Ислам Әбішев: «Бұл – экономикалық диверсия, Отанға опасыздық жасау» деген сөзім мен көзқарасым үшін абақтыға қамады

Ислам Әбішев:  «Бұл – экономикалық  диверсия, Отанға  опасыздық жасау»  деген сөзім мен көзқарасым үшін абақтыға қамады

Оңтүстіктің дара тұлғаларының бірі, мемлекет қайраткері Ислам Әбішевпен сыр-сұхбат.

 

Оңтүстіктің мақтанышына лайық, дара тұлғалардың қатарына Ислам Әлмаханұлын да қосуымыздың жөні бар. Біріншіден, ол осы өңірде туып-өсті. Қаймағы бұзылмаған қазақы ортаның тәрбиесін алды, асыл қасиеттерін бойына сіңірді. Екіншіден, ат жалын тартып, азамат атанғалы мемлекеттік жауапты қызметтерде жүрді. Кеңес заманында республикадағы ең таңдаулы жоғары оқу орындардың бірі – Қазақ политехникалық институтында алған білімін ел мүддесіне жарата білді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Шардара аудандық электр желілері кәсіпорны директорының орынбасары болып, кейін заман ағымы, уақыт талабына сай өндірісті қайта құруға белсене қатысты. Нәтижесінде «Тұран», «Батсу-энергосбыт» тәрізді компаниялар дүниеге келді. Исекең бұл компанияларды одан әрі жетілдіріп, «Батсу корпорациясы» қауымдастығын құрды, өзі оның президенті қызметін атқарды. Ол кәсіпкерлік жұмыстың тар аясында қалып қойған жоқ. Тынбай ізденуі мен Тәңірдің сыйлаған ұйымдастырушылық қарым-қабілетінің арқасында өзіне ұсынылған жауапты қызметтерді абыроймен атқара білді. Тәуелсіздіктің тауқыметі көп ең бір сындарлы шағында Ордабасы ауданының әкімі, облыс әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары болып, елді экономикалық қиыншылықтардан алып шығудың жолын қарастырды. Ауылдарды су басқан табиғи апаттар кезінде қарапайым халықпен бірге етігімен су кешіп жүргенін талай көргенбіз. Кейін  Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласына әкім болып тағайындалды. Екі мәрте ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің су ресурстары Комитетінің төрағасы болып бекітілді. Осы мерзімде ел мүддесі жолындағы адал қызметі үшін «Құрмет», «Парасат» және 2018 жылы ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен, бұдан басқа көптеген медальдармен, төсбелгілермен марапатталды.  Алайда өмірдің жолы тақтайдай тегіс емес қой. Небір бұралаң-бұрылыстарға толы, ойқы-шойқы тағдыр соқпағы да бар. Тасада тұрып тас ату да, аяқтан шалып, арандату да кездесіп жатады. Ислам Әлмаханұлының маңдайына да осындай соқпақ жазылған екен. 2019 жылдың 15 наурызында Исекеңді Су ресурстары Комитетінің төрағасы қызметінен босатады да, келесі күні тұтқынға алады. Содан тергеу ісі он бір айға созылып, 2020 жылдың 18 ақпанында Астана қаласындағы Байқоңыр аудандық сотының үкімімен 5 жылға бас бостандығынан айыруға шешім шығады. Оған Соколов су құбырларын қайта жөндеу жөніндегі келісім-шартқа қол қою кезінде бопсалау жолымен 60 млн теңге пара алмақшы болды деген айып тағылады. Яғни «пара алды» деп емес, «алмақшы болды» деп сотталады. Әрекеті үшін емес, күдікке ілінгені үшін жазаланады. Жаланың құрбаны болып бара жатқан Ислам Әбішевті қалың жұртшылық кеңінен қолдаған. Соның арқасында ол 2021 жылдың маусым айында шартты түрдегі бостандыққа шығарылды. Жуырда Шымкент қаласына келген дарабоз тұлға Ислам Әлмаханұлына жолығып сұхбаттасқанбыз. Бүгін сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

 

Адамды ешқашан кемсітпе, көңіліне тиме                                              

– Құрметті Исеке, ең алдымен, дәстүрлі сұрақ. Туған жер, өскен орта, азамат болып қалыптасуға әсер еткен жағдайлар туралы не айтасыз?

– Туған жер, өскен ел дегенде әңгіме былай ғой. Бұл – оңтүстік. Кез келген мемлекеттің оңтүстік жағындағы халқы солтүстік, шығыс жақтарға қарағанда тірлікке икемді, қызуқанды, жылдамдау болып келеді. Бұған бәлкім күннің жылылығы, географиялық орналасуы ықпал ететін болар. Ал, енді азамат болып қалыптасуыма ықпал еткен маңызды фактор – өскен ортамның қазақилығы деп білемін. Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет танытудан айнымадық. Кісіге қарап, сөз алмай, сөзіне қарап кісі алдық. Адалдық пен адамгершілікті, серт пен сенімді, бірсөзділікті ұлықтап өстік. Қазақы қасиеттердің бәрі де бізге ана сүтімен дарыған. Кішкентай кезімізден үлкен кісілердің әңгіме-аңыздарын, халық ертегілерін тыңдап, батырлар жырын жаттап өстік. Сол арқылы «елім, жерім» деген түсінік қалыптасты, оң-солымызды танып, ақ-қараны ажырата бастадық,  әрдайым ойланып сөйлеуді, әр істің артын сабырмен күтуді үйрендік. Ал теріскей өңірлерде орыстар басым ғой. Қашаннан кеудеге соғып, үстемдікке үйреніп қалған психология бар. Ойына келгенін істеп, аузына келгенін айтып салып, жүре береді. Сондай ортада өскен қазақтардың көп ретте қанына сіңген қасиеттерінен айрыла бастағанын байқайсың кейде. Өкініштісі сол. Мысалы, адамдармен қарым-қатынас жасағанда, айтар ойыңды түрлі жолмен жеткізуге болады. Қызметің жоғарылап, билік басында жүрсең де, айтарыңды зекіп, нұқып, көзге шұқымай-ақ, алдыңда тұрған адамды еш уақытта кемсітпей, көңіліне тимейтіндей етіп те жеткізуге болады. Ішкі қызметтік мәдениет дегенің сол. Жау табуға емес, дос табуды көздейтін қазақы менталитеттің күші осында. Жақсы-жаманды ажырата білетіндей адами қасиеттер қалыптастырған өскен ортама ризамын.

 

Ыстық палаумен жібіген шығыстықтардың пейілі

– Сіз Шығыс Қазақстанда, орыстардың  көп жерінде қызмет етіп қайттыңыз. Әңгімеңізден сол жаққа өкпесі бар ма екен дегендей де әсердемін. Оңтүстік пен солтүстікті, шығысты салыстыруыңыз неден туып отыр?

– Ондай ойым да, өкпем де жоқ. Әрі бұлай бөлу аса маңызды да емес. Тек айтпағым, кез келген мемлекеттің оңтүстік бөлігінде тұратын адамдар экономикаға да, тұрмыстық жағдайларға да белсендірек қатысады. Тірлік етуге икемді болып келеді. Факт солай. Оңтүстік Кореяны алыңыз, Италияның да, Францияның да оңтүстік жағы осындай. Жалпы айтқаным ғой. Кез келген халықтың әдемі қасиеттері бар. Олар да Алла-тағаланың жаратқан пенделер. Өскемен қаласына барып жұмыс істегенімізде, шынында да бірқатар таным-түсініктік өзгешеліктерді сезгеніміз рас. Дегенмен, оның бәрін ескеріп, ол жақтың да жақсы қасиеттеріне біздің оңтүстіктің парасат-пайымын үйлестіре отырып, қызмет етуге тура келді. Сөйтіп, Өскемен қаласын бір айы кем үш жыл басқарыппын. Сол өзара түсіністіктен болар, басқа қызметке ауысар кезімде Өскемен тұрғындары қимай қоштасып, жылап қалғандары да болды. Бұған бір мысал келтірейін. Қалада жер үйлер аз, дені – көп қабатты. Әр үйдің ауласын көркейтіп, көгалдандыру, әр подъездің ішіне күтім жасап, сырлап алу, таза ұстау жергілікті тұрғындардың белсенділігіне көп байланысты. Бұған бюджеттен арнайы қаржы бөліне де бермейді. Мұны алғашқы кезде халыққа тыңдата алмай қойдық. Не істеу керек? Содан әкімшілік қызметкерлерін шақырып алып: «Қане, ондай болса, нақты жұмысқа көшейік. Қаланы бірнеше аймаққа бөліп, әрқайсымыз жеке-жеке жауапкершілігімізге алайық. Тіпті өзара жарысқа да түсейік, кім халыққа қалай әсер етеді екен, байқайық», – дедім. Сөйтіп қаланың бір аймағын мен алдым, одан әрі бірінші және екінші орынбасарыма, аппарат басшысына, әр бөлімнің жетекшілеріне бөліп-бөліп бердім. Ойланатын сәт енді туды. Әкімшілікке шақырғанмен ешкім келе қоймайды. Сөйттім де, демалыс күні кешке таман жан-жағын көп қабатты зәулім үйлер қоршаған кең аулаға үлкен қазан қойдырып, палау бастырдым.

– Сіз қаланың қай жағын бекітіп алып едіңіз? Өскеменде мен де біраз жыл қызмет атқарған едім, жақсы білемін...

– «Стрелка» жағын.

– Е, Ертіске Үлбі өзенінің құяр сағасына орналасқан мөлтек аудан екен ғой.

– Иә. Содан үстел жасап, бауырсақтар қойып, дастархан жайдық. Бір шетте шайымыз қайнап, палауымыз да буы бұрқырап пісіп жатты... Төңірегіміз толы бала-шаға. Одан шешелері келді қастарына. Бір уақытта қарасақ, ауладағы тұрғындардың бәрі жиналды. Содан қазанның басында өзім тұрдым да, тез-тез қимылдап, тарелкелеріне палау салып, беріп тұрдым. Бәрі де палаудың дәмін татып көреді де: «Ой, қандай дәмді! Қалай керемет піскен! Әрі тегін таратып жатыр!» – деп таң қалады ғой. Келушілер шай ішіп, палау жеп, көңілдері жайланған соң мен: «Біздің Оңтүстікте шаруаның жайын әңгімелеспес бұрын шай ішіп, палау жеп, әлденіп алады. Содан соң іске кіріседі...» – деп бастадым сөзімді. Сөйтіп барлық жағдайды түсіндіріп айттым. Қала әкімшілігінің ауладағы аяқжолға асфальт төсеп, жиектасын ауыстыратынын, балалар үшін ойын ауласын, спорттық алаңшалар салуды жоспарлап отырғанын, ал, енді «полисадникті» күту, подъезді жөндеу, іші-сыртын сырлау жұмыстарын тұрғындардың өздері атқару керектігін түсіндірдім. «Осыған орай, подъездер арасында жарыс өткізейік, балкондағы гүлдер конкурсын ұйымдастырайық», – дедім. Бұл ұсынысты сол жердегі адамдардың бәрі қолдады. Көп ұзамай «Стрелка» мөлтек ауданының аулалары ерекше жайнап шыға келді. Міне, сол кездесуді ұйымдастыру нәтижесінде халықпен жақсы тіл табысып кеттік. Әрі қазақтарға қарағанда орыстар қоғамдық жұмыстарға белсенді ғой. Бір идея айттың ба, олар: «Болды, біз қолдаймыз!» деп шыға келетін болды. Небір ойын-сауықтар мен түрлі конкурстар ұйымдастырдық. Енді осындай жұмыстарды айтар болсам, үш-төрт күн бойы тоқтата алмайсыз...

 

«Аудан халқы үшін өз үйімді кепілге қойдым»

–  Жалпы Сіз Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары кезіңізде де тез шешім қабылдай алатын іскерлігіңізбен көзге түстіңіз. Сол кезеңдегі сүбелі  жұмыстарыңызды да бір шолып өтсеңіз.

– Ой, ол көп әңгіме ғой, оның бәрін қашан айтып тауыса аламыз?

– Мәселен, Сіздің баяғы су тасқыны кезінде үстіңізге кенеп плащ, аяғыңызға резеңке етік киіп алып, елмен бірге бел шеше қимылдап жүргеніңіз есімде...

– Ә-ә... Білесіз бе, мені осындай тез шешім қабылдауға үйреткен совхоз директорлығы болды. Мен 1982-1992 жылдар аралығында Шардара ауданының «Юбилейный» совхозында директор болып істедім ғой. Қалаға кіре беріс жерде, қырдың үстіне орналасқан көкөніс-сүт шаруашылығы болатын. Ол дегеніңіз өндіріс қой. Шардараның шіліңгір ыстығына егін шыдамайды. Екі күн су болмаса, бүкіл еңбегің далаға кетеді. Сондайда арық-атызды алдын ала тазартып, жөндеп қою, насос табу керек. Осындай ұсақ-түйек жұмыстары көп қой. Малдың да, малшының да қырық сан мұқтажы бар. Мұндайда кез келген мәселені сөзбұйдаға салып жүріп алмай, тез шешім қабылдау керек. Мен шаруа ісіне сол жерде әбден пісіп, шынығып шықтым-ау деп ойлаймын. Кейін бизнеспен айналыстым. Ондағы жетістігіңе де, сәтсіздігіңе де өзің жауаптысың. Осы 6 жылда да жаныңды салып жұмыс істемей табысқа жету мүмкін емесін жақсы ұқтым. Кейін мені Ордабасы ауданына әкім етіп тағайындады. Барсам, ана мәселені де, мына мәселені де шешу оңай емес екен. Бір бітпейтін шаруа. Жан-жаққа хат жазу, құжаттар дайындау, қағаз толтырумен-ақ уақытың өтеді. Содан орынбасарыма: «Саған тапсырылатын бір-ақ мәселе, іс қағаздарын туралаумен айналыс, ал мен шаруашылықтарға кеттім», – дейтінмін. Сөйтіп бір жыл 10 ай қызмет атқардым ауданда. Біреу сенер, біреу сенбес, сол мерзімде біз тарсылдатып, 10-15 жылдың жұмысын істеп тастадық қой. Әне, тез шешім қабылдап, қолға алған істі тез бітірудің пайдасы осындайда. Өйткені мәселе біреу-ақ. Біріншіден, қабылдаған шешіміңнің дұрыс екендігіне өзің сенімді болуың керек. Екіншіден, алқымыңды тый, жемқорлыққа салынба. Қалғаны – процедура, анау-мынау қағаз жұмыстары. Сөйтіп жоғары жақтың рұқсаты келем дегенше, біз мектепті де салып қоятынбыз, ауруханаға қосымша құрылыс жұмыстарын да жүргізетінбіз, көшелерді де жөндеп тастайтынбыз. Әрине, бұл үшін жазаға тартылып, айыппұл төлеген кездеріміз де бар. Төледік, оның есесіне ойға алған құрылысымыз уақытылы бітіп қалды. Егер мұны уақытылы істемесем, бір жыл оның жобалау сметалық құжаттарын дайындаумен, содан соң бір жыл конкурс өткізумен жүрер едік. «Өйтем, бүйтем» деп жүргеніңде ол құрылыс ұмытылып қала берер еді... 

Әсіресе, мақта мәселесі қиын еді. Диқан байғұс мақта зауыттарына мақтасын арзанға өткізіп, жанар-жағармайды, техниканың қосалқы бөлшектерін қымбатқа сатып алып, әбден пұшаймен күй кешетін. Кредит алуға жағдайы жоқ. Содан өзім «Казкоммерцбанкке» барып, Ордабасы ауданына бір миллиард теңгеден астам кредит шығарттым. Ол кезде 1 млрд көп ақша ғой. Сонда бүкіл Қазақстанда біз бірінші болып аудандағы шағын және орта кәсіпкерлердің бизнес жобаларын қолдау үшін, яғни ауылшаруашылығы тауар өндірушілерін қаржыландыру үшін несие бөлуге қол жеткіздім. Кепілге суармалы жерін қойғызып, әр гектарға 45-50 мың теңгеден қарыз беретін бірыңғай ереже жасап бекіттік. Ешкім ары-бері жүгіріп әуре болмайды, тікелей ауыл әкімшілігі арқылы жұмыс істейді. Сөйтіп, бәрімен келісіп, бұл мәселе соңғы рет кредиттік комиссияның мәжілісінде талқыланды. Комиссия төрағасы марқұм Дәулет Сембаев, Нұржан Суханбердин тәрізді белгілі қаржыгерлер маған «моральный залог» қоямыз, деді. «Ол не?» десем, «Бізден кредит алу үшін Сіз өз үйіңізді кепілге қояр ма едіңіз?» – деп сұрады. Мен: «Әңгіме жоқ, келісемін», – дедім. Сөйтіп бір апта уақыт берді. Өйткені, мен «мақұл» дегенмен үйді кепілге қою үшін әйелімнен, балаларымнан рұқсат алуым керек екен. Ақыры бәрін реттеп, үйді кепілге қойдық. Сонымен не керек, 1 млрд теңгені кредитке алдық. Егер мен ауылшаруашылығы өндірісін түсінбесем, оған жаным ашып кіріспесем, бұл мәселе шешілер ме еді? Өйткен бұл өте үлкен тәуекелге бел байлау болатын. Маған дейін де, менен кейін де, қазір де ешкім өзінің жекеменшік дүниесін аудан тұрғындары үшін кепілге қойған емес, қоймайды да. Ал мен қойдым. Менің стандартқа сай келе бермейтін іс-әрекетімнің мәні осында еді. Сөйтіп, біз ауданда шағын кәсіпкерлікті дамытуға осылайша нақты көмектестік. Диқандарымызға 2001 жылдың көктемінде иелігінде он гектар жері болса, 450 мың теңге несие берілді, оған тиісті тұқымды, жанар-жағармайды өз бағасына сатып алды. Кейін қоңыр күзде мақтасын да арзандатпай нақты бағаға сатты. Одан түскен пайдамен несиесін желтоқсан айына дейін түгелдей өтеп шықты. Сөйтіп «Казкоммерцбанк» басшылары осы жұмыстарды сәтті ұйымдастырғаным үшін маған екі мың доллар премия жазып берді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары болып тұрғанда шағын кәсіпкерлікті қолдаудың осы әдісін тағы қолданып көргім келген, бірақ сәті түспеді, қиындау болды.

 – Әсерлі әңгімеңіз үшін рахмет!

 

Сұхбаттасқан – Суханберді ОРАЗАЛЫҰЛЫ (жалғасы бар)
14.04.2022

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫНДА КҮЗГІ КӨШЕТ ЕГУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 128
ТҮРКІСТАН: Р.СЕЙТМЕТОВ АТЫНДАҒЫ ТЕАТРДА БИЫЛ 130-ҒА ЖУЫҚ ҚОЙЫЛЫМ ҚОЙЫЛҒАН
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 03.12.2024 15
МӘСКЕУДЕН ТҮРКІСТАНҒА НҰРТАС ОҢДАСЫНОВТЫҢ ШАПАНЫ МЕН КІТАПТАРЫ ӘКЕЛІНДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 58
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ КӨРСЕТУДЕН НЕГІЗСІЗ БАС ТАРТУҒА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 03.12.2024 56
ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯНЫҢ ТҮРКИЯҒА ІССАПАРЫ БАРЫСЫНДА 9 МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 41
Батыс Қазақстан: Тарихи мекенге сапар
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Орал-Хан ордасы-Орал - 30.11.2024 460
Ауылшаруашылығын өркендеткен ауқымды істер
Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы - 29.11.2024 428
Сыр өңіріндегі өрісті істер
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2024 452
Тал түсте Шығысты қараңғылық бастырған «бір сағаттық белдеуге қарсымыз» дейді халық
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, экспедицияның мүшесі, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 28.11.2024 444
МӘСЛИХАТ МЕРЕЙТОЙЫ – ЖАҢАРУДЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ
С. КӘРІПБАЕВ, Абай облысы - 28.11.2024 442
 Павлодарда бірнеше зауыт салу жоспарлануда
Тілеуберді САХАБА, Павлодар облысы - 28.11.2024 459
 Қала бюджеті артып отыр
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 28.11.2024 448
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 642

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9685
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9064
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12298
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 10069
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11278