екенін білдік. Бір сөзбен айтсақ, білім алу мен денсаулық қызметі тегін көрсетіледі.
Иә, біздің Қазақстанды да ешкім кедей ел деп айта алмайды. Бізде де бәрі бар, газ да, мұнай да, көмір де, темір де, тіпті Менделеевтің таблицасындағы барлық элементтер жердің қойнауынан табылды деген де мәлімет бар. Ал, бірақ осы ел мен жердің байлығының қызығын халық көріп жатыр деуге аузың бара ма? Екі күннің бірінде кезінде мемлекеттің тізгінін ұстаған «мықтылар» мен сол маңды жағалаған «пысықтардың» біздің елден нәпақа тауып жинап алған миллиардтаған байлықтарын ғаламтордан оқып, қынжылмасқа шараң жоқ. Еліміздің байлығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Оған кінәлі халық кезінде сенім артып, пір тұтқан адамның да аты-жөнін айтпай-ақ қояйын.
Қазақ елінің тарихында мәңгі жазылып қалған елеулі тұлға Дінмұхамед Қонаевтың сонау қиын-қыстау тоқсаныншы жылдары «Қазағым, қорықпаңдар, біздің қасиетті жерімізде өздеріңнің алаңсыз өмірлеріңді қамтамасыз ететін үш ғасырға жететін қазба байлықтар жатыр» деген екен. Бұл сөздің ақиқатқа жақын екеніне ешбір күмән келтірмеймін. Алайда осы байлықтарды бір ғасырға да жеткізбей су қылып ағызып жіберіп жатқандар арамызда алшаң басып жүр. Ертеңгі келер ұрпаққа не қалады? Оны ешкім ойлап, қайғырып жүрген жоқ. Осы жағдай қабырғаға аяздай батады.
Сол күндердің бірінде Катар мемлекеті Палестинадан босып келген босқыншыларға қайырымдылық жасап, қонақасы бергенін көрдік. Сол біз қоныстанған қонақүйдің мәзірханасында ішінде шал-кемпірі бар, шұбырған бала-шағасын ерткен әйелдер бар, жүзден астам адамға дастарқан жайылды.
Оларға жанымыз ашыды. Айлар бойы төбелерінен төгілген ажал оғы мен оттың астында жүріп, үйлері қирап, өртенген соң, амалсыз бас сауғалап атамекендерінен тұра қашқан жүдеу халықты көру, (ондайдың бетін ары қылсын!) жүрекке салмақ түсірді.
Сонау екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қиын-қыстау жылдары табандарын тас тіліп, жаяу-жалпы азып-тозып келіп жерін паналаған ұлттың енді келіп Палестина халқына жасап жатқан әлімжеттіктері ешбір адам ұғымының шеңберіне сыймайды. Біздің данышпан Абай атамыз:
– Күшік асырап ит еттім,
Ол балтырымды қанатты.
Біреуге мылтық үйреттім,
Ол мерген болды, мені атты, – деген өлеңінің өміршеңдігіне таңғаласың. Қайран бабам, не дейміз? Қолда шарамыз жоқ болған соң, мұндайда «Жаратқан жазасын берсін!» дегеннен басқа айтарымыз жоқ...