Рамазан айында Солтүстік Қазақстан облысында ислам мәдениетінің мұражайы ашылды. Бұл өңір мұсылмандары үшін айтулы оқиға. Ашылу рәсіміне Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, СҚО әкімі Айдарбек Сапаров пен қоғам өкілдері қатысты.
Мұражайды ашу үшін XIX ғасырда салынған көне мешіт қайта қалпына келтірілді. Киров зауытының аумағындағы діни ғимарат жартылай бұзылған, тек қана мұнарасы сақталған болатын. Бюджеттен қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қалпына келтіру кезінде мешіттің бастапқы келбетін сақтауға баса мән берілді.
«Бұл тарихымызға тағзым жасап, рухани құндылықтарды дәріптеудің жарқын белгісі. Рухани орда дәстүрлі ислам тарихы мен мәдениетін насихаттауға елеулі үлес қосатын болады», – деп жазды облыс әкімі Айдарбек Сапаров әлеуметтік желідегі парақшасында.
Мұражайда келушілер исламның тарихы мен мәдениеті туралы ақпарат алып, қолжазбалар, бұйымдар және Құран кітаптарымен таныса алады.